Өнер • 14 Желтоқсан, 2022

Шотландияда «Мұқағали» фильмі бес жүлдеге ие болды

1272 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі кинорежиссер Болат Қалымбетовтің «Мұқағали» көркем фильмі Шотландияда өткен халықаралық Сент-Эндрюс кинофестивалінде бес бірдей жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шотландияда «Мұқағали» фильмі бес жүлдеге ие болды

«Сент-Эндрюс (SАFF) – халықаралық кинофестиваль. Бұл Шотландия мен бүкіл әлем бойынша кино саласындағы таланттардың есімдері белгілі болатын айтулы шара. «Мұқағали» көркем фильмі бір жылда 10 халықаралық сыйлыққа ие болды. Бұл бұрын-сонды болмаған үлкен қуанышты жаңалық. Барша қазақ киносын қадірлейтін көрерменге алғысымды білдіремін. Қазақтың ұлы ақыны ұлықталған фильм жастарға тек шабыт берсін. Тәуелсіздік күні қарсаңында әлемнің белді сыншылары өз бағасын берген «Мұқағали» фильміне берілген бұл жүлделер – қазақ халқының ортақ жеңісі!», деді фильмнің режиссері Болат Қалымбетов.

Белгілі қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» картинасы оның өмірінің соңғы жылдары туралы баяндайды. Фильмді Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірді.

Қазақстандық прокатқа фильм 2021 жылдың 21 қазанында шыққан болатын. Фильмнің әлемдік премьерасы 25-ші (PÖFF) Таллин кинофестивалі аясында өтті. Онда қазақстандық картина экуменикалық қазылар алқасының жүлдесіне ие болды.

Айта кетейік, осы жылдың наурыз айында өмірбаяндық картина Кераладағы (Үндістан) 26-шы Халықаралық кинофестивальдің «Әлемдік кино» секциясында ұсынылды. Қыркүйек айының басында «Мұқағали» фильмі Қазан кинофестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ фильм Гатчинадағы (Ресей) «Әдебиет және кино» Халықаралық кинофестивалінде қоюшы-суретші Ермек Өтегеновтың үздік жұмысы үшін қазылар алқасының арнайы дипломына ие болды. Қазан айында фильм Дубайдағы META Film Fest кинофестивалінде 70-тен астам фильм ішінен бас жүлдеге ие болды.