18 Наурыз, 2019

Астана әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың жаңа 13 шарасын ұсынды

914 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік пакетте көпбалалы аналар үшін тіс дәрігерінің тегін қызметі, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін ыстық тамақпен қамту, оларға қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігін ұсыну бар, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана әкімдігі халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдаудың жаңа 13 шарасын ұсынды

Бүгін «Нұр Отан» партиясының елордалық филиалы кеңсесінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшідинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ Астана әкімі Бақыт Сұлтанов көпбалалы аналармен, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан аналармен кездесті.

Астана әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы азаматтардың әл-ауқатын жақсарту шараларын күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар бергендігін еске салды.

Халықты әлеуметтік қызметтер мен шаралардың бірыңғай пакетіне мыналар кіреді:

  1. Аз қамтылған 2 мың отбасы үшін коммуналдық қызметтерін төлеуге берілетін төлемақы 18% артты. (34 млн. теңге).
  2. 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды күтушілерге қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі беріледі (1,3 млрд. теңге).
  3. Үйде білім алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек 25 мың теңгеге дейін (6,5 АЕК-тен 10 АЕК) ұлғайтылды (23 млн. теңге).
  4. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында тегін техникалық және кәсіби білім беру орындарында тегін оқыту (2986 адамға 1,5 млрд. теңге бөлінді).
  5. Бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертифакатын беру үшін 2 млрд. теңге қарастырылды.
  6. Көп балалы отбасыларының балаларына, оның ішінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне қоғамдық көлікте тегін жүрі мүмкіндігі беріледі. (36 мың адамға 208 млн. теңге).
  7. 1-11 сыныптарда оқитын көпбалалы отбасылардың балалары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады.
  8. Осы санаттағы 32 мың балаға 971 млн. теңге бөлінеді; Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары мен жетім балалар үшін арнайы сауықтыру демалысы ұйымдастырылады (10 мың балаға 500 млн. теңге бөлінеді);
  9. Осы санаттағы отбасы балалары мектеп формасымен және қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз етіледі (32 мың балаға 638 млн. теңге бөлінеді);
  10. Көпбалалы және аз қамтылған отбасы балалары, сондай-ақ, мүгедек балалар балабақшада тегін білім алуына қолдау көрсетіледі (3,8 мың баланы ыстық тамақпен қамту үшін 513 млн. теңге бөлінеді);
  11. Көпбалалы отбасыдан шыққан 180 балаға елорданың жоғары оқу орындарында тегін білім алуына арнайы гранттар беріледі (25 млн. теңге, жылына 500 мың теңге);
  12. Көпбалалы аналарға тіс дәрігерінің қызметі (санация, протездеу) тегін ұсынылатын болады. Бұл көмекпен 10 мың адам қамтылып, 404 млн. теңге бөлінеді;
  13. Көпбалалы отбасылар қатты отын алу үшін әлеуметтік көмек алушылар санатына қосылады (1000 отбасына 26,3 млн. теңге бөлінеді).