Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Атаулы әлеуметтік көмек неге берілмей қалды?

531 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Редакцияға заңды кеңес сұрап хат жазған оқырмандарымыздың дені атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргендерін айтады. Көбінің сұрақтары ұқсас болғандықтан, олардың арасынан мына екі хатты іріктеп алып, оған заңгер Шолпан Сейсембаеваның қайтарған жауабын беріп отырмыз.

Атаулы әлеуметтік көмек неге берілмей қалды?

– Асыраушысынан айырыл­ған­дарға берілетін әлеуметтік жәр­дем­ақы­ны ала алмай жүрміз. 2019 жыл­дың маусым айында қай­тыс бол­ған баламның әкесі кезінде әке­лік құқығынан айырылған еді. Ен­ді сол жағдай бөгет болып отыр дейді әлеуметтік орган. Ондай жауап қанша­лықты дұрыс?

Т.Қайырбаева

 

Шымкент қаласы

– Өкілетті орган қызметкерлерінің мұндай жауабы заңға қайшы. Рас, асыраушысынан айырылғандар ту­ралы әлеуметтік жәрдемақы әкесі немесе шешесі қайтыс болған жағ­дайда тағайындалады. Өйткені Қазақ­стан Республикасы «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 4-т.,
69 б. сәйкес, ата-анасы (олардың біреуі) ата-ана құқықтарынан айы­рылған бала ата-анасымен және басқа да туыстарымен туыстық фактісіне, оның ішінде мұра алу құқығына негізделген тұрғын үй-жайға меншік құқығын немесе тұрғын үй-жайды пайдалану құқығын, сондай-ақ мү­ліктік құқықтарын сақтап қалады.

Ал енді жоғарыдағыдай жағдайда, берер кеңесім: құжаттарыңызды то­лық­тай жинап тұрғылықты жердегі уәкі­летті мемлекеттік органға тап­сы­рып, жауабын күтіңіз. Егер уә­кі­лет­ті мемлекеттік орган жазбаша жауа­бында аталған себептер­мен әлеу­меттік жәрдемақы тағайын­дау­ға қарсылық білдірсе, сотқа шағым­данып, ол істі ұтып шығуға әбден мүм­­кіндігіңіз бар.

Қажетті құжаттар тізімі: арыз бе­ру­­шінің жеке куәлігі, тұрғылықты ме­кен­жайы туралы анықтама, адам­ның қайтыс болғанын растайтын анық­­­тама, неке куәлігі, баланың туу тура­лы куәлігі. 18 жастан асқан ба­ла­ оқитын болса, күндізгі бөлімде оқи­­­­тыны туралы анықтама қажет. Со­­­нымен қатар баланың әкесі бұ­рын қайтыс болса, сол аралықтағы жәр­­демақыны қайтарып ала аласыз. Се­­бе­бі әлеуметтік жәрдемақы адам­ның қайтыс болған күнінен бастап тө­ленеді.

– Мен былтыр 21 мың теңге алу үшін құжат тапсырдым. Оны 3 ай алған соң, «сіздің табысыңыз 21 мың теңге алуға мұқтаж емес» деп бас тартылды. Ал осы атаулы көмекті алу үшін 1 жылға шартқа отырған едік. Алайда оны өздері енді бұзып отыр. Менің жалдамалы бөлмеме комиссия келіп, «сіздің тұрмысыңыз төмен, 21 мың теңге алуға лайықтысыз» деп қорытындылап кеткен. Бірақ бұл туралы құжаттар жоғарыға өтпей отыр. Енді не істеуім керек?

Әселхан Әріпбайқызы

 

Ақмола облысы,

Целиноград ауданы,

Қосшы ауылы

 

– Биылғы жаңа тәртіппен жан басына шаққанда айлық табыс 25398 теңгеден аспаса, отбасы­на атау­­­лы әлеуметтік көмек тағайын­да­­ла­ды. Дегенмен былтыр сіздің от­ба­сы­ңызды уәкілетті орган лайық­ты деп танып, мемлекет тарапы­нан атау­лы әлеуметтік көмек тағайын­далып, оны үш ай бойы алып тұрған­сыз.

Сіздің айтуыңыз бойынша, арнайы комиссия үйіңізге келіп тексерген. Алайда белгісіз бір себептермен атаулы әлеуметтік көмек төленуге лайықты емессіз деп қорытынды жа­салған. Және де шешім ауызша жария­ланған секілді.

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау сатысында отбасының жиынтық табысы есептеледі. Атап айтқанда, Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы Заңға сәйкес атаулы әлеуметтік көмек алуға жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен асатын тұлғалар (отбасылар) жатпайды.

Егер атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысы өзгерсе (ұлғайса), онда, әрине, үміткер атаулы әлеумет­тік көмек беруге мұқтаж емес деген шешім қабылдануы мүмкін.

Алайда, ондай шешім ауызша жарияланбайды. Міндетті түрде уәкі­летті орган шешім қабылдап, оның жазбаша жауабын үміткерге ұсы­нады.

Егер үміткер уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда, сот­қа жүгінуге құқылы.

 

 

Соңғы жаңалықтар