Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде Студенттік парламент құрылды

1115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Педагогикалық білім ордасында Студенттік парламент құрылды. Студенттік парламент – барлық қоғамдық бірлестіктердің басын біріктіріп, жастарды әлеуметтік қолдауда, жастар арасында дұрыс моральдық-психологиялық орта қалыптастыруға, университет қабырғасындағы ұйымдастыру-басқару жұмыстарын дамытуға басшылық жасайтын болады. 

Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде Студенттік парламент құрылды

Жақында университетте Студенттік парламент төрағасын сайлау өтті. Сайлауға 3 кандидат іріктеліп түсті, олар студенттер арасында өз жобаларын насихаттап, екі апта үгіт жұмыстарын жүргізді.

Сайлау күні білім ордасы ғимаратының екінші қабатында үш секциялы кабиналар, бюллетень тастайтын жәшік орнатылып, сайлаушыларға бюллетень тарататын 5 ұйымдастыру алқасы тағайындалды. Дауыс беру таңертеңгі 08.00-ден түскі 13.00-ге дейін жалғасты.Дауыс беруге 800-дей студент қатысты.

Сайлау нәтижесі бойынша басым дауыс жинаған Психология және педагогика факультетінің 2 курс студенті Төлегенова Айзат Студенттік парламент төрайымы болып қабылданды.

«Биыл Елбасымыздың бастамасымен белгілінген Жастар жылы университет студенттерінің өміріне жаңа серпін, жұмыстарға жаңа бағыт беру мақсатында Студент парламенті ұйымын құрдық. Парламент алдына көптеген мақсаттар қойылған. Олардың қатарына жастар саясатын жүзеге асыру, студенттік ортаның ұстаздар мен университет басшылығымен тығыз байланыста болуын қамтамасыз ету, университет студенттері арасында ұжымдық мәдениетті қалыптастыру, студенттердің әлеуметтік өмірге белсене араласуына, саламатты өмір салтының жастар арасында маңызға ие болуына, студенттердің жастар ұйымына мүше болуына, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуына ықпал ету секілді көптеген мәселелер кіреді. Көптеген студенттер өздерінің құқығын да білмейді, олардың мүдделерін қорғау да парламент жұмысының бірі болады» дейді Студенттік парламент төрайымы Айзат.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай