18 Наурыз, 2019

Астанада алдағы екі айда экологиялық науқандар өтеді

920 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана – таза және қауіпсіз қала» акциясының аясында қаланы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру шаралары өткізілетін болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Астанада алдағы екі айда экологиялық науқандар өтеді

Қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбектің айтуына қарағанда, қазіргі таңда елордадағы тіршілікті қамтамасыз етуші нысандардың барлығы штаттық режимде жұмыс істеуде.

Ол 16 наурызда «АстанаМолпродукт» ЖШС-нің әкімшілік ғимаратында орын алған жарылыс пен нысан төбесінің құлауының себептерін анықтау мақсатында арнайы тергеу комиссиясының жұмыс істеп жатқандығын айтып, аталмыш топтың жұмыс барысы туралы баяндады.

Төтенше жағдай орын алғандықтан, ол қала әкімі Бақыт Сұлтановтан қолданыстағы заңнамаға сәйкес бақылаушы органдарға Астана кәсіпорындарында газ қондырғыларын пайдалануды тексеру шараларын жүргізуге қатысты тапсырма беруін сұрады.

Сонымен қатар, Астана әкімінің орынбасары алдағы екі айда экологиялық науқандарды өткізуді ұсынды.

«26 наурыз бен 26 мамыр аралығында қаланы санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Астана – таза және қауіпсіз қала» жалпы қалалық акциясын жариялауды, экологиялық шара аясында 20 сәуір мен 11 мамыр аралығында жалпы қалалық сенбіліктерді өткізуді ұсынамын», – деді ол.

Арман Тұрлыбек атап өткендей, акция аясында аудан әкімдері қоқысты тазалау, гүлзарлар мен көгалдарды ретке келтіру, шағын сәулет формалары мен қоршауларды жөндеу және сырлау, аудандар аумақтарын көгалдандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Сондай-ақ, ол қала тұрғындарының барлық аулалар мен алаңдарды тазарту жұмыстарына тарту қажеттігін алға тартты. Экологиялық науқан аясында жолдарды жөндеу, жол белгілерін жаңарту, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен жер асты өткелдерін жуу шаралары жүргізіледі деп жоспарлануда.

Шағын және орта бизнес нысандары да абаттандыру шараларына атсалыспақ.