Қазақстан • 25 Наурыз, 2019

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті

927 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті. Жиын Қазақстан Республикасының астанасын Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атауға қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылған. Отырысқа елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының, кәсіби және қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы өтті

Отырысты ашқан М.Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан кешіріп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол Елбасының өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімі бір сәтте қабылданбағанын, ол үшін Тұңғыш Президентіміз ұзақ ойланып, барлық саланы саралап, салмақтағанына назар аударды.

– Елбасы ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қашанда біздің Елбасымыз, тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы тұлға, ел ішінде және халықаралық аренада орасан зор беделге ие әлемдік деңгейдегі саясаткер, аса көрнекті реформатор болып қала береді. Оның ерік-жігері мен табандылығының арқасында Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып қалыптасты, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Бұдан бөлек ол Елбасының Қауіпсіздік кеңес төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының және «Nur Otan» партиясының төрағасы ретінде мемлекеттің стратегиялық дамуына айрықша ықпал ететін тұлға болып қалатынын, әрі қарай да ел дамуында Елбасы жолы жалғасатынын және осы істе Тұңғыш Президентіміздің есімін елордамызға берудің маңызы зор екенін атап өтті.

Бұдан кейін сөз алған Қазақстан коммунистік халық партиясының хатшысы, Мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков тұңғыш президенттің халыққа үндеуін жариялап, келесі президентке тапсыруы – оның ел дамуындағы елеулі шешім екеніне тоқталды. Сонымен қатар ол Қазақстан шекарасын бекітудегі Елбасының еңбегі ерен болғанын, экономикалық және қаржылық дағдарысқа ұшыратпай, тұрақтылықты сақтауда қажырлы жұмыстың жемісі, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған реформалардың жүзеге асырылуынан болғанын, өз партия мүшелерінің осы жолда ерекше қолдау білдіретінін айтты.

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев сонау жылдары тұңғыш президенттің ел астанасын Алматыдан көшіру туралы шешімін шығарғанда оның болашағына сенім артқандардың аз болғанын жеткізді. «Міне, бүгін Елордамыз – небәрі 20 жылда бой көтерген әсем қала. Осы қаланың іргетасын қалаған бас қаланың архитекторы – тұңғыш президентіміз», дей келе партия атынан бүгінгі коалициясындағы үндеулермен толық танысқанын және қолдауға дайын екенін айтты.