Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Шымкентте «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы іске қосылды

999 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкентте «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы іске қосылды. Кеңсе жұмысы кәсіпкерлерге жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына қатысу шарттарын түсіндіріп, өз жобаларын іске асыру барысында тап болатын кедергілерді шешуге көмектеседі.  Бұл туралы бүгін қала әкімдігінің ақпараттық коммуникация орталығында өткен брифингте айтылды.

Шымкентте «Қарапайым заттар экономикасы» жобалық алқасы іске қосылды

«Жобалық кеңсе бизнес жоспарды әзірлеу кезеңінен бастап, қаржыландыруға дейін қолдау көрсетеді. Әрі, жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізеді. Кәсіп көзін ашқан азаматтарға «қолма-қол» көмек береді»,   дейді қалалық  кәсіпкерлер палатаның директоры Нұрлан Қабыштаев.

Аталған жобалық алқаға қала әкімдігі мен кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары, екінші деңгейлі банк директорлары, «Даму», «ҚазАгро», Аграрлық несие корпорациясының өкілдері кіреді.

Естеріңізге салар болсақ, биыл Президент тапсырмасымен Қазақстан Үкіметі халық тұтынатын тауарларды, сондай-ақ шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін өндіруді қолдау үшін 600 млрд теңге бөлді. Осы тапсырма шеңберінде екінші деңгейлі банктерді ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікпен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама құрылды. Атап айтқанда, бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен қолдауға бағытталады.

Несиелеу шарттары бойынша қарыз беру мерзімі 9 жылды құрайды. Қарыз алушылар үшін сыйақының атаулы мөлшерлемесі  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберіндегі субсидиялау есебінен 8 пайызға тең.

Бағдарлама аясында дайын өнім өндірісіне ғана емес, сондай-ақ, қажетті шикізат және бастапқы өңдеу өнімдерін шығару (мәселен, қант қызылшасы; қант; кондитер өнімдері) сонымен қатар дайын өнімді өткізуге қолдау көрсетіледі.

Кешенді жұмыс жаңа өндірістерді құру, қолданыстағы кәсіпорындарды модернизациялауға мүмкіндік береді. Аталған ьағдарлама жұмысына еліміздегі екінші деңгейлі 8 банк қосылды.

Жалпы бағдарлама 2025 жылға дейін тауардың 365 түрі бойынша өндірісті 2,4 есеге ұлғайтуға, сонымен қатар, импорттың үлесін 37 пайызға қысқартуға мүмкіндік бермек.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент