21 Наурыз, 2019

Елорда енді Нұр-Сұлтан деп аталады

1705 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің қос палатасы мен Үкімет мүшелерінің алдында Астана қаласының және еліміздегі облыс орталықтарының негізгі орталық көшелерін еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен атау туралы ұсыныс жасаған болатын. 

Елорда енді Нұр-Сұлтан деп аталады

Аталған ұсынысты қабыл алған жергілікті активтер мен мәс­лихат депутаттарының қол­дауы­мен бірқатар өңір орталық­тарындағы негізгі көшелерге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Ең әуелі елорданың атауын өзгерту туралы Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы батыл  бастамаларының бірі бүгінде өзі­нің жеке қолтаңбасына ай­нал­ған елорда екенін атап өтіп, сондықтан тұрғындардың Прези­дент Қ.Тоқаевтың ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Мәслихат депутаттарының бірауыздан қол­дауынан соң қала атауын «Нұр-Сұлтан» деп жазу туралы ұсыныс Үкімет пен республикалық ко­мис­сияға жіберілді.

Сонымен бірге Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астананың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту туралы Заң қабылданды. «Мемле­кет басшысы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламенттің қарауына «ҚР Конс­титуциясына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Рес­пуб­­ликасы заңының жобасын енгізді. Бұл жоба республи­ка аст­анасының атауын Астана қала­сынан Нұр-Сұлтан қаласына өзгер­туді көздейді. «ҚР Конс­титу­ция­сына сәйкес, Үкімет Ата Заңы­мызға Астананың атауын өзге­рту туралы түзету енгізу үшін Рес­публикалық референдум өт­­кізу жөнінде Президентке ұсы­ныс жасады. Президент бұл ұсы­ныс­ты референдумға шы­ғар­­май, Парламенттің қарауы­на жіберу туралы шешім қа­был­­дады. 

Бұл мәселе бойынша Конс­­титуциялық Кеңес өзінің оң қо­ры­­тындысын да берді», деді Парламент Мәжілісінің Төр­­ағасы Нұрлан Нығматулин. Бірлес­кен отырыс барысындағы тал­қылаудан кейін депутаттар бірауыз­дан Астананың атауын Нұ­р-Сұл­тан қаласына өзгерту тура­­лы шешім қабылдады.   
Сондай-ақ, еліміздің бірқатар облыстарында мәслихаттардың шешімімен орталық көшелердің атауы өзгерді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Өскемен қаласының Тәуелсіз­дік даңғылына Нұрсұл­тан Назар­баевтың есімі берілетін болды. Даңғылдың толық атауы – «Нұр­сұлтан Назарбаев даңғы­лы». 

Шымкент шаһарының әкім­шілік-іскерлік орталығында ор­на­­ласқан Астана даңғылы да Нұр­сұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгертілді.  

Тараз қаласындағы ең үлкен көшелердің бірі саналатын Төле би даңғылына Нұрсұлтан Назар­баев атауы берілді. Ал Төле би атауы­мен Ташкент көшесі аталатын болды. 

Ақтөбеде Әбілқайыр хан даң­­­ғы­лының бір бөлігіне, яғни Әлия Мол­дағұлова даң­ғылынан Бө­кен­бай батыр көшесіне дейінгі аумағына Нұр­сұл­тан Назарбаев көшесі атауы берілді. 

Сол сияқты Петропавл қала­сындағы ең ұзын көшенің бірі – Мир көшесі енді Елба­сының есі­мі­мен аталады. Сон­дай-ақ Орал­­дағы Достық-Друж­ба даң­ғылы Нұрсұлтан Назар­баев­ деп аталатын болды. Бұл туралы шешім Орал қала­лық мәслихатының кезектен тыс сессиясында қабылданды. Орал қалалық мәслихаты но­р­ма­тивтік-құқықтық мәсе­ле­лер жөніндегі тұрақты комис­сия­­сының төрағасы Амангелді Ер­мек­­қалиев, қалалық қоғам­дық кеңесінің төрағасы Бақыт­жан Нұрбаев және қала­лық мәс­ли­­хат депутаттары Ва­лен­тина Михно, Әнуар Мұқа­таев Тұң­ғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың тәуелсіз Қазақстанды дамы­тудағы еңбегі орасан екенін, Достық даңғылының  ұлттар достығын бекемдеген Елбасының есімімен аталуы жарасатынын атап өтті. Қоғам­­дық тыңдау кезінде ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева Нұрсұлтан Әбішұлының елі­мізді 90-жылдардың қиын кезеңінен алып шығып, достық пен бейбітшіліктің мекеніне айналдырғанын айтты. Жаңа даңғылдың бойында көптеген әкімшілік-іскерлік, мәдени нысандармен бірге, Абай мен Сырым Датұлы, Құрманғазы мен ІІ Дүниежүзілік соғыстың қаһарман қыздары Мәншүк, Әлия және Хиуаз ескерткіштері орналасқан. Даңғылдың ХІХ ғасырдың архитектуралық ес­керт­кіштері шоғырланған біраз бөлігі ашық аспан астындағы мұражай ретінде мемлекет қорғауына алынған.

Дәл осындай отырыс Маң­ғыс­тау өңірінде де өткізіліп, облыстық мәслихат депутат­тары Ақтаудағы ең үлкен даң­ғылды Нұрсұлтан Назарбаев есімі­мен атау туралы шешім шы­ға­рды. Бұл даңғыл №1 шағын аудан­дағы Ақбота саябағынан басталып, №17 шағын аудандағы «Грин Парк» тұрғын үй кешеніне дейін жалғасып жатыр. 

Депутаттар бірауыздан қол­даған бұл ұсыныстар бойынша нақты шешім республикалық ономастикалық комиссияда қаралатын болады.   

Думан АНАШ,

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»