21 Наурыз, 2019

Әлемдік саясаттың дарабозы

1630 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Әлемдік саясаттың дарабозы

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­­баев әлемдік билік дәстүрінде бол­маған ерекше үрдіс жасады: Қазақстан хал­қы­на үндеу жасау арқылы Қазақстан Пре­зи­денті өкілеттігін тоқтататыны туралы жария етті. Шынында, тұлға есебін­де мұндай ше­шімді қабылдау да және оны халыққа жария ету де оңай емес еді. Ал мұндай мә­лім­­демені есту, Елбасы­ның командасы, барша жұрт­шылық үшін күтпеген жай болатын.

Өзі дүниеге әкеліп жас баладай мәпе­леп жеткізген егемен ел, тәуелсіз Қазақ­станд­ы ең алғашқы күндерінен бастап алға сүй­реп әкеле жатқан мемлекет, міне, тәуел­сіздігінің 28 жылдығын атап өт­пек­ші. Елбасымыздың Қазақстанның еге­мен­­дік алып, тәуелсіз мемлекет болуын бұ­рыннан-ақ, кеңестік кезеңде қыз­мет етіп жүрген кезінде армандағаны, жү­ре­гі­нің түк­пірін­дегі ең асыл мұраты бол­ғаны белгілі. 

Себебі сонау кеңестік империя дәуі­рін­де, Қазақ кеңестік социалистік рес­­пуб­­ликасының басшысы ретінде жоға­ры лауазымда болса да, тәуелсіз емес кез­де мемлекеттің жан-жақты дамуы, әлемдік қауымдастыққа кіруі, мойын­далуы, мәдениетінің, тілінің өркендеуі толық­қанды болмайтынын Елбасы терең түсінген болатын. Сондықтан да еге­мен­діктің алғашқы күндерінен-ақ Ел­басы Қазақстан мемлекетін әлемдік қауым­дас­тыққа кіргізіп, Қазақстанды дүние жүзіне танытуда ерекше рөл атқарды.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін кеңестік дәуірден қалған мемлекеттердің бірдей стартпен өз беттерінше дамуы басталып, оның ондаған жылдар түрлі жылдамдықта, қилы сапада болғандығын бүкіл әлем көріп отыр. Осылардың арасынан оза шауып, ұлтаралық, дінаралық қақтығыссыз, нарықтық экономиканы сәтті игере отырып, республиканы ха­лық­аралық қоғамдастық мойындаған деңгейге шығару ең талантты деген мемлекет басшыларының екеуінің бірінің қолынан келе бермейтін жағдай.

Қазақстан әлемде болып жатқан эко­но­микалық құлдыраулардың, қаржы дағдарыстарының барлығынан да Елба­сының басшылығымен сәтті шыға алды. Президент өткен кезеңдер ішінде тек экономикаға ғана көңіл бөліп қоймай, Қазақ­станның сыртқы, ішкі саясатын, білімі мен ғылымын, руханиятын дамытуда теңдессіз жұмыстар атқарды. Ол терең білімді, озық мәдениетті меңгерген ел болмай, әлемге танылу және алға жылжу болмайтынын нақты білді. Және осы ерекшеліктерді қазақтың өзіндік әдет-ғұрып, салт-сана, дәстүрлерімен байыта отырып, бұл тұрғыда да жаңа қазақ­стандық модель жасады деуге болады.

Әсіресе бұл тұрғыда соңғы жылдары Ел­басы қаламынан шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларының орны ерекше. Түсінген адамға бұл мақа­­лалар Елба­сы­­ның ұзақ жылдар бойы, кеңестік кезең­­нен бастап жүрек түбінде сақтап келе жатқан, қазақ халқы бола­шаққа қа­лай барады, қай жолмен жүреді, қан­дай құн­дылық­тарын сақтайды, ол қан­шалықты мәде­ниетті, білімді және өзінің ұлттық рухы­н сақтай алған қоғам болады деген толғаныс­тарының жиынтығындай. Осы­ның барлығын жіпке тізгендей жеке-жеке талдап, бағдарлама ретінде ұсынған. 

Қазақ­стан XVIII ғасырдан бастап жан-жақ­тан түрлі ұлттар ағылып келіп, орна­ла­са бастаған аумаққа айналды. Әр ға­сыр­дың түрлі кезеңдерінде түрлі тарихи, саяси, халықаралық жағдайларға бай­­ла­­­ныс­ты алуан этностардың келіп ор­на­­­ла­суы белең алды. Отарландыру, ұжым­­­­д­ас­тыру, Ұлы Отан соғысы, тың игеру сияқты ауыр кезеңдерде кең-бай­тақ же­рі­міз­ден пана тапқан халықтар жер­гі­л­ікті халық­тың қайырымдылығы мен қам­қор­лығы арқасында орнығып, сіңісіп кетті.

Қазақстандай орасан зор аумақта түрлі ұлт өкілдерін ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп, ұлтаралық, дінаралық қа­қты­ғыс­тарға бармай, ортақ Отан, біртұтас Қазақстан үшін еңбек етуге жұмылдыру да қиын іс еді. Осындай күрделі жағдайда Елбасымыз әлемде теңдесі жоқ бірегей институт – Ассамблеяны дүниеге әкелді. Келесі жылы 25 жылдығын атап өтетін бұл ерекше құрылымның әлемде әлі күнге дейін баламасы жоқ. Жүргізілген кең ауқымды, терең мазмұнды жұмыстың нәти­же­сінде этностар арасында ынты­мақ пен бірлік орнап, олар өздерін қазақстан­дықтармыз деп санайтын күнге де жеттік.

Елбасы этносаралық қана емес, діни келісім саласында да қазақстандық модель жасап, соның сәулетшісі болды. Діннің жасампаз күшін терең ұғын­ған Тұңғыш Президенттің бастамасы­мен соңғы жиырма жылдың ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін ли­дер­лерінің алты съезі өтіп, алуан конфессия көшбасшыларының бір шаңырақ астында басқосуына мүмкіндік жасалды. Әлемдегі аса беделді діни қайраткер Рим папасы ІІ Иоанн Павелдің Орталық Азия мем­лекеттерінің ішінде ең алдымен біз­дің ел­ге келуі Қазақстан басшысының осы ба­ғыт­­та атқарып отырған жұмысына риза­­­­шы­лығы мен құрметінің белгісіндей та­рих­та қалды. 

Жалпы Елбасының назарынан тыс қалған, ол бастама жасап, қамқорлық көр­сет­пеген саласы кемде-кем деуге болады. Тұңғыш Президентіміз – жайбарақат отыр­май, қашанда тыңнан ой қозғап, жаңа идеялар айтып, бастамалар көтеріп оты­ратын әлемдік деңгейдегі реформатор бас­шы. Мысалы, Елбасының қазақ бала­ларын шетелдерде оқытуға арналған «Бола­шақ» бағдарламасы, Астанада құрыл­ған әлемдік деңгейдегі Назарбаев Уни­вер­ситет, жаратылыстану саласында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектептері – Қазақ­стан білімін алға жетелеген, жастары­мыз­дың халықаралық деңгейде білім алуына қол жеткізген зор мүмкіндік болды. Қазір­дің өзінде Тәуелсіз мемлекеттер достас­ты­ғын­да бұл білім ордаларына балама жоқ. 

Елбасының теңдесі жоқ туындысы – Астана екені даусыз. Шындығына келген­де, жазық далада қала салу елге серпі­ліс әкелді. Астана­ның дамуы – өңірлердің дамуына, өңірлердің дамуы тұтас елдің дамуы­на жетеледі. Елбасы бастаған бұл ұлы көш үлкен жетістіктердің бас­­та­ма­сы болып, елді бұрын естіп-көр­ме­ген биіктерге шығарды. Астана Қазақстанның жаңа моделін қалыптастырып, жаңашыл, батыл, ақылды ұрпақты дүниеге әкелді. 
Астана бүгінде тек білім, ғылым, билік­тің ғана емес, халықаралық дипло­матия­ның, дүниежүзілік текетірестер, кикіл­­жіңдер мен түсініс­пеушіліктерді еңсеру­дегі бітімгер­шілік ордасына айналды. Бір ғана Сирия мәселесіне араласып, ара ағайындық жасағаны үшін Елбасымыз қаншама мемлекеттердің алғысын арқалады. 

Елбасы туралы сөз еткенде, оның айтпай өтуге болмайтын ерекше қасиеттері – адамгершілігі, кеңдігі, азаматтық ұста­нымы, көрегендігі. Осындай айрықша қа­сиет­тері үшін оны әлемнің әйгілі бас­­шы­лары мен мемлекет қай­рат­кер­лері жақсы көріп, дос болды. Қан­­шама шетін мәселелердің осындай достық қаты­нас­тардың арқасында ше­шіл­генін біреу біліп, біреу білмейді. Мы­салы, ҚХР төрағасы Цзян Цзэминмен, Ресей пре­зи­денті Борис Ельцинмен дос­тық­тары­ның арқасында ғасырлар бойы даулы болып келген үш мемлекет арасын­дағы шекара мәселесі шешімін тапты.

Сондай-ақ Елбасының Ресей көш­бас­шысы Владимир Путинмен, ҚХР төраға­сы Цзян Цзэминмен, оның мұрагері Ху Цзинь­таомен, АҚШ президенттері үл­кен Джордж Бушпен және Билл Клин­тон­мен, Ұлыбритания премьер-ми­нистрі Мар­гарет Тэтчермен, Испания королі Хуан Кар­лоспен, Біріккен Араб Әмір­­лік­тері­нің, Сауд Арабиясының, Синга­пур­­дың, Ита­лия­ның, Германияның, Түр­кия­ның және басқа да мемлекеттердің бас­шы­­лары­мен жақын достық байланыста болуы Қазақ­стан үшін, еліміздің әлемде атын та­ны­тып, беделін өсіру үшін үлкен рөл ат­қарды. Елі­мізге миллиардтаған инвес­тиция тартылды. Маргарет Тэтчердің Елбасы­мыз туралы «Бүгінде әлем беделді 5-6 сая­сат­керді біле­ді, соның бірі – Нұрсұл­тан Назарбаев» дегені көп нәрсені аңғартса керек. 

Елбасының осындай бітімгерлік қа­сиет­­тері Кавказ мемлекеттері, Ресей-Түр­кия арасындағы қатынастар дағ­да­рысын оң шешуге ықпал етті. Бұл рет­те, жеті айға созылып, экономикасын тұра­лат­қан текетірестің жігін жатқызып, екі тарап­­­тың басшыларын татуластырып, та­быс­­­ты­рудағы орасан зор еңбегі үшін Түр­кия хал­­қы­ның, оның зиялы қауы­мы­ның Нұр­­сұл­тан Әбішұлына шексіз ризашы­лы­ғын көріп, көңіліміз толқы­ғанын айту парыз.

Барша халқын бауырындай, Қазақ­станның бар өңірін туған өлкесіндей сүйетін Елбасының көне Түркістанды түлетуді қолға алуы – Қазақ елінің рухани тұрғыдан алға басуы үшін қажет болды. Қазір әлемде тарихқа қызығушылық ар­тып келеді. Зиялы саяхатшылар теңіз­ге түсуден гөрі тарихи мағлұмат алар бағ­­дар­­ларға ден қоюда. Елбасы Қазақ­стан­да туризмді дамыту үшін орта­ғасыр­­лық ежелгі қалалар тізбегі жатқан, Қазақ хандығы ту көтерген, Иран, Ирак, т.б. мем­лекеттерде ұстанатын Ясауи ілімі та­ралған Түркістаны бар Оңтүстік өңірін дамытудың мәні зор екенін атап көрсеткен.

XVI ғасырдан бастап ұлан-ғайыр қазақ жерінің түкпір-түкпірінен барлық жүз­­дер ең қадірлі адамын Түркістанға әке­­ліп жерлеуді дәстүрге айналдырды. 21 хан, 19 би, 56 батыр мен 8 сұлтан мәңгі­лік ме­­ке­нін тапқан Түркістанды көр­кей­тіп, оның шын мәнінде де киелі екенін халық­ара­лық деңгейде танытуды мақсат етуі – Елба­сы­ның тарихқа жасаған тағзымы дер едік. 

Кешелі бері отандық және шетелдік бұқара­лық ақпарат құралдарында Қазақ­стан Республикасы Президентінің өз өкі­лет­­тігін тоқтату туралы мәлімдемесіне орай көптеген пікірлер жариялануда. Бай­қа­ға­­ны­­мыз, зор беделді мемлекет қайрат­кер­­лері де, қарапайым жұртшылық та Ел­ба­­­сы­ның ерен еңбектерін айта отырып, қимас­­тық сезімдерін білдіруде. Солай бол­­ғаны түсінікті. Бәріміз де сондай күйді бастан кештік. 

Бірақ жаситын, жалтақтайтын жөні­­міз жоқ. Елді дамытудың кешенді бағ­дар­лама­лары жасалған, басымдықтар ай­қын­дал­ған. Дау-жанжалсыз, берекелі бір­лікте өмір сүрудің артықшылықтарына көзіміз жет­кен. Соның бәрі – Елбасы жүр­гіз­ген қо­ғам­дық келісім мен жалпы­ұлт­тық бір­лік саясатының арқасында екені түсінікті.

Отыз жыл басқарып, озық елдер қата­рына жеткізем деп бар күш-қуат­ын, білімі мен тәжірибесін, адами тартым­дылы­ғы мен саяси жігерін арнаған Қазақ­с­та­ны, сан ұлттан құралған біртұтас хал­қы Үш­қоңыр­дың баурайындағы шағын ғана Шамал­ған­нан түлеп ұшып, әлемдік сая­са­ттың дара­бозына айналған ұлын мақтан етеді. 

Біз қиындық пен қызығы қатар жүрген, татулық пен ынтымақтың қадірін білген жылдар үшін Тұңғыш Президентімізге алғысымызды білдіреміз. Ендігі мақсат – Елбасы сызып берген бағдармен бола­шақта – озық елдер қатарынан орын алу.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі