Аймақтар • 21 Наурыз, 2019

Таразда сауықтыру орталығы ашылды

1371 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Наурыз мерекесіне орай, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен Тараз қаласында «Балқарағай» фито-бар емдеу-сауықтыру  орталығы ашылды. Мұндай орталық өңірде тұңғыш рет ашылып отыр.

Таразда сауықтыру орталығы ашылды

Аталған фито-барда алдағы уақытта келушілерге арналып емдік өсімдіктерден дайындалған түрлі тағамдар мен сусындар, денсаулықты жақсартатын диеталық өнімдер ұсынылады. Сонымен қатар, орталықтың негізгі мақсаты салауатты өмір салтын ұстануды насихаттау болып табылады.  Бұл орайда Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов фито-бар емдеу-сауықтыру орталығының ерекшелігі мен пайдасына тоқталып, халық денсаулығын арттыруға зор үлес қосатынын айтты.
  Аталған жобаны облыс әкімінің идеясымен жеке кәсіпкер Қадырхан Абдуллаев  қолға алып,  жүргізіп келеді. Бұл жерде еліміздің әр түкпіріндегі таулы аймақтардан терілген 100-ден астам шөп түрлерінің емдік қасиеттері пайдаланылады. Орталық ғимаратының аумағы 700 шаршы метрді құраса, маңында  жалпы  аумағы 1,8 гектарды құрайтын саябақ орналасқан. Мұнда барлығы 30-35 адам жұмыс атқарады.  Олардың қатарында шөппен емдейтін, педиатр, терапевт дәрігерлері  бар. Орталықта тәулігіне 150-200 адамды қабылдауға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар, мұнда негізінен емдік шөптерден дайындалған шәйлармен емдеу шаралары жүргізілмек. Ал тағамдар мәзірінде диеталық өнімдерге басымдық беріледі. Емдік шөптерді пайдалануда «Зерде-Фито» ЖШС-мен бірлесіп еңбек ететін болады.

Хамит Есаман,

Егемен Қазақстан

Жамбыл облысы