19 Наурыз, 2019

Қазақтың қара есептері (Наурыз мерекесі қарсаңында мәреге жетті)

1074 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақтың қара есептері (Наурыз мерекесі қарсаңында мәреге жетті)

Алыптар туралы ертегі 

Ертеде ағайынды үш жі­гіт болыпты. Орталарында жал­ғыз өгізі бар екен. Өгіздің алып­тығы сондай, үш аға­йын­дының үлкені оның басын, ортаншысы белін, кішісі артын күзетеді екен. Бұлардың аралары, яғни ағайындылардың бір-бірінен арақашықтығы түстік жер. Бір күні өгізі шөлдеген соң үш жігіт оны о шеті мен бұ шетіне көз жетпейтін айдын көлге суаруға алып барады. Шөлдеген өгіз көлдің суын тауысуға тақаған тұста, айдынның түпсіз тереңінде шөгіп жатқан алып жайын ашуланып, өгізді жұтып жіберіпті. Сол мезетте алапат дауыл тұрып, аспандай ұшып жеткен қарақұс көлдің таба­нында қайраңдап қалған балықты іліп алып, шырқау көкке көтеріліп жоқ болады...

Екінші бір жерде қойшы жігіт биік таудың бөктерінде қойын жайып жүрсе керек. Содан нөсер жаңбыр құйып кетіп, сасқалақтаған шопан қой бастар үлкен серкенің бауы­рына тығылады. Жоға­рыдағы алып қарақұс аузына тістеген балықты жәукемдеу үшін өте биік шыңның ұшар басына барып қонып, балықты ішіндегі өгізімен қоса боршалайды. Құс қонған биік тау қойшы тығылған серке мүйізінің ұшы екен. 

Содан әлгі серкенің бауырына тығылған жігіт «аспан ашылды ма екен» деп, көкке қарай бергенде көзіне ұсақ қиқым түсіп кетіпті. Ол қиқым манағы алып өгіздің жауырыны екен. Қойшы көзін уқалап, «қиқымды» бір тамшы жаспен далаға шығарып тастайды. Қызық болғанда қойшының көзінен аққан тамшы жас үлкен көлге айналып, мұз болып қатып, оған әлгі серке жү­ре алмай тайып жығылып мер­тігіпті. Қойшы болса қалған қо­йын айдап өз жөніне кетеді. Осы оқиғадан кейін:

«Қойшы қойын келеді, 
тауға жайып,
Көк серкесі қалыпты 
мұзға тайып,
Көздің жасын бір тамшы 
ағызғанда,
Қу жауырын ақырда 
болды ғайып» – дейтін өлең қалған деседі.

Содан жаз болып, шілденің ыс­тығы көтерілген заматта, қырық тоғанағы бар керуен жолға шығады. Олар ыс­­­тық­та жүре алмай түнгі сал­қын­­мен жүріп отырады. Ке­нет тап-тақыр жазық жерде үл­кен тау пайда болып, бұ­ған таңданған 40 керуенші түйе­лерін шөгеріп, таңның атуын күтеді. Таң рауандаған тұста қатты жер сілкініп, барлығы ұйқысынан шошып оянады. Қараса, олардың тау деп тоқ­тағаны ана қойшының көзінен ағып түскен өгіздің жауырыны екен де, оның басын түлкінің күшігі дірілдетіп кеміріп жатыр. Оны керуеншілер жер сіл­кінді деп ойлаған.

Содан барлығы қаптап жү­ріп түлкіні соғып алады. Оның үстіне қараған бөлігінің терісін сыпырғанда, әр адамға бір ішік, бір тымақ үлес тиеді. Терінің астыңғы бөлігін алуға әрекет еткенімен барлығы жабылып, түлкіні аудара алмай, ақыры қояды. Бұлар осылай әлектеніп жатқанда, қолында көтерген жас баласы бар бір әйел келіп, өлген түл­кіні бір саусағымен аударады да, жарты терісін сыпы­рып алып, баласының басына өл­шеп көрсе, ол жарты ше­ке­­сіне де жетпейді. Әйел айтады:

– Сіздер алған терілеріңіз­ді маған беріңіздер, мен балама тымақ тігіп берейін. Ертең ол қырқынан шығуы тиіс еді, соның тойы, барлығыңыз үйге жүріңіздер, – дейді. Бұл әйел манағы қойшының қатыны екен.

Сұрақ: Осы алыптардың қайсысы үлкен? 

Бұл ертегі-жұмбақ ғұлама ғалым Ағжан Машанидың (Машанов) 1970 жылы жарық көрген «Әл-Фараби» атты ең­бегінен алынып отыр. Ға­лым атамыз аталмыш жұм­бақ­тың жауабын Әбу На­сыр әл-Фараби бабамыз өзі шешкен депті. Яғни, осын­дағы алыптар – өгіз, жа­йын (балық), қарақұс, сер­ке, Шопан ата, түлкі, әйел. Бұлард­ың бәрі ежелгі жұл­дыз аттары. Нақтырақ айт­қанда, алып жұлдыздар. Өгіз­дің ашығып шөлдеуі – су азайған қыстың басы. Өгіз­ді құстың көкке көтеріп әкетуі – қыстың ортасы, яғни Үр­кердің көтерілуі. Өгіз, серке, самұрық үшеуінің бір жерге түйісуі – жылдың тоғыс амалы, нақтырақ айтқанда Наурыз. Өгіздің жерге түскен жауырыны – Үркердің жерге құлауы. Яғни, үркер-жауы­рын 40 жолаушының астына төселуі, үркер көктен көрін­бейтін 40 күн шілде. Шілдеден кейін шөп шабу, егін орағы сияқты қарбалас басталады. Бұл қарабалас – түлкі терісінің сыпырылуы екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»