Аймақтар • 20 Наурыз, 2019

Орал қаласының бас даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді

1524 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысынан кейін Орал қаласында Достық-Дружба көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Ұсынысты көше тұрғындары да, Орал қалалық мәслихаты мен Батыс Қазастан облыстық мәслихатының депутаттары да бірауыздан қолдады.

Орал қаласының бас даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді

Әуелі Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Орал қалалық мәслихатының нормативтік-құқықтық мәселелері және жұртшылықпен байланыс жөніндегі тұрақты комиссиясы мен қала тұрғындарының жиыны өтті. Қоғамдық тыңдау кезінде ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді сонау 90 жылдардың қиын кезеңінен алып шығып, достық пен бейбітшіліктің мекеніне айналдырғанын айтты.

– Бұл да бір тарихи кезең. Ертеңгі ғасыр – жастардікі. Еркіндіктің басында тұрған өз халқының Тұңғыш Президентін келер ұрпақ біліп жүруі тиіс. Әрі оның есімі басты көшеге берілуі – оң ұсыныс. Сондықтан қолдауға лайық, – деді ақын.

Жарыссөзге шыққан Батыс Қазақстан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетов, облыстық мәслихат депутаты Аветик Амирханян М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессор-оқытушылары құрамы атынан Тұрар Шайхиев жәнеп басқалары ұсынысты бірауыздан қолдап дауыс берді.

Бұдан кейін Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХ сессиясы өтіп, депутаттар 2019 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей эфирдегі ұсынысына және қала әкімдігінің ұсынысына сәйкес қаладағы Достық-Дружба даңғылын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімді қолдап, бірауыздан бекітті.

Іле-шала Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс ХIV сессиясы шақырылып, күн тәртібіне жалғыз мәселе – облыс орталығындағы бас көшенің атауын ауыстыру туралы мәселе қаралды.

Сессияда сөз алған өңір басшысы Алтай Көлгінов Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті қалыптастыру жолындағы еңбегін айта келіп, облыстық мәслихат депутаттарын ұсынысты қолдауға шақырды.

- Тұңғыш Президент тұсында ұлт тарихында тұңғыш рет жаңа президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, Қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, азаматтық қоғам институттары құрылды. Олардың бәрі тәуелсіз әрі мығым елдігіміздің негізің, - деді Алтай Көлгінов.

Сөз алған депутаттар, Әлеуметтік-мәдени даму және білім мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Серік Сүлеймен, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссия мүшесі Қатауолла Ашығалиев, қаржы және бюджет мәселелері бойынша тұрақты комиссия мүшесі Фарид Бахтиозин сөз сөйлеп, ұсынысты қолдады. Депутаттар ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Сессия соңынан Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов пен Батыс Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар Орал қаласындағы Достық-Дружба даңғылын Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы деп атау туралы шешімге қол қойды.

 

Орал қаласының ең орталық көшесі саналатын даңғылдың негізгі бөлігі 5,4 шақырымға созылып жатыр. Батыс Қазақстан облыстық және Орал қалалық әкімдік ғимараттары, Махамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театры, Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі т.б. көптеген ғимараттар, Абай Құнанбаев пен Сырым Датұлы, Құрманғазы мен ІІ Дүниежүзілік соғыс батырлары Дина, Мәншүк, Әлия және Хиуаз ескерткіштері осы даңғыл бойында орналасқан. Даңғылдың ХІХ ғасырдың архитектуралық ескерткіштері шоғырланған біраз бөлігі ашық аспан астындағы мұражай ретінде мемлекет қорғауына алынған. Жергілікті билік өткен жылдың соңында бұл даңғылдағы автокөлік қозғалысын шектеп, жаяу жүргіншілер көшесіне айналдырмақ ниетін жариялаған болатын.

Көшенің тарихына көз салсақ, Патшалы Ресей кезінде (ХІХ ғасырдың басынан бастап) бұл көше Үлкен Михаиловский аталған. Большевиктер өкіметі орнаған соң, 1919 жылы Совет көшесі аталды. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Өмірдің алтын кесесін, Тосқанмын айдың нұрына. Кезгенмін Совет көшесін, Кеудемді ашып құрбыма...» дейтін көше – дәл осы жер болатын. 1953-1956 жылдар аралығында көше Иосиф Сталин есімін иеленіп тұрыпты. Ал 1956 жылдан 2001 жылға дейін Ленин атында болды. 1960 жылдан даңғыл дәрежесін алған.

2001 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында Ленин даңғылы Достық-Дружба деген атауға үлкен қиындықпен өзгертілді. Отарлық кезді еске салатын сірескен советтік атаулардың ішінде алғаш өзгерген, сеңді бұзған да осы көше еді.

 Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан