Аймақтар • 24 Наурыз, 2019

Глубокое ауданы Наурызды ерекше атап өтті

1042 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы өңірдің барлық аймағында жоғары деңгейде аталып өтті деуге болады. Өскеменнің іргесіндегі өзге ұлт өкілдері көп қоныстанған Глубокое ауданы да ұлық мерекеге ерекше әзірленіпті.

Глубокое ауданы Наурызды ерекше атап өтті

Қазақ үшін 7 саны  қай кезде де қасиетті саналған ғой. Глубокое ауданы да биыл 7 санына жете көңіл бөліп, мерекелік шараларды Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен байланыстырыпты. Аудан орталығына арнайы тігілген 7 киіз үйге «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген атау беріліп, 7 атқа мінген жігіт шеруді бастап шығыпты. Отыздан астам этнос өкілдері мекендейтін аудан тұрғындары 7 киіз үйді аралап, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татып, алтыбақан теуіп, атқа мініп, спорттық сайыстарға қатысыпты. «Наурыз 5 мың жылдық тарихы бар жер жүзіндегі ең көне мейрамдардың бірі. Шығыс халықтары Наурыз мерекесін қалай қарсы алсаң, жыл солай өтеді деп ырымдайды. Көктем мерекесі әр шаңыраққа шаттық, ырыс-ынтымақ әкелсін. Биылғы жыл Наурыз дастарханындай ырысты, берекелі жыл болсын», - деп лебізін жеткізді аудан әкімі Қалиқан Байғонысов.

Алаңдағы 7 киіз үйде «Қоржын ашу», «Бесікке бөлеу», «Құйрық бауыр асату», «Беташар», «Қазан жарыс», «Тілашар», «Құдалық» секілді әдет-ғұрыптарымыз да келушілер назарына ұсынылыпты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Глубокое ауданы