Қазақстан • 21 Наурыз, 2019

Ел тағдырындағы тарихи сәт

1476 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 19 наурызында Ас­тана уақытымен сағат 19:00-де республикалық телеарналар ар­қы­лы мемлекетіміздің аса ма­ңыз­ды тарихи сәттеріне ғана тән Қазақстан халқына үндеуін жариялады. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату жө­нін­де шешім қабылдадым деген сәт­те, миллиондаған көрерменнің сіл­тідей тынғаны рас. 

Қазақстанның ата-бабаларымыз аңсап өткен тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап 30 жылға жуық еліміздің ішкі-сыртқы сая­сатында асқан көрегенділік, дана­лық танытып келген Елбасы бұл жолы да теңдессіз тарихи шешім қабылдады.

Ел тағдырындағы тарихи сәт

Ең бастысы биліктің жоғарғы са­ты­­сындағы ауқымды өзгеріс тіке­лей Конституцияға сәйкес жүзеге асы­­рылғандықтан, ың-шыңсыз, өтіп, сәр­сенбінің сәтінде Қазақстанның жаңа Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Парламент па­латаларының бірлескен отырысында ант қабылдау рәсіміне жалғасты. 

Қос палата – Сенат пен Мәжіліс­тің депутаттары, Үкімет мүшелері, шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен қоғам өкілдері және журналистер қатысқан бірлескен отырысты Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин ашып, зәулім зал­ға алдымен салтанатты жағдайда Қа­зақ­станның Мемлекеттік Туы мен Конс­титуциясы әкелінді. 

Мұнан соң бірлескен отырыс өтетін залға Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кірген сәтте көпшілік орындарынан тұрып, үздіксіз қол шапалақтарымен қо­шемет көрсетті. 

Тәуелсіз Қазақстанның екінші Пре­зиденті ретінде ант қабылдауға Қа­сым-Жомарт Тоқаев келген сәтте де Прези­дентке лайық құрмет көрсетілді. 

Отырыс тәртібі бойынша сөз алған Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми: «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев өзінің конс­титу­циялық құқығын және де тарихи мис­сиясын толықтай іске асырып, Қа­зақ­стан Республикасының Пре­зи­ден­ті өкілеттігін өз еркімен тоқ­татты. Мұндай жағдайда Қазақстан Рес­публи­касы Конституциясы 48-ба­бы­ның 1-тармағына сәйкес Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Президентінің өкі­леттігі қал­ған мерзімге Парламент Се­натының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаевқа көшеді. Қазақстан Рес­публикасы Конституциясының 42-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан халқына ант берген сәтінен бастап қызметіне кіріседі», деді. 

Негізгі конституциялық талап жет­­­кі­зілген соң, оң қолын Ата Заң­ға қой­­ған Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қа­зақ­­­стан халқына адал қызмет етуге, Қазақ­стан Республикасының Конс­ти­­ту­циясы мен заңдарын қатаң сақ­тау­ға, азаматтардың құқықтары мен бос­тан­дықтарына кепілдік беруге, Қа­зақ­стан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал ат­қаруға салтанатты түрде АНТ ете­мін», деді. 

Бұдан соң еліміздің көк байрағына ерін тигізіп, құрметін көрсетті. Бұл салтанатты рәсім еліміздің Әнұранының орындалуына ұласты. 

Аса қадірлі Елбасы! Құрметті Пар­ламент депутаттары, Үкімет мүшелері! Қымбатты отандастар! 19 наурызда, бүкіл әлем жұртшылығы аса маңызды та­рихи оқиғаға куә болды. Қазақ мем­лекеттілігінің негізін қалаған ұлы тұлға, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз еркімен Мемлекет басшы­сы өкілеттігін тоқтатты. Елбасының бұл маңызды шешімі оның жаһандық деңгейде және тарихи ауқымда танылған саяси қайраткер ретіндегі ұлылығын көрсетті. Бұл шешім мемлекетіміздің болашағына деген ең жоғарғы шынайы қамқорлықтан туындап отыр, деп бастады сөзін Қ.Тоқаев. 

«Біз барлық жетістіктерімізге, ең алдымен Қазақстан Республикасының қастерлі Тәуелсіздігіне Тұңғыш Пре­­­зи­­дентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің арқа­сында қол жеткіздік. Елбасы Кеңес Одағы күй­реген тұстағы аса күрделі геосая­си жағдайда жаңа мемлекеттің негізін қалап, оның көшін бастады. Көптеген теріс болжамға қарамастан, Нұрсұл­тан Әбішұлы елімізді барша әлемге мойындата білді. Дүние жүзі карта­сында даму мен демократияның, бей­бітшілік пен келісімнің шынайы символына айналған мемлекет пайда болды. Елбасымыз Қазақстан тарихында тұңғыш рет жаңа мемлекеттік институттарды қалыптастырды.

Олардың қатарында Президенттік институт, қос палаталы Парламент, мемлекеттік қызмет, қарулы күштер, дипломатиялық қызмет, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары бар, деді әрі қарай Мемлекет басшысы. 

Президент сөзін 1995 жылы Ата За­ңымыз қабылданды, деп жалғастырды. Конституцияға енгізілген мазмұнды өзгертулер бас құжатымызға, шын мә­нінде, демократиялық сипат берді. Ел­басының басшылығымен Қазақстанда экономиканы жаңғыртуға бағытталған реформалар жоспарлы түрде жүзеге асырылды.

Сонымен қатар мемлекеттің саяси жүйесінде елеулі өзгерістер болды.

Құрылымдық реформалар мемлекет дамуының басты қозғаушы кү­шіне айналды. Елбасының жанында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен адам ретінде нық сеніммен айтарым: Пре­зидент өзі­нің еңбек жолын биік мақсатқа – халқы­мыздың әл-ауқатын арттыруға арнаған бірден-бір тұлға болып саналады. 

Қ.Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қазірдің өзінде әлем та­рихына аса көрнекті реформатор ретінде енгеніне назар аударды. Ол Қазақ­станды әлемнің ең бәсекеге қа­білетті 50 елінің тобына енген заманауи, алдыңғы қатарлы мемлекетке трансформациялай алды. Оның эко­номикалық және саяси реформалары сарабдал мемлекеттік саясаттың символына айналды. Сондықтан шетелдік сарапшылар Елбасының реформаларына «Қазақстан жолы» немесе «Қазақстан моделі» деген атау берді. Елбасының реформалары Қазақстанды орнықты даму траекториясына шығарды. Қазақстан Республикасы барлық экономикалық көрсеткіштер бойынша Орталық Азия өңірінің көшбасшысына айналды, бұ­рынғы кеңестік кеңістікте алдыңғы орындарға жайғасты, деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлының сө­зін­ше, Қазақстан Ұлттық қорда ірі қар­жы ресурстарын шоғырландыра алды, бұл дағдарыстық жағдайларда әлеуметтік-экономикалық сипаттағы бірінші кезектегі міндеттерді шешуге мүмкіндік береді. Елбасы эко­номикаға инвестиция тартуды бағ­дарға алды. 

Соның арқасында Қазақстан Ор­талық Еуропаны қоса алғанда, бүкіл постсоциалистік кеңістікте жан басына шаққандағы тікелей шетелдік инвес­тиция көлемі бойынша көш бастады. Біздің елімізге 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция келді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нарықтық экономикасы бар қуатты мемлекет құру ісіне білек сыбана кірісті. Қиындыққа толы осы жолда ол теңдессіз табыстарға қол жеткізді.

Елбасының әр Жолдауында, әсіресе 2018 жылдың наурыз және қазан айларындағы Жолдауларында, сондай-ақ «Nur Otan» партиясының ХVIII съезінде сөйлеген сөзінде ел мүддесін көздеген шынайы жанашырлық көрініс тапты. Ел азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған бұл құжаттар басқа елдерде баламасы жоқ бірегей шараларды қамтиды.

Мемлекетіміз барлық халық­тар мен діни конфессиялар арасын­дағы үйлесімнің, келісімнің, толерант­тылықтың аумағына айналды. Тер­риториясы жөнінен әлемдегі тоғы­зыншы елдегі берік бейбітшілік, ұлттық бірлік халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы болып саналады. Тәуелсіздіктің арайлы ақ таңында-ақ бірегей институт – Қазақстан хал­қының Ассамблеясы құрылған болатын. Әлемдік діндердің, тілдердің, мәде­ниеттер мен дәстүрлердің тарихи син­тезінің арқасында Қазақстанда бейбіт­шілік пен келісім саяси мәдениетіміздің ажырамас бөлшегіне айналған қоғам қалыптасты. Елбасы жасаған бейбітшілік пен қоғамдық келісім моделі қоғамды үйлесімді дамытудың эталоны ретінде әлемдік тұрғыда мойындалды. 

Қазақстан халқының ортақ тарихи тағдыры, сондай-ақ Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табыстарымыз «Мәңгілік ел» тұжырымдамасында баян­далды, деп сабақтады сөзін Президент. Бұл құжатта баршаға ортақ мақсат, ортақ мүдде, халқымыздың кемел келешегі үйлесім тапқан. Елбасының ұсынысымен ұлт бірлігін нығайту жолында қуатты күшке айналған «Мәңгілік ел» патриоттық актісі қабылданды. Тәуелсіздік жылдарында ұлттық ұста­нымға адал, шынайы сүйіспеншілік рухында тәрбиеленген жас азаматтардың тұтас бір буыны қалыптасты. Бұған Елбасы жүзеге асырған жастар сая­сатының, мазмұны бірегей «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қы­ры» атты мақалаларының ықпалы болды. Елбасының қажырлы еңбегінің арқасында халқымыз төл тарихында тұңғыш рет өзін туған жердің заңды иесі сезінді, баршамыздың жүрегімізді Отан үшін мақтаныш сезімі кернеді.

Президент «Қазақстан-2050» Стра­те­­гиясы, «Нұрлы жол» Жаңа эко­но­микалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары елімізді жаңғыртуға, Қазақстанның экономикалық әлеуетін одан әрі ны­ғай­туға бағытталғанына тоқталып өтіп, мұның халықаралық арена­дағы тұрақ­сыздық пен дағ­дарыстар жағдайында аса маңызды болып отырғанын көл­денең тартты. Қа­зіргі Қазақстан – на­рықтық экономикасы қалыптасқан, демократиялық әрі зайырлы мемлекет. Елімізде жеке­меншік институты орнығып, орта тап­тың жағдайы жақсарды және кәсіпкерлік қарқынды дами түсті. Барлық өзек­ті әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелер уақтылы шешімін тауып келеді. Халықаралық нарықтардағы қар­жы-экономикалық дағдарыстарға қара­мастан, Қа­зақ­станда экономиканы рефор­малау мен жаңғырту үрдістері табысты жал­ғасуда. Индустриялық қуат нығайып келеді. Ғылыми әзірленімдер өндіріске енгізілуде, экономиканы және қоғамдық өмірді цифрландыру жүргізілуде.

Елімізде «Бизнестің жол картасы», «Агробизнес», «Жұмыспен қамту» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Кезекте стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау жұмысы тұр. Бұлар – «Нұрлы жол» бағдарламасы, Батыс Қытай – Батыс Еуропа, Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты. Қазақстан іс жүзінде жаһандық мәндегі көлік-логистикалық хабқа айналып келеді, бұл оның экономикалық әлеуетін айтарлықтай күшейтетін болады. Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігінде де лайықты орынды иеленді. Біздің ел ересектердің сауаттылық деңгейі бойынша Адам дамуының индексі тізімінің бірінші ширегінде тұр. Қазақстан адам дамуының деңгейі жоғары мемлекеттер тобына кірді, деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президентінің арқасында «Бо­лашақ» бағдарламасы жүзеге асыры­­луда, деген Мемлекет басшысы әлеуеті айрықша «Назарбаев Универ­си­тет» құрылып, барлық облыс орталық­тарында зияткерлік мектептер ашыл­ғанын атап көрсетті.

Еліміздің әр өңірінде қазіргі кезеңнің талаптарына сай заманауи мектептер салынды. Мыңдаған азаматтарымыз шетелде және ел ішінде сапалы жоғары білім алу мүмкіндігіне ие болды. Ұлт денсаулығы, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік ілгері­леуінің маңызды факторларына айналды. Халықтың денсаулығына, адамдардың өмір сүру жасын ұзар­туға, бала туу деңгейіне қатысты оң көр­сеткіштерге қол жеткізілді. Осы жетістіктің бәрі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан мойындалды, деді Президент.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасы төл мәдениетіміздің дамуына тың серпін берді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Там­ғалы» ескерткіштері және басқа да тарихи нысандардың ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұраларының тізіміне енуі халқымыз үшін айрықша маңызы бар оқиға болды.

Жаңа елордамыздың бой көтеруіне Тұңғыш Президентіміздің сіңірген еңбегі ерекше. Астананың құрылысы Елбасының тарихи ерлігі саналады. Бас қаламыз Тәуелсіз еліміздің шынайы бет-бейнесіне, халқымыздың мақтанышына айналды. Елорда жаңа мемлекеттің идео­логиясы ретінде киелі ұғымға ие болды. Астанамыз, шын мәнінде, өткеннің құндылықтарын дәріптей отырып, күллі әлемге Қазақстанның жаңа бейнесін паш етті. Елордамыз саммиттер және басқа да маңызды халықаралық кездесулер өтетін ірі орталық ретінде қалыптасты. 2017 жылы Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған ЭКСПО көрмесі өтті.

Осылай дей келе Қ.Тоқаев Қазақ­станның өз ұлттық тарихында алғаш рет халықаралық келісімдермен заңдық негізде бекітілген мемлекеттік шекарасына ие болуы да Елбасының тарихи еңбегі екенін ерекше атады. Қазір ол тату көршілік пен ынтымақтастықтың шекарасы, бұл да қазіргі заманғы геосаяси ахуалда айрықша маңызды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлемге Еуразиялық экономикалық одақты құрудың бастамашысы, Еура­зиялық интеграцияның шүбәсіз жақ­таушысы ретінде танылды. Ол Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Шанхай ынты­мақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңес сияқты беделді халық­аралық ұйымдардың бас­тауында тұрды. Елбасының арқасында Астанада ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті өтті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, көптеген өзге де халықаралық форумдар тұрақты негізде өтіп тұрады. 

Қазақстан жаһандық бітімгерлік процестердің беделді, ықпалды қаты­сушысына айналды, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне сайланды, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі жаһандық қозғалыстың лидері, сондай-ақ дінаралық үнқатысудың алғаусыз делдалы ретінде әлемге мойындалды. Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлемдік қоғамдастыққа сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Бұл халқымызды, әсіресе жастарды тарихқа құрметпен қарауға тәрбиелеп, Елбасының даңқты қызметін әділ бағалау үшін маңызды.

Ұлы замандасымыздың, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімін келесідей шаралар арқылы мәң­гілікке ұлықтау қажет деп есептеймін, деген Президент осыған қатысты өзінің бірқатар ұсынысын ортаға салды. 

Біздің елордамыз оның есімін ие­леніп, Нұрсұлтан аталуы тиіс. Мұн­дай ұсыныс парламентшілер тарапынан Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне орай 2016 жылы 23 қарашада қабыл­данған Декларацияда айтылған болатын. Мемлекетіміздің елордасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің құрметіне монумент орнату. Барлық облыстық қалалардың орталық көшелерін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың есімімен атау. Елбасы мемлекетіміздің ең жоғарғы Халық қаһарманы және Еңбек Ері атақтарымен марапатталуға лайық екеніне бәрі келіседі деп ойлаймын. Елбасына сондай-ақ Құрметті сенатор мәртебесін де беру керек. Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы бейнеленген бар­лық портреттер мен фотосуреттер қоғамдық орындардың, мемлекеттік қызметшілер кабинетінің, оқу орындары ғимараттарының ажырамас атрибуты ретінде қалады. Елбасының бүкіл өмір-тіршілігі Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңға және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес қамта­масыз етіледі. Елбасының барлық қыз­мет­тік инфрақұрылымы сақталады. Бұл ретте, Парламент қабылдаған заңдарға сәйкес, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздегі жалғыз әрі өмірлік Елбасы болып қалатынын қаперге алу қажет, деді Қ.Тоқаев. 

Тұңғыш Президент – Елба­сының сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңе­сінің Төр­ағасы, «Nur Otan» партия­сының Төр­ағасы, Қазақстан халқы Ассам­блея­сының Төрағасы, Конституциялық Кеңес­тің мүшесі болып табылатынына назар аударылды. Елбасының бедел­ді пікірі стратегиялық сипаттағы ше­шім әзірлеу мен қабылдау кезінде ай­рықша, басымдықты мәнге ие болады. Осылайша біз билікті тыныш, қақ­­тығыссыз жағдайда өткізуді жүзеге асы­рамыз, бұл ішкі тұрақтылықты және Қазақстанның халықаралық беде­лін нығайтуды қамтамасыз етудің қуат­ты факторы болады. Халқымыздың жоғары саяси мәдениеті, оның ерекше даналығының тағы бір көрінісі осыдан көрінбек. Бұл – болашақ ұрпақ үшін де жақсы өнеге. 

Бүгін, осы жоғары мінберден өзім­нің саяси ұстазым Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевқа әлемдік дамудың күр­делі кезеңінде ел Президенті ретінде мем­лекетті басқаруыма зор сенім артқаны үшін шын жүректен Алғыс айтамын, деді сөзінің соңында Қ.Тоқаев. Алдағы миссиямның жауапкершілік ауқымын толық сезіне отырып, өз білімім мен тәжірибемді Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын жан-жақты қамтамасыз етуге бағыттауды жоспарлап отырмын. Баршамызға ортақ мақсат – Елбасының басты саяси және тарихи мұрасы – мемлекетіміздің Тәуелсіздігін сақтау және нығайту.

Президенттік өкілеттігінен өз ер­кі­мен бас тарту арқылы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев демократиялық құнды­лықтарға адал ұлы саясаткер ретінде бүкіл әлемге өзінің мемлекеттік даналығын тағы да көрсетті. Ол дәл осы қасиетімен отандық және әлемдік тарихқа еніп отыр. Мемлекетіміздің дамуындағы осы бір маңызды сәтте қоғам өркендеуші, демократиялық, әділетті Қазақстан құрылысын әрі қарай жалғастыру идеясы төңірегінде тұтасуы тиіс.

Алдымызда ел болашағы үшін атқа­рылатын ауқымды әрі күрделі жұ­мыстар тұр. Барлық күш-жігерімді, білімімді Қазақстан игілігіне жұмсауды, халқымызға адал қызмет етуді бас­ты міндет санаймын. Осы залдағы депу­тат­тарға, Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік қыз­метшілерге, жұртшылық пен бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкіл­дері­не, дипломатиялық корпусқа түсіністік мен қолдаулары үшін алғыс айтамын. 

Мемлекет басшысы сөзін: Аса қадірлі Елбасы! Құрметті қауым! Менің Қазақ­стан Республикасының Президенті лауаз­ы­мындағы бірінші шешімім – «Қазақ­стан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы туралы» Конс­ти­туциялық заңға және «Мемлекеттік наг­радалар туралы» Заңға сәйкес тәуел­сіз Қазақстанды орнатуға қосқан тари­хи үлесі, экономикалық және әлеу­­мет­тік-гуманитарлық дамуға, Қазақ­стан қоғамын топтастыруға сіңір­ген аса зор еңбегі үшін Қазақстан Рес­публикасының Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­қа Айрық­ша ерек­шелік бел­гісі – «Ал­тын жұл­дыз» орденін тапсыра отырып, «Ха­лық Қаһарманы» атағын беремін, деп қорытты. 

Рәсім барысында Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасына «Халық Қаһарманы» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша бел­гісі табыс етілді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»