Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Оңдасын Оразалин Әйтеке би және Хромтау аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

871 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, жергілікті халықпен кездесті, азаматтарды жеке қабылдады деп хабарлайды Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Оңдасын Оразалин Әйтеке би және Хромтау аудандарының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

Жұмыс сапары Комсомол ауылында салынып жатқан әкімшілік ғимаратын қараудан басталды. Ол жерде аудандық сот пен прокуратура орналасады деп жоспарланып отыр. Ғимараттың жалпы алаңы 1,1 мың шаршы метрді құрайды. Құрылысы осы жылы аяқталмақ.

Биыл аудан орталығында сондай-ақ, заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға беріледі. Алғашқы келушілерді тамыз айында қабылдайды деп күтілуде. Екі қабатты ғимаратта спорттық және жаттығу залдары жұмыс жасайтын болады, орталық залда 160 көрерменге арналған трибуна орнатады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 289 млн теңге бөлінеді.

Оңдасын Оразалин аудандық әкімдік пен құрылыс басқармасына: «Сапасы жоғары деңгейде болу керек. Осыны қатаң қадағалаңыздар, өйткені мұнда негізінен жасөспірімдер мен жастар шұғылданатын болады ғой»,- деп тапсырды.

Облыс әкімі басты назарды орталық аудандық аурухананың материалдық-техникалық жарақтандырылуымен танысуға аударды. Өңір басшысы мекеменің барлық бөлімдеріне барып, медициналық электрондық ақпараттық жүйелердің енгізілуімен танысты, белгілі бір сала мамандарының автокөлікпен қамтылу жағына көңіл қойды, емделушілермен әңгімелесіп, олардың аурухана жұмысына шағымдары бар-жоғын білді.

Ғимаратты қарау кезінде денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев Әйтеке би ауданындағы денсаулық сақтау саласының дамуы жайлы баяндады, сонымен қатар, хирургиялық ота жасау кезінде науқастарды тасу үшін орталық аудандық ауруханаға жүк жеделсатысы және ауданға келген дәрігерлерді баспанамен қамту үшін бос тұрған екі қабатты ғимаратты қалпына келтіруге қаржылай көмек қажеттігін айтты. 123 млн теңгені қажет ететін қалпына келтіруден соң дәрігерлерге 16 пәтер беріледі.  Сол кезде қазіргі таңда медицина саласының мамандары тұрып жатқан коммуналдық үйлер босатылатын болады. Ол үйлерге ауылдағы апатты жағдайда тұрған екі қабатты көппәтерлі үйде тұратын сегіз отбасы көшіп келеді. Оңдасын Оразалин аталмыш жоба қолдау табатынына сендірді.

Халықпен есептік кездесу аудан әкімі Мәлімбет Ибрашовтың 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2019 жылға арналған жоспарлар туралы баяндамасынан басталды.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі ауданда халықтың әл-ауқатын көтеру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.

«Ауданда орташа жалақы – 85 мың теңге, бұл орташа республикалық деңгейден екі есе аз. Азаматтардың табысын көбейту – Тұңғыш Президенттің тапсырмасы. Бұл инвестиция тарту, ШОБ-ті дамыту мәселелеріне деген жүйелі көзқарасты талап етеді. Ауданда ірі өндіріс орындары жоқ, ауыл шаруашылығы – халықтың негізгі табыс көзі, бірақ бүгінде бір тұрғынға кем дегенде 1,5 бас ірі қара малдан келеді. Бұл, жайылым және шабындық жерлердің барын ескергенде қанағаттанарлықсыз көрсеткіш деген сөз. Бизнесті, ауыл шаруашылығын дамытудың көптеген мемлекеттік бағдарламалары бар.  Бұл мақсатқа мемлекет қаржылық қолдау ұсынады. Осымен жұмыстану керек, сонда ауыл шаруашылығы үлкен табыс көзіне айнала алады. Өкінішке қарай, былтыр аудандағы тоғыз кәсіпкер «Бизнестің жол картасы» аясында мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Сіздің аудан бизнесті жүргізу жеңілдігі рейтингінде өзге аудандар арасында тоғызыншы орында. Осының бәрі кәсіпкерлікті дамыту және қолдау жұмыстары дұрыс қойылмағандығын айтады», - деді Оңдасын Оразалин.

Облыс әкімі: «Бізге барлық жағдайды жасау үшін сырттан ешкім келмейді. Әрине, Елбасы тапсырмасымен мемлекет аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмектеседі. 1 сәуірден бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік жәрдемақы, әлеуметтік көмектің басқа да түрлері беріле бастайды. Атаулы әлеуметтік жәрдемақыны облыста 25 мың дама алатын болады, ал халқы 40 мыңнан сәл асатын Әйтеке би ауданында атаулы әлеуметтік жәрдемақыны 2,5 мың адам алатын болады. Өкінішке қарай, бұл жоғары көрсеткіш. Атаулы әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінің көбейгеніне қарамастан ешкім қол қусырып отырмауы тиіс. Мемлекет тек расымен мұқтаж жандарға ғана беретінін түсіндіруіміз қажет, бұл тек көмек қана, ал негізгі табыс көзі адал еңбекпен тапқан ақша болу керек. Адамдарға бизнеспен, шаруа қожалығымен айналысқысы келетіндерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы түсіндірген жөн. Өзінің кәсіпкерлік саласындағы күшін сынағысы келетіндерге жан-жақты қолдау көрсетілсін»,- деп сөзін жалғастырды.

Сондай-ақ, өңір басшысы елді мекендерді абаттандыру және суармалы жерлер алаңын ұлғайту бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Кездесу кезінде аудан тұрғындары ауыл халқын ұялы байланыспен қамту, жолдарды жөндеу, Комсомол ауылындағы орталық кәріз жүйесін салу, аудан негізі қаланғанына 350 жыл толуына орай Т.Жүргенов пен Әйтеке би ескерткіштерін орнату және т.б. мәселелерді айтты.

Ауыл тұрғыны Жамбыл Мұхамбетқалиев ауылдастарының атынан облыс әкімінен ауылдың бес жыл бойы күтіп отырған газдандыру жобасын аяқтауға жәрдемдесуді сұрады.

Облыс әкімі ауыл тұрғынана: «Басталған істі аяқтаймыз. Сіздерден кішкене шыдауларыңызды сұраймын, келесі жылы біз жобаны аяқтаймыз, газ болдаы»,- деп уәде берді.

Тұрғындармен кездесу Тұңғыш Президенттің аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау туралы тапсырмасын орындау аясындағы қайырымдылық акциясымен жалғасты. Атап айтқанда, екі отбасыға баспана сатып алуға сертификат берілсе, тағы сегіз отбасы тұрақты табыс көзі болатын құс пен мал сатып алу үшін 100 000 - 250 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды. Бұл өз кезегінде пайызсыз тауар несиесі.

Оңдасын Оразалин акцияны өткізуге қолдау көрсеткен демеушілерге алғысын білдірді.

«Кез келген үлкен іс кішкентайдан басталады. Осындай қайырымдылықпен айналысуға мүмкіндігі бар бәріңізді де игі іс жасауға шақырамын»,- деді облыс әкімі.

Өңір басшысының ауданға жұмыс сапары азаматтарды жеке қабылдаумен аяқталды.

Өңір басшысы күннің екінші жартысында Хромтау ауданына жұмыс сапарымен барып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты.

Жұмыс сапары барысында Оңдасын Оразалин Хромтау қаласындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы – Дөң кен байыту комбинатының «Молодежная» шахтасын аралап, жасалып жатқан жұмыстарға қатысты өз пікірін білдірді. 

Содан кейін аймақ басшысы Хромтау қаласындағы «Агрофирма ТАУ» ЖШС жұмысымен жете танысып, өндіріліп жатқан айран, май, сүзбе секілді сүт өнімдерінің сапасына қатысты өз ойын айтты.

Шаруашылықтан соң облыс әкімі Хромтау қаласының 22 шағын ауданындағы 600 орындыққа арналған 100 орындық интернаты бар мектептің құрылысын қарап, мердігер компания басшылығына білім ордасын сапалы әрі уақытында пайдалануға беруді тапсырды.   

«Оқу жылы басталғанда бұл мектеп тиісті құрал-жабдықтарымен, кабинеттерімен толық тапсырылуы тиіс», - деді аймақ басшысы.    

Оңдасын Оразалин МЖӘ аясында 320 орынға арналып салынып жатқан балабақшаның құрылысымен танысты. Аудан әкімдігінің жаңа ғимаратында аймақ басшысына жұмыс жасап жатқан және енді ашылайын деп жатқан кәсіпорындардың жұмысы таныстырылды. 

Облыс басшысы Хромтау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, аудан басшысының қаңтар-ақпан айларындағы жұмыс қорытындылары мен 2019 жылға арналған жоспарлары туралы есебін тыңдады.

Аудан әкімінің баяндамасын тыңдаған облыс әкімі аудан экономикасын дамытуды және жергілікті халықтың әл-ауқатын көтеру жолында тынбай жұмыс жасауды тапсырды. 

«Салықтан жиналған қаржыны тиімді жұмсау қажет. Қазіргі таңда аймақтағы ірі кәсіпорындар жергілікті атқарушы органдардың, әкімдіктердің қолдауымен жұмыс жасап өз нәтижелерін көрсетіп жатыр. Ауданда орташа айлық мөлшері 173 мың теңге, ол республикалық көрсеткішпен бірдей. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ талдау жасасақ ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп жүргендер жоғары деңгейде алады. Ал ауылдағылар аз алады, айырмашылық көп. Біз елдің тұрмыс жағдайын жақсартамыз, ауыл тұрғындарын көтереміз десек  шағын және орта  бизнеске, кәсіпкерлерге  көмек беруіміз қажет» - деді облыс басшысы.

Аймақ басшысы тұрғындардан түскен сұрақтарға жауап беріп, жұртшылықты аудан басшылығымен бірлесе жұмыс жасауға шақырды. 

«Үкімет мұқтаж адамдарға, ел азаматтарына атаулы көмекті береді. Дегенмен әрбір адам табысты өз еңбегімен табуы қажет. Үкіметке қол жайып, қарай бермей өз беттерімен тірлік етіп, масылдық пиғылдан арылу керек. Халық ауылдық жерде мал және ауыл шаруашылығымен айналысуы тиіс. Елімізде бизнесті қолдау туралы рейтинг бекітілген. Жалпы ауданда кәсіпкерлік деңгейі төмен. Облыс орталығы мен аудандар арасында Хромтау ауданы 11-орында тұр. Атқарушы органдардың шағын және орта бизнесті дамытуға тиісті жағдай жасамағаны деген сөз. Дегенмен жасалып жатқан оңды жұмыстарды жоққа шығармаймын»,- деді облыс әкімі.        

Облыс әкімі О.Оразалин аудан әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен «Жүректен жүрекке» атты қайырымдылық акциясына қатысып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 10 шақты отбасыларға үй сатып алу және газ қондыру үшін 250 мыңнан 3,5 млн теңге аралығындағы қаржылай сертификаттар тапсырды. Өңір басшысы осы акцияда белсенділік танытып, тұрғындарға қаржылай қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге өз алғысын білдірді.   

«Әрине, кәсіпкер біріншіден өз жағдайын көтеру үшін күн-түні тынбай жұмыс жасап еңбектенеді, табыс табады. Бұл заңдылық. Сонымен қатар осындай акциялардан тыс қалмай, маңдай терімен тапқан қаржысынан қоғамымыздағы қиын жағдайға душар болған жандарға көмек қолын созып жатуы бұл мемлекет тұрғысынан ойланатын жомарт жүректі азаматтардың ісі деп білемін. Сол үшін аталған  кәсіпкерлерге шын жүректен ризашылығымды білдіремін» - деді аймақ басшысы.   

Бұдан кейін өңір басшысы аудан тұрғындарының сауалдарына жауап беріп, жиыннан соң хромтаулықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. 

Жеке қабылдауда тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың басып көпшілігі газ орнату мәселесі болды. Облыс әкімі сол арада аудан басшысына тапсырма беріп, мәселені оңтайлы шешуді тапсырды.