Спорт • 19 Наурыз, 2019

«Барыс» «Авангардтан» ойсырай ұтылды

818 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шайбалы хоккейден Гагарин кубогы жолындағы жарыстың үшінші ширек финалдық сайысын Омбыда жергілікті «Авангардқа» қарсы өткізген «Барыс» ойсырай ұтылды.

«Барыс» «Авангардтан» ойсырай ұтылды

Бұл кездесудің бірінші кезеңде ғана біздің жігіттер біраз тіресті. Десек те 14 минутта Андрей Стась «Авангардты» алға шығарды. Үзілістен шыққан бетте Сергей Шумаков екінші шайбаны қақпаға енгізді.

Содан кейін-ақ ойынның мәні де, сәні де кетті. Қос команданың ойыншылары бір-біріне жұдырықтарын ала жүгірді. Негізгі айқас Павел Акользин мен Михаил Фисенко арасында өрбіді. Нәтижесінде алғашқысы төрт минутқа, екіншісі екі минутқа мұз айдынынан қуылды. Қалған уақытта да омбылықтардың басымдығы айқын аңғарылды. Сергей Широков (36 минут), Кирилл Семёнов (44 минут) және Коди Франсон (53 минут) бір-бір голдан соғып, есепте 5:0-ге жеткізді.

Осылайша, үш кездесудің қорытындысы бойынша «Авангард» 2:1 есебімен алға шықты. Енді олар ертең қайта күш сынасады. Бұл бәсеке де Омбыда өтеді.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»