21 Наурыз, 2019

Ел мұратын арқалаған Елбасы

1296 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ел мұратын арқалаған Елбасы

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның әлемдік қо­ғамдастық алдындағы танымалдылығы мен абырой-беделі, еліміздегі оң өзгерістердің барлығы тікелей Тұңғыш Президентіміз – Ел­басы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен тығыз бай­ланысты. 

Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі ең қиын кезеңдерде егемен ел болудың күр­делі құрылысын басқарып, жаңа мемлекет қа­лып­тастырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдік саясатқа «Қазақстандық даму моде­лі» ұғымын енгізді. Туған халқының кемел келешегі үшін аянбай қызмет атқарған ке­меңгер тұлға елімізді аз ғана мерзімде зор табыстарға жеткізді. Әлемдік саясатта бе­делі өте жоғары Елбасы дүниежүзілік қоғам­дастық тарапынан кеңінен қолдауға ие болған ғаламдық деңгейдегі саясаткер.

Қазақстан қысқа уақыт аралығында ға­сыр­ға татитын жолдан өтті, осы кезеңде елеулі табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз мем­лекет құру – арманнан шындыққа айналды. Ел­дікті сақтау, азат ел болудың бақытын сезі­ну және елім деп еміренетін ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз. Ұлт көшбасшысы қа­лыптастырған қазақстандық патриотизм ру­хының қайнар көзі осы құбылыстан баста­ла­ды. Елбасының батыл қадамдары ел эко­но­микасының қарыштап дамуына, Тәуел­сіз­дігіміздің қауіпсіздігін нығайтуға негіз болды. 

Еліміздің дамуына айрықша ықпал етіп отырған Елбасы саясатында ғаламдық деңгейдегі кемеңгер тұлғаға тән көрегендік қасиет жатыр. Бұл ерекше құбылысқа әлемдік сарапшылар «Назарбаев феномені» деп жоғары баға берген. 

Әлемнің саяси картасында өзінің берік орнын нығайтып, Астанасын асқақтатып, дүние жүзіне танылған Тәуелсіз Қазақстан биылғы Наурыз мейрамы қарсаңында іргелі өзгерістерге қадам басты. Елбасы өз өкілеттілігін тоқтатып, халқына зор сенім білдіргені үшін алғыс айтты. Тосыннан мәлім болған бұл жаңалық барша қазақстандықтарға ерекше әсер етті. Отыз жылдай ел басқарған тұлғаның мұндай шешім қабылдауы – Ұлт көшбасшысының даналық бекзада болмысы мен тектілігі, көрегендік қасиеті мен біл­гір­лігі, жасампаздық және жаңашыл тұлға­сы­ның айқын көрінісі. Елі сүйген, елін сүй­ген Елбасының әрбір қадамы барша қазақстан­дықтарға үлгі-өнеге. 

Біз бүгінде «Еңбек түбі – зейнет» болатын мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Осы уақыт­қа дейінгі белсенді, ортақ еңбектің нәти­же­сінде «Елу жылда ел жаңа» дейтін халық­тық тұжырымға өзгеріс енгізіп, «Жиыр­ма жылда – ел жаңа» бола алатын­дығын дә­лелдедік. Олай болса, Қазақ­станның Тұң­ғыш Президенті – Елбасы мәртебесі әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш.

«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, Нұрсұлтан Әбішұлы Еура­зия төсінде өз Туы, өз Елтаңбасы, өз Ән­ұраны мен өз Ата Заңы бар дамыған, зайырлы Тәуелсіз мемлекет құрды. Елбасының сали­қалы саясатының арқасында Қазақстан қарыш­тап дамып, әлемге танылды. Шекара­мыз бекіп, елордамыз бой көтерді. Халқы­мыз­дың әл-ауқаты жақсарып, еліміз бейбітшілік пен татулықтың ошағына айналды. 

Елбасы көпэтносты Қазақстан халқын ынтымақ-бірлікке шақырып, еліміздің экономикасын дамыту бағдарламаларын іске асыруға біріге жұмылуына ұйытқы болып, барлық этностық топтардың келешегіне сенім бере білді. Кеңес Одағынан бөлініп шыққан көптеген елдерде орын алған ұлтаралық жанжалдар мен азаматтық қақтығыстардан біздің еліміздің аман болуының негізгі себебі де осында. Ол – ақиқат. «Береке басы – бірлікте» деген халық даналығын сан мәрте есімізге салып, Елбасы еліміздегі тыныштықты көздің қарашығындай сақтап, Тәуелсіздігіміздің сенімді кепілі болып келеді.

Жарқын болашағымызға даңғыл жол салып берген Ұлт көшбасшысына Қазақстан халқы шексіз риза. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев қазақ халқы үшін Тұң­ғыш Президент – Елбасы болып қала бермек.

Елбасы бір сөзінде: «Мен халқымның тәуекеліне сендім. Өз халқымның жолында басымды бәйгеге тіккен адаммын» деген жүрекжарды сөзін айтқан болатын. Ұлт көшбасшысының өз сөзін ұрпаққа өнеге боларлық ұлы істерімен дәлелдеді. Өзінің тағдырын елінің тағдыры деп санаған Елбасымыз халқына сеніп, ел-жұртына арқа сүйеп келеді. Халқы да Елбасына деген сенімділігін жоғалтпайды. 

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тұңғыш Президент – Елбасы мәртебесіне ие. Бұл халықтың қалауы. Сонымен қатар Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы және бүгінде еліміздің жасампаз дамуының тірегі болып, ең ықпалды саяси күшке айналған «Нұр Отан» партиясының Төрағасы және Конституциялық Кеңестің мүшесі ретінде туған халқына әлі де қызмет жасай бермек.

Тоқсан жылдық терең тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы мен студент жастары да әр уақытта Елбасы қамқорлығын сезініп келеді. 2001 жылы университетіміз Елбасы Жарлығымен ұлттық мәртебе иеленді. 2010 жылдан бастап оқу орнымыз ұлттық зерттеу университетіне трансформациялануда және осы жолда қомақты нәтижелерге жетті. 

Елбасының тікелей қолдауымен 2015 жылы университетте әлемнің үздік тәжірибелері мен жаңа технологиялар тарту үшін Агротехнологиялық хаб құрылды. Қазіргі кезде барлық аймақтарда арнайы өкілдіктері ашылуда. 2018 жылы әлемдік QS рейтингісінде университет 650-нші орынды иеленді.

Алдағы мақсат – QS рейтингісіндегі 300 топ университеттер қатарына ену.

Өткен жылы университет Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығын» ашты. Басты мақсат – еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік қағидасы мен жасампаз идеясын пайдалану арқылы жастарды әлеуметтендіру және жан-жақты көшбасшы ретінде тәрбиелеу. Орталық – «Менің Президентім», «Елбасы кітапханасы», «Таза Әлем», «Достық» студенттік ассамблеясы деп аталатын төрт залдан тұрады. Университетімізде 21 ұлттың өкілінен тұратын 2004 жылы құрылған студенттік «Достық» ассамблеясы Елбасының достық, татулық, толеранттылық қағидаларын ұстанады. 

Түркі әлемінің Көшбасшысы ретінде халқының қамын ойлап, елдік мүдде жолында аянбайтын Елбасының кемеңгерлік болмысы мен көрегендік қасиеттері мемлекетіміздің дамуына зор ықпал етіп отырғаны сөзсіз. Бүгінде Елбасының төл туындысы саналатын Астана – әлемнің аты әйгілі қалалардың қатарына енген. Алдағы 25-30 жылда Қазақстан дүние жүзіндегі дамыған 30 мемлекеттің қатарынан көрінуді мақсат етіп отыр. Елде осындай тарихи міндеттерді шешу үшін рухани байлық, табиғат, шикізат, ғылым, техника және адам ресурстары жеткілікті. Елбасы еліміздің кемел келешегін бір мақсатқа топтасқан, бір мүддеге біріккен халық қана шеше алатындығын іс жүзінде дәлелдеп берді. Ұлт көшбасшысының терең саясатының нәтижесінде орнаған ынтымағы жарасқан қоғамда өмір сүріп отырған бүгінгі ұрпақ шынымен бақытты. Халқымыз Елбасының «Нұрлы жолымен» Мәңгілік ел мұратына жететініне әрдайым берік сеніммен қараймыз.

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі