Экономика • 01 Сәуір, 2019

Балық тұқымбағының мәселесі баршылық

1007 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жарты ғасыр бойы солтүстік аймақтағы көлдерді балық балаңқұртымен толықтырып келген Зеренді балық тұқымбағының бүгінде кірпігі ғана қимылдап тұр.

Балық тұқымбағының мәселесі баршылық


Әуел баста 1969 жылы Көк­шетау қаласындағы балық зауы­тының енші­лес кәсіпорны ретінде Зеренді көлінің жағасында са­лынған тұқымбақтың жалпы ауқымы 352 гектар жерді құ­рай­ды. Тұқымбақ алғашқы жыл­дары ақсақа тұқымдас балық­тардың 80 миллионға жуық, карп тұқымдас балықтардың 20 миллионға таяу балаңқұрт­тарын шығаруға мүмкіндігі болған. Солай шығарған да. Тұқым­бақтың Арқаның жүзде­ген көл­дерін балаңқұртпен қапы­сыз қамтамасыз етіп, дәуір­ле­ген кезеңі – 1979-1992 жыл­дар­ға сәйкес келеді. Елдегі эконо­микалық байланыстар үзі­ліп, ба­лық шаруашылығын дамы­ту қожыраған 1994-2002 жыл­дары тұқымбақтың басына қиын­шылықтың қара бұлты үйіріл­ді. Дәл осы жылдары балаңқұрт өн­­діру күрт азайып, тұқымбақтағы аса қажет­ті құрылғылар талан-таражға ұшыра­ды. Тұйықтан шығар жол іздеген кезде 2002 жылы «Көкшетау» ұлттық паркіне берілген. 2014 жылдан Ақмола облыс­тық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының құзырында.

Бұл арада айта кететін бір жай, ұлттық парктің мәртебесі. Мәселен, тұқымбақ жанына орна­ласқан Зеренді көлі ұлттық парк­тің еншісінде. Ал оның мәрте­бесіне байланысты көлден балық аулауға болмайды. Көл ұлттық паркке берілмей тұрған ілгерідегі жылдары дәл осы жерде 16 балық аулау бригадасы жұмыс істеген еді.

– Негізінде, балықтың аулан­ғаны дұрыс. Сонда көл суы тазартылады. Балық ауланбағаннан кейін бірте-бірте өлі көлге айналады, – дейді тұқымбақтың басшысы Валерий Пономаренко, – қазір бұл көлде шабақ тектес құнсыз балық қаптап кетті. Ал бұл су айдыны балық өсіруге өте қолайлы, суы таза әрі терең.

Жалғыз Зеренді көлі ғана емес, Бурабай баурайындағы «Бурабай» ұлттық паркіне жата­тын көлдерде де дәл осындай жағдай қалыптасып отыр. Осы бір қиын түйін түпкілікті шешімін күткелі не заман?! Бірақ өкінішке қарай, бұл жергілікті жерде шешілетін мәселе емес. Ұлттық парктердің жарғысына өзгерту енгізу Үкіметтің ғана құзырында.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында әкімдіктің қаулысымен бекітілген балық шаруашылығын дамытуға арналған 524 су айдыны бар. Осы көлдердің 334-і 237 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Балықты бей-берекет ауламай, белгіленген тәртіптің сақталуын қорықшылық қызмет жүзеге асырады. Көкшенің көлдері балықсыз емес, 240 өндірістік бригада балық аулау­да. Табиғат пайдаланушылардың құзы­рына берілген су айдындары да таби­ғат­ты қорғау заңдылықтарына сәйкес қадағаланады. 2017 жылы тәртіп бұзған 263 балықшыға әкімшілік хаттама толтырылып, 3 миллион 741 мың теңге айыппұл салынған. Оның 3 миллион 410 мың теңгесі өндіріліп алыныпты.

Өңірдегі көптеген су айдындарына тән мәселе – көлдердің тайыздығы. Тереңдігі 2-2,5 метрді ғана құрайтын көлдерде табиғат пайдаланушылар толық қуатымен жұмыс істей алмай отыр. Арқада қыс қатты. Аязды күндері тайыз көлдер түбіне дейін қатып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, табиғатты пайдаланушылар жиі-жиі мұз ойып, көлге оттегін жіберуге мәжбүр. Міне, осындай қат-қабат шаруаның әсерінен балықтың өзіндік құны да қымбаттап кетеді.

Облыстық табиғи ресурс­тар және табиғатты пайдалануды реттеу басқар­масы табиғат пайда­ланушылардың иелі­гіндегі көлдердің жай-күйіне жіті бақы­лау жасап тұрады. Су айдындарына балаңқұрт жіберу мәселесі­н­­де кемшілік жоқ. Мәселен, та­би­ғат пайдаланушылар жоспар бо­йынша 21 433,2 мың дана балаң­құрт жіберуді межелесе, бұл көзделген көлем 55 555 мың данаға жеткізілген. Яғни, жоспар 259 пайызға орындалған. 2018 жылдың мамыр айында Көкшетау қаласының іргесіндегі Қопа көліне 12 728 кило тасмаңдай, 12912 кило бір жастағы ақ амур балықтары жіберілді. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл балықтар көлді тазалау үшін қажет екен.

Бұған дейін Көкшетау төңі­регіндегі су айдындарында ұшы­раса қоймайтын та­уарлы балық түрлерін Ресейден әкелген. Тұқымбақ негізінен сиговый балық­тар мен карп тұқымдас балық­тардың балаңқұрттарын алу­мен айналысады. Мұның ішінде бағалы балық – сиговый.

– Бірақ карп тұқымдас балық­тар да қажет, – дейді тұқымбақ директоры Валерий Пономаренко, – тауарлы балық шаруашылығын дамыту үшін түрін де көбейткен ләзім. Әрине, ақсақа тұқымдас балықтар қымбат. Мысалы, Көк­шетау қаласының сауда сөре­лерінде балықтың бұл түрінің әр келісі орта есеппен 800 теңге тұратын болса, карп тұқымдас балықтардың келісі 500 теңгенің көлемінде. Тұтынушының да сатып алу мүмкіндігін ескеруіміз керек қой.

Балық біткен тұтынушының дастар­қанына дәм болып жеткенше толып жатқан қияпат шаруа бар. Балық шаруа­шылығы 1990 жылдың басынан бастап күрт құлдыраған. Оған себеп алдымен облыс орталығындағы балық зауытының өз жұмысын тоқтатуы. Зауыт тоқтаған соң тұқымбақ та тоз-тоз болып кете жаздапты.

Валерий Григорьевич жарты ғасырда бір рет жөндеу жұмы­сы жүргізілмеген тұқымбақтың ішін аралап көрсетті. Қажетті құ­рыл­ғылардың бәрі ескірген. Әйтсе де, лаждап жұмыс істеу­де. Өткен жылы 37 миллион балаңқұрт өндіріпті. Биыл да сол дең­гейден табылмақ. Қазір­дің өзінде Қостанай, Қараған­ды, Сол­түс­тік Қазақстан облыстары­ның табиғат пайдаланушылары балаңқұрттарға тапсырыс беріп жатыр екен.

Әуел баста миллиондап саналатын балаңқұрттардың көптігіне таң қалғанбыз. Бірақ тұқымбақ басшысының айтуына қарағанда, балаңқұрттың бәрі бірдей аман қалмайды екен. Бұл ең алдымен табиғат пайдаланушылар меншіктеп отырған көлдегі судың құрамына, балықтың азығына, жыртқыш балықтардың қанша мөлшерде екеніне байланысты. Кейбір көлдерде елу пайызға дейін аман қалуы мүмкін. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Ал суы тайыз, балдыр басқан көлдерде 20-30 па­­йы­зы ғана санатқа қосылмақ. Со­ның өзінде табиғат пайдаланушылар ұтыл­май­ды. Мәселен, көліне жіберілген бір миллион балаңқұрттың 30 пайызы аман қалғанның өзінде бір жылдан кейін 300 мың келі балық аулануы әбден мүмкін.

Тұқымбақтың құрал-жабды­ғы тоз­­ғаннан кейін аналық балық­тарды бағу қиындапты. Қазір карп тұқымдас балықтардың 150 аналығы ғана бар. Бұл арада мынадай бір әдісті де қолданады. Мәселен, табиғат пайдаланушылар аналық балығын тұқымбаққа әкеледі де, уылдырығын тапсырады. Әрине, күні бұрын келісімшарт жасасады. Әдетте келісім бойынша уылдырықтан пайда болатын балаңқұрттың 50 пайызы тұқымбақта қалады да, келесі жартысын табиғат пайдаланушы алады.

Өңірдегі балық шаруашы­лығына жете мән берілсе, алдымен көл жағалай қонған ауыл тұрғындарына жұмыс болар еді. Екіншіден, табиғат пайдаланушылар тек тауарлы балық өндірумен емес, туризмді дамытуға да айта қаларлықтай септігін тигізер еді. Бұл үшін ең алдымен тұқым­бақтың жұмысын жандандыруымыз керек. Тұқымбақ бағалы балық түрлерін көбірек таратса, ел экономикасына да сер­пін берері даусыз. Бүгінде еліміз бо­йынша балық шаруашылығы эко­­но­миканың 0,5 процентін ғана құрайды. Көрсеткішті жақ­сарту бағытында жергілікті жерде бар жұмыстың жандануы тұқым­бақтың тағдырына байланысты.

– Тұқымбақты жаңғыртудың жаңа жобасы жасалды, – дейді Валерий Гри­горьевич, – облыс­тық табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу ба­с­қармасының басшылары да дабыл қағуда.

Арқадағы көп көлді балаң­құрт­пен қамтамасыз етіп отырған тұқымбақ кадрға зәру. Балық­шы, биолог, ихтио­лог жетіспейді. Жыл сайын Астана қала­сындағы С.Сейфуллин атындағы агротех­ни­калық университетінің студент­тері тәжірибеден өткенімен, жалақысы аз, дайын пәтері жоқ жерге келіп жұмыс істеу­ге құлықты емес. Сөз арасында қазір тұқымбақта 22 адамның жұмыс істей­тін­дігін, олардың жалақысы орташа есеппен 60 мың теңгені құрайтынын айта кетуіміз керек. Инкубация цехтарын жөндеуден өткізіп, қайтадан қалпына келтіру керек. Су айдынына су айдайтын станса, гидроқұрылғы, өндірістік ғимараттар салынып, арнаулы мақсаттағы техникалар сатылып алынса іс ілгері баспақ.

Ең басты мәселе, тұқым­бақты жаңа заман талабына жауап бере алатын, әлемнің озық үлгісіндегі қажетті құрылғы­лармен қамтамасыз ету. Екін­шісі, балаңқұрттар өсіп-жетілуге қажетті су айдындарын тазарту. Бәлкім, ұлттық парктердің енші­сіндегі Зеренді мен Бурабайдың терең, таза сулы көлдерінде балық аулауға рұқсат беру. Міне, сонда тауарлы балық шаруашылығы бір серпіліп қалар еді.


Ақмола облысы