Медицина • 19 Наурыз, 2019

Гаухар Алдамбергенова: Университеттің бәсекеге қабілеттілігі – басты барометр

1132 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бәсекелестік бар жерде білім сапасының жоғарылайтыны, сол арқылы білікті мамандардың еңбек нарығына келетіні қуантады. Бүгінде отандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігі – басты барометр дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гаухар Алдамбергенова.

Гаухар Алдамбергенова: Университеттің бәсекеге қабілеттілігі – басты барометр

Гаухар Төремұратқызы, ғасырға жуық уақыт бойы ұстаздардың бірнеше буынын дайындап шығарған іргелі университеттің жетекшісі ретінде, қазіргі кезде ең әуелі мұғалімге нені үйрету керек? Ал мұғалім оқушыларға нені үйрету қажет деп санайсыз?

– Қай заманда да мұғалім – ізгілік пен білімнің басты символы. Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесіне арналған орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы педагог даярлайтын жоғары оқу орындарына да, ұстаздар қауымына да зор міндеттер жүктеп отыр. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, «табысты болудың ең іргелі басты факторы білім екенін әрқайсысымыз терең түсінуіміз керек… Себебі  құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Заман өзгерген сайын мұғалімге қойылатын талап та күшейетіні белгілі. Бұрын мұғалімдерге қойылатын басты талап терең теориялық білім мен жақсы әдістемені игеру болатын болса, қазіргідей  жылдам ақпараттар ағыны заманында  мұғалімге теориялық біліммен қоса, озық технология, түрлі электрондық құралдар мен компьютерді жетік білу маңызды болып отыр. Сонымен қатар педагог мемлекеттік тіл, орыс тілімен қоса, ағылшын тілін терең меңгеру, білім менеджментінен де хабардар болуы қажет.

Екіншіден, мамандарды жас ұрпақтың рухани өсуі мен танымының кеңеюіне, қазақстандық патриотизмді дамытуға  қажетті барлық ақпаратты меңгерген шығармашыл тұлға ретінде даярлап шығуымыз  керек. Үшіншіден, заман өзгерсе де, өзгермейтін қағидат – тәрбие мәселесі. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» қағидасы әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіздіктердің түп тамыры тәрбиенің жетіспеуінен болып жатқанын аңғару қиын емес. Бұл мәселелер арнайы пәндермен қоса, түрлі клубтар мен үйірме жұмыстары, түрлі кештер мен эдвайзерлік сағаттар арқылы шешімін табады деп ойлаймын. Мысалы, күні кеше ғана университетімізде  өткен «Қыз Жібек» клубының онлайн форматтағы форумы өзіндік азаматтық ұстанымдары бар, жеке өмірде отбасылық міндеттерді алған білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін ұйым идеясын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. G-global платформасында өткен бұл шара республикамыздың өзге де жоғары оқу орындарында аталған мәселеге айрықша назар аударылып отырғандығын көрсетті.

Ал мұғалім оқушыларға пәндік білім берумен шектеле алмайды. Өйткені жаңартылған білім беру бағдарламасының басты қағидаты –  жалпыадамзаттық және этномәдени құндылықтарға негізделген, оқушыларға өмірдегі проблемаларды шешуіне мүмкіндік беретін білім беру, әр оқушының қабілетін ашып, оны тұлға ретінде қалыптастыру.  Мысалы, оқушы «Қазақ тілі» не «Орыс тілі» пәнінде бұрынғыдай ережелерді жаттап, оны мысалдан іздемейді. Керісінше өзінің күнделікті өміріне қатысты «Киім. Сән. Талғам», «Бос уақыт және хобби» сияқты түрлі  тақырыптар аясында әрі өзіне қажетті білім алады, грамматикалық формаларды осындай мәтіндердегі қолданысына қарап игереді.

Білім беру процесіндегі оқушы мен мұғалімнің рөлінде де айтарлықтай өзгерістер бар. Бүгінде «Мұғалім – үйретуші, оқушы – үйренуші» позициясынан «мұғалім – бағыттаушы, оқушы – «жаңалықты» іздеп табушы» рөліне ауысты. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде қажетке асыра білуі керек. Бұл мәселелер мұғалімге, жоғары оқу орындарына жаңаша білім беруді, жаңаша ізденуге  ұмтылуды талап етеді.

«Педагог мәртебесі» туралы заң әзірленіп жатыр. Сіздің ойыңызша қандай мәселелерді ескеру керек?

– «Педагог мәртебесі туралы» арнайы Заң қабылдау қажеттігі туралы Елбасы ұсынысын педагогтар қауымы зор қуанышпен қабылдады. Шынын айту керек, қазіргі қоғамда  ұстаздардың әлеуметтік жағ­дайы, мұғалім мен ата-ана арасындағы қарым-қаты­нас, қағазбастылық сияқты көптеген проблемалар қордаланып қалғаны жасырын емес. Педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орны ретінде біз де бұл мәселені талқылап, тиісті ұсыныстарымызды жібердік. Соладың бірқатарына тоқталар болсам, алдымен, жас педагогтарды қолдау мәселесі. Әрине, ұлттық біліктілік тестісін ұйымдастыру олардың жалақы мәселесінде бірқатар оң қадам жасауға септігін тигізеді. Бірақ олардың кәсіби тұрғыда шыңдалуы үшін  жас педагог-ғалымдарының диалог алаңын құру, аға буын тарапынан шеберлік мектептерін қалыптастыру, жаңа бастамаларына, мансаптық өсуіне қолдау көрсету, жас балалы аналарға жеңілдетілген жұмыс графигін қарастыру, сондай-ақ орта және аға буын педагогтардың да әлеуметтік мәселелерін, тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін арнайы банктердің жеңілдетілген несие бөлуі, зейнеткерлік жасы мен емдеу-сауықтыруға қатысты мәселелер де Заңнан көрініс табады деп сенеміз.

Сондай-ақ ұстаз мәртебесі деген мәселеде тек мектеп мұғалімдері ғана емес, білім берудің барлық буындары, атап айтсақ, мектепке дейінгі мекемелерден бастап, жоғары оқу орындарында қызмет ететін педагогтардың да құқықтық мәртебесі назардан тыс қалмауы тиіс. Бірқатар шетелдік мемлекеттерде, атап айтсақ,  Франция, АҚШ, Австрия, Бельгия, Италия, Порту­галия, Финляндия, Канада сияқты елдерде  мұғалімдер мемлекеттік қызметкер болып саналады. Шетел тәжірибесіне сүйеніп, мұғалімдерді мемлекеттік қызметкер санатына жатқызу мәселесі де қарастырылар деген үміттеміз.

«Жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қою керек. Егер түлектері жұмыс таппаса, онда оқу орны өзінің міндетін атқармай отыр деген сөз» деп Президенттің былтыр айтқаны бар. Сіздің университет сол міндетті қаншалықты дұрыс орындап келеді?

– Мемлекет басшысының отандық жоғары оқу орындары алдына өз түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде мәселе қоюы өте орынды деп ойлаймын. Бүгінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жоғары оқу орындарының алдына қойған талаптарына сәйкес және білім беру бағдарламаларының соңғы 5 жылда жыл сайын 30 пайызға жаңартылуына жұмыс берушінің тікелей қатысуы түлектердің жұмысқа орналасуына өз ықпалын тигізеді.

Яғни, жұмыс беруші нарықтағы сұранысқа байланысты нұсқаулықтар береді. Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында білім бағдарламалары дайындалғанда университетте құрамында жоғарғы оқу орны оқытушылары, Назарбаев зияткерлік мектебі, жалпы білім беру мекемелері мен жұмыс берушілер бар арнайы жұмыс тобы құрылады. Білім бағдарламалары еңбек нарығының сұранысы бойынша талқыланып, жасалады. Сәйкесінше, университет өз кезегінде жұмыс берушілердің сұранысын ескеріп маман дайындайды. Осылай түлектердің біліктілігі жетілдіріліп келеді.

Айта кетейін, бүгінде елімізде мектеп мұғалімдеріне деген сұраныс жоғары. Ал біздің университет педагог мамандарын дайындайтын болғандықтан түлектеріміз жұмыспен толықтай қамтылады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру мен мансап бөлімі түлектермен тығыз байланыс орнатқан. Бұл бөлімде түлектердің және еңбек нарығында сұраныс жасайтын білім мекемелерінің базасы қалыптасқан. Еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан мектептерден пән мұғалімдеріне сұраныс түскен жағдайда, университет түлектеріне бірден жаңа ақпарат беріліп, хабарландыру жіберіліп отырады. Университет бойынша 2018 жылғы түлектердің жұмысқа орналасуы 96 пайызды құрады.

Университеттерге академиялық дербестік берілді. Осылайша талапты күшейтті. Осыдан кейін оқу орындарының жұмысында оң өзгеріс бар деп санайсыз ба әлде қазіргі таңда қандайда бір нәтиже жайлы айту ертерек пе?

– Академиялық дербестік – арнайы өз саласы бойынша білім беру бағдарламаларына студенттердің, жұмыс берушінің сұраныстарын ескере отырып, халықаралық стандарттарға тез жақындасуына мүмкіндік береді. Бұл дегеніміз – Боллон жүйесі бойынша мамандықтарды қайта қарастыру, студенттер мен жас оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлық және тәжірибе алмасуының жеңілдеуі және университеттің нақты нарықтық талаптарға бейімделуі. Былайша айтқанда, бәсекелестіктің артуы. Мысалы, қазіргі жекеменшік университеттердің құрылымдық, әкімшілік, оқу үдерісі мейлінше батыстың жоғары оқу орындарының үдерісіне жақын. 

Университеттің академиялық дербестігі білім жүйесінде бәсекелестіктің жоғарылауына да өз әсерін береді. Бәсекелестік бар жерде білім сапасының жоғарылайтыны, сол арқылы білікті мамандардың еңбек нарығына келетіні қуантады.

Сіз басқарып отырған университетке былтыр «ұлттық» деген мәртебе берілді. «Ұлттық» деген ұғымға лайықты болудың қазақстандық өлшемі қандай деп ойлайсыз?

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – әлемдегі бірден-бір тек қыздар оқитын жоғары оқу орны. Екінші дүниежүзіліктің аумалы-төкпелі уақтысында – 1944 жылы ашылған білім ұясы 75 жылға жуық уақыт аралығында үздіксіз жоғары білікті мұғалім мамандарын даярлап келеді.  Халқымыздың қабырғалы қаламгері Мұхтар Әуезов: «Тәңір жазса, бұл институт болашақ қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі  сөнбесін дейік» деп айтқанындай, Қыздар университеті бүгінде расында да отандық жоғары білім берудің көшбасшысына айналып отыр. Бұл сөзімізге айқын дәлел – университетке «Ұлттық» мәртебесінің берілуі.

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 25 желтоқсандағы Жарлығымен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне «Ұлттық» мәртебесінің берілуі оқу орнының дамуына зор серпін береді және ұжым алдына зор жауапкершілік жүктейді. Бұл мәртебе – тарихы терең қарашаңырақтың әлемдік білім кеңістігіндегі беделінің артуына да септігін тигізбек.

Мемлекет басшысы университетімізге келген сапарында «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деп атап өтіп, оқу орны ұжымының алдына нақты міндеттер қойған болатын. Осы орайда тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған Қыздар университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. Сонымен қатар оқу үрдісінде ұлттық салт-дәстүріміз бен халқымыздың менталитетін пайдалану біздің университеттің басты ерекшелігі деп айтар едім.

Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Жандар АСАН