Қазақстан • 26 Наурыз, 2019

Алматылық жастар астана атауын өзгертуге қолдау білдірді

699 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматыда Республика Сарайы алдында «Сәлем, Нұр-Сұлтан! Өсе бер, өркендей бер, Нұр-Сұлтан!» атты концерт өтті. Шараға астана атауын өзгертуге қолдау білдірген жастар қатысты, олардың арасында спортшылар Қанат Ислам, Ислам Байрамуков, отандық эстрада жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева, Кентал, Луина, Ринго, Азия, Бақай топтары және басқалары болды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматылық жастар астана атауын өзгертуге қолдау білдірді

Өз сөздерінде алматылық жастар Елбасының тарихи рөлін атап өтіп, еліміздің Тұңғыш Президенті, көшбасшысы, идеялық жетекшісі, архитекторы Нұрсұлтан Назарбаев есімінің астанаға берілуі өте орынды дегенді айтты.

«Мен өзім қалаған іспен айналысуға, болашаққа құлаш сермеуге мүмкіндік берген, өсіп-өркендеген Қазақстанда өмір сүргенім үшін тағдырыма ризамын. Біз жастар тарихи оқиғалардың куәсі болудамыз. Астанамыз өзінің іргетасын қалаушы көшбасшының есімін алып, Нұр-Сұлтан атанды, бұл үлкен қуаныш! Бұл - оған Отан алдында, болашақ ұрпақ алдында сіңірген еңбегі үшін көрсетілген құрмет. Астана еліміздің жүрегіне, тәуелсіздіктің символына, біздің мақтанышымызға айналды», деп атап өтті Қазақстан халықтары Ассамблеясы жастар қанатының өкілі Дилярам Абдимитова.

ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Қанат Ислам Тұңғыш Президенттің халықаралық аренадағы зор беделін айтты.

«Мен қиыр жайлап, шетте өскен қазақпын. «Атажұрт», «туған ел», «Тәуелсіздік», «Қасиетті Отан» дегеннің қадірін сырттағы қазақтан артық ешкім білмес. Қазақстан азат ел, Тәуелсіз мемлекет болғанда жүрегіміз жарыла қуанғанымыз әлі есімде. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да ең алдымен қолға алғаны осы сырттағы қазақтардың жағдайы еді. Дүниенің төрт бұрышындағы бар қазаққа сауын айтып, «Қазақстан – азат ел болды. Атажұртқа оралыңдар. Өздеріңе әрқашанда елдің құшағы ашық. Туған елімізді бірге өркендетейік» деп, Ұлы көшке жол салған болатын. Жастайымнан спортпен айналысып, Қытай елінде талай биіктерді бағындырсам да көкейімнен Атажұрт – Қазақ еліне оралу ниеті ешқашан кеткен емес. «Осында қал, алдыңда керемет болашақ күтіп тұр» деген талай жанашыр жанның сөзіне қайрылмай, бәрін тастап байтақ Қазақстаныма бір-ақ тарттым. Біржола», деді Қанат Ислам.

Спортшы қазіргі кезде Қазақстанда спортты дамыту үшін барлық жағдайлар жасалғанын айтты, бокстың арқасында Қанат Ислам әлемнің ондаған елдерінде болды.

«Сүйікті спортым – бокспен айналысуыма бар жағдайын жасады. Спорттың арқасында әлемнің талай елінде болдым. Қай жерге барсақта қазақ екендігімізді білген шетелдіктер алдымен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты аузына алатын. Сол кезде қазақ болғанымызға, дүниеде Қазақстандай ғажайып еліміздің жасап жатқанына және оның елін сүйген Назарбаевтай көшбасшысы барына масаттанып, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейтін. Астананы Алатаудан Арқаға көшіріп, Есілдің бойына ел қондырып, еңселі елорда, сәулеті мен салтанаты келіскен жаңа қала салған, Қазақстанның атын төрткүл дүниеге танытқан Елбасымызды қалай ұлықтасақ та артықтық етпейді. Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп атау туралы шешім өте орынды деп санаймын», деп атап өтті Қанат Ислам.

«Бас қаламыз – Астана атауын «Нұр-Сұлтан» деп қайта атауды заңды құбылыс деп қабылдадым. Өйткені Астана – Елбасының өз туындысы. Спорттық жарыстармен әлемді аралай жүріп көзімнің жеткені, жаңа Қанат Ислам бауырым да айтып кеткендей, шетелдіктер үшін «Қазақстан-Астана-Нұрсұлтан» бір ұғым болып кеткен. Сондықтан да бұл шешімді сәтті, дер кезінде қабылданған деп қолдап-қуаттаймын», деді Олимпиаданың күміс жүлдегері, еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері Ислам Байрамуков.

Алматының еріктілер Лигасының жетекшісі Айсулу Ерниязова студенттердің өзін-өзі басқару «G-38»-дің ұйымдастыруымен концертке мегаполистің барлық жоғары оқу орындарынан 5 мыңнан астам жастар қатысқанын айтты.

«Мен Тұңғыш Президент дәуірінде оқыған, жұмыс істеген құрдастарым шынайы бақытты жандар деп есептеймін. Біз арманға айналған қалада - еліміздің астанасында талай мәрте бас қостық. Біз осынау киелі дәстүрді астанамыз Нұр-Сұлтанда одан әрі жалғастырамыз!», деп атап өтті Айсулу Ерниязова.