Тарих • 16 Ақпан, 2023

Құлбектің құндылықтары

717 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Жақсылар бағалаған, жұрт білетін, көп танитын әдебиеттанушы, зерек сыншы, журналистігі мен жазушылығы да жанып жіберсең тіліп түсетін, зерделі ғалым, бір сөзбен айтқанда, сан қырлы, бір сырлы Құлбек Ергөбектің азан шақырылып қойылған есімі – Құл-Құлбек.

Құлбектің құндылықтары

«Соғыстан жеті жерінен жараланып, жарымжан болып орал­ған» әкесі – Сәрсен, «Дөңгеленген дүниенің жан байлығын жұды­рықтай жүрегіне сыйғыза білген аяулы» анасы – Бибайша азан шақырып ұлдарының атын Құл-Құлбек қойған екен. Ол кездің адам­дарының миы аталадан таза, ойы тұнық, арманы биік болған ғой. Мүмкін ұрпақ дегенде үмітін үкі­­леп жүретін әке мен шешенің көке­йін­де сол сәтте Құл Қожа Ахметтей (Ясауи) данышпан тұрған болар.

Сыншының нәтижелі еңбегін ерте аңғарған, жазғандарын зерде­сінен өткізіп, шынайы бағасын ақ ниетпен айта алған, қазақ қара­сөзінің хас шебері, ақыл-ой алыбы, болмысы бүтін, келбеті келісті кемел жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «Ергөбековті Ергөбековтей бақай­шағына дейін жіліктей шағып, жілік­тей зерттеп, жіліктей түсіндіру үшін тағы бір Ергөбеков керек... таңғалдыра біледі. Тамсандыра біледі», деп бағалапты. Осы­ның өзінен-ақ Құлбектің тынымсыз тір­лігін бейнелеп айтсақ, қызыл «қырманын», кең тынысын көрсек керек.

Иә, Құлбектің қарымы мен да­рынын, алымы мен шалымын дәйектейтін, Әбіш ағамыз атаған дара бағаға жауап іздеу ниетімен қолға қалам алған едік. Бірден айтайық, данадан сондай баға алу – екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді. Бұл ұлтқа керек іске құл болу, сол құлдық еңбек­тің еселеніп қайтуын – оның шығар­машылығына ден қойған адам бір­ден аңғарары хақ. Оған жұрт қолына тиген ондаған кітабы дәлел. Айталық, алты томнан тұратын «Арыстар мен Ағыстар», жеті томды құрайтын «Түрікстан жинағы» және жеті кітап: әрқайсысы қырық баспа табаққа жетіп жығылатын «Өлеңсөз», «Қарасөз», «Сарасөз», «Дарасөз», «Данасөз», «Баянсөз», «Баласөз», Сәбит Мұқанов болмысын қамтыған бес кітап, өткен жылы қолға тиген «Келбет» атты қырық баспа табақ көлемді еңбек – Құлбектің ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесі десек, қателеспейміз.

Алғашқы сөзді – жыр жасыны, жарқ етіп жанып, маңдайға сыймай, жұлдыздай ағып өткен, бірақ құбылыс ретінде ұлт ақынына айнал­ған, біз жөнге келтіре алмай жүрген қазақ тілі туралы ана ғасыр­дың басында «Сүйемін туған тілді – анам тілін...» деп ардақ тұтқан арда ұл: «Біз – Алаштың баласы... Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деп ант етіп, антқа адал­дықтан танбай қызмет еткен, «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылық­тың кегіне, Күн болмағанда кім болам?.. деп тас түйін қарекетке бет алған Сұлтанмахмұт Торайғырұлынан ­бастайды. Оның өмірбаянына үңі­леді, өлеңдерінің астарына бойлап барып, «С.Торайғырұлы поэзиясы, түрдің түлеуі, жанрдың жаңаруы», деп ұлт мұратына оның адал қызмет еткенін қадап айтады.

Мәриям ана Хакімжанова дананы сөйлетеді. Оны төңіректе­ген сіңлілерін атайды. «Жас өмірім бақытсыздықпен өтті. 21 жасымда өлідей жесір қалдым. 31 жасымда (1937) тірідей жесір қалдым...» деп ашына айтады да, оны өлең жолына былайша түсіреді: «Августың жиырма тоғызы естен кетпес, Сол күні төккен жасым мәңгі кеппес. Бұлбұлым бақшадағы түсті торға, Көзден ғайып болды қолым жетпес. Өмірдің күнгей жағы қырын­дады, Жалт беріп бақыт құсым бұрылмады. Қайғының қара торы алдымда орай, Жан ұшырып жармассам да сырылмады», деп мұң шағады. Өкінішті өмір. Бірақ ол кісінің ұлт анасы, жұрт кісісі, заман­дастарына адал серік, сіңлі­леріне аялы алақан болғанын, айнала­сына үйіріліп жүретіндердің ілти­патымен баян етеді. Шет-жағасын біздер де көріп едік. Өзім ғана де­­мейтін, алдындағыларды үлгі ете­тін, Шолпан Иманбаеваны таң жұл­­дызына теңейтінін де естіп едік.

Одан кейін сыншыға көз қы­рын салып, «Әй, сендер, еркектер, әйелдің қадірін білесіңдер ме?!. Қазіргі заманда келін өзінің туған атасын да бақпайтын болды ғой, қарағым. Ал біз басқа едік қой. Әлде ол кезде адам иманнан тұратын ба еді?» депті де: «Ұл сүйіп отау тіккен қонысым-ай!» – деп ата-жұртын есіне түсіреді. Сол отызыншы жылдардағы сойқанда ерекше көзге түскен Ежовқа лағынет жаудырып, «Ежов деген шықты бір бас кесері, Қатты састырып халықты қан нөсері», деп қаймықпай айтыпты да: «Кім екен жазықсыздан зар қақтырған? «Жау» деген атақ тағып, ел шаптырған. Жететін ақ-қарасына жан бар ма екен, Не сұмдық кез келгенге жұртты ат­тырған...» деп ашынады.

Бұл 1937 жыл болатын. Өзгелер Ежовты ер деп мақтап жатқанда, қайсар ана ешкімнен ықпайды, қарсы шығып, «Өксумен өкінішті өтті-ау өмір, Қайғымен қарауытып шіркін көңіл. Кешегі лапылдаған ыстық жүрек, Суыды, суықтағы бейне темір», деп бір қайырып алып: «Жаны ашыр, мұны көрген жан бар ма екен, Жарқырап алдан атар таң бар ма екен? Алаяқ Ежов сынды қан құмарлар, Сорлатып сонша жанды жалмар ма екен?» (1938 жылы жазған) деп күйінеді. Осы батылдығы үшін Мәриям апайды батыр демей көр. Сол Мәриям апамыз Кенжебайұлының кеңесімен ұлтқа керек деп «Қырымның қырық батырын» ұлы жырау Мұрын Сеңгірбайұлынан жазып алған екен. Кейін ол жарыққа шыққан соң, зиялы қауым айтулы ақын апаларына алғысын білдіріп, бізде де «Манас» секілді эпос бар екеніне көздері жетіп, Мәриям апамызды дана апа деп кетіпті.

Қазақтың ақын қызы Зияш Қа­ла­уова туралы ұлы Бейсекең: «Аз­ғантай ғұмыр кешіп, артына ел айта жүрер салмақты мұра қал­дырған аяулы қарындас-ты», деп үш жинағын қолына аманаттап кеткен екен. Бейсекең аманатына адал болып келе жатқан Құлбек дос ол туралы кеңінен толғанады. Осы ғасырдың басында біз де «Қазақтың ақын қызы Зияш еді», деп «Егемен Қазақстанға» жазып едік. Жалпы, ғалым аналар келбетінен керемет сөз галереясын кестелегендей әсер­ге бөлейді. Оның ішінде қос Мәриям – Хакімжановамен, Мұқан­келінімен өз анасын ұштастырып, басқаларымен жалғастыруы да жарасым тауып отырады.

Әкелікке жараған Бейсекеңе балалыққа жарап, қызмет ету екі­нің бірінің қолынан келмей­ді. Ал Құлбектің қолынан келді. Құлбек баласы есебінде: «Қайран да, қайран Бейсекең!» деген мақалада ұлы ғалымға мұңын шағыпты. «Ал менің білетінім – Сіздің көкірегіңіз «Қа­зақ қайтсе ел болады!», «Азаматтық тарихымыз «Түрік» қағанатынан» неге сабақталмайды?», «Ұлт әдебие­ті­міздің тарихы неге «Орхон-Енисей» ойма жазуынан басталмайды?» деген сұрақтарға толы шер-шемен болып өткені. ...Сіздің жүрегі­ңіз қашанда қазақ деп соққаны. ...Ке­ше­гі кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға ішін алдырмаған азын-аулақ азғантай адамның бірі бол­дыңыз», деп бір қайырып тас­тайды да: «Біз қайраткерлікті қыз­мет, мансаппен өлшейтін түйсігі түсі­ніксіз ұрпақпыз. Министр дәре­жесіне жетті-ақ «қоғам және мем­лекет қайраткері» деп шыға ке­леміз», дейді. Жетімді жебеген кеңес өкіметіне қарыз бола тұ­рып, жетімді жеткізгенін ұқса да ұлт ісіне келгенде оны тәрк етіп, уралап жүріп елеусіз, ескерусіз қалдыр­ған «Шыңғыс хан», «Абылай хан», «Кенесары хан» аталатын үштік кітапты бастап, Күлтегін жазуы­на үңілгенін, ежелгі әдебиетті тірілт­кенін алға тартып, шын мәніндегі ұлы ғалым екеніне көзіңді жеткізеді. Біздің де ұлы сөзін жиі айтуымызға осы негіз.

Қ.Ергөбек дегенде онымен тамырласып кеткен екі айтулы Алаш ұлдары ойға келеді. Бірі – ұлт ға­лымы Б.Кенжебайұлы, екіншісі – жа­зушы С.Мұқанов. Екеуін де шын ниетімен зерттеді. Алда айт­қа­нымыздай, біріне ұл болды. Отын жағып, мұрасына иелік етті. Барының бағын ашты, жоғын іздеп тапты. Айтары жоқ, адал қызмет көрсетті. Екіншісінің музейін өз қолымен ашып, қорындағы мұ­раны тиянақты зердесінен өт­кізіп, естелік кітап құрастырып, бүкіл шығармашылығы туралы көлемді-көлемді алты кітап жазды. Онда ала-құла пікірдің ара-жігін ашып, заманына қарай айтқан сөздерінің астарына жете мән бе­ріп, құбылып соққан уақыт желі кімді адастырмайды, кімді шалыс бастырмайды, деп төрт құбыласы түгел туындыларын алға оздырды.

«Коммунистік партиядан тойдым. Тозды партия», деп ұлы жазу­шы Мұқанов назаланыпты. Тарихи-этнографиялық «Қазақ қауы­мын» жазыпты. Ол кейін «Ха­лық мұрасы» деген атпен жа­рық көріп, қалың жұрттың іздеп оқи­тын кітабы болғанына куәміз. 1932 жылы жарық көрген «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті» атты ғылыми еңбегінде: «Қазақ тілінің негізін салып, қазақ мектебінің ірге­тасын қалаған алғашқы адам – Ахмет. Ахметтің бұл тарихи еңбегі бағаланбай қалмақ емес», деп одан соң: «Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын қазақ­та жоқ», дегені қандай көрегендік. Расында, Ахмет те, Мағжан да сол биік­тен көрініп, халқымыз­дың дана­лығын, даралығын көрсе­тіп отыр емес пе? Әрине, біз жазу­шы­ға ақ­таушы болайық деп отыр­ға­ны­мыз жоқ. Құлбек достың ақиқат­ты ­айтуына үн қосу ғана.

Оқу министрінің орынбасары Щербаков деген ғылым кандидаты боламын деп диссертация қор­ға­мақ болады. Түпкі ниетінде интер­на­ционалдық тәрбие деген желеу­мен бастауыш қазақ мектептерін бірте-бірте азайту жатыпты. Осыны ұққан академик С.Мұқанов оған қарсы шығып: «Щербаковтің дис­сертациясында айтылғандай, мәселе Отанымызда жаппай орыс тіліне көшуге келіп тіреліп тұр ма?.. Жастарға интернационал­дық тәрбие беру жамылғысымен қазақ­тың бастауыш мектептерін жабуға атымен қарсымын!» деп төтесінен кетеді. «Әрбір халықтың ұлттық мектебі – сол халықтың күллі ұлттық мәдениетінің негізі, тіпті тұғыры! Ұлттың тілі, әдебиеті, өнері сол ұлттық мектепте жаса­лып қалыптасады. Олай болса, ұлт­тық мектеп – сол ұлттың өмірі, өмір сүру кепілі!» дейді.

Киелі Түркістанға табан тіреген соң Құлбек әдебиетшілігіне қоса, түркілік жұмысты қолға алды. Түр­кологияға ден қойды. Мағжанға сүйеніп «түркі» деп жазбайық, «түрік» дейік деген пікір ұсын­ды. Алғашын­да мұны қате деген­дер табылды. Келе-келе Құлбек­тің сөзі дәйекке айналды. Қайда жүрсе де ұстазы Бей­секең секілді Түркістанға орын тепкен соң, әр таңғы қадамын түрік дүниесі, қазақ әлемі деп бастайтын азамат ғалым ағаларының жолын жалғап, Түркістан тарихына үңіліп, Кауфманның 500 томдығын зердеден өткізген соң, ол ХІХ ғасырда осын­дай ерлік жасапты, бүкіл Орта­лық Азияның тұнып тұрған өмі­рін айнадағыдай көрсетіпті, ендеше ХХІ ғасырда біз неге сол ерлікті жаңғыртып, азат елдің тарихын толықтырмаймыз деп, бел шешіп кіріседі. Еткен еңбек, кеткен көз май жеті томдық «Түрікстан жинағы» болып жарыққа шықты.

Екіқабат жаңа ғимаратта «Бей­­сем­бай Кенжебайұлының түрік­тану музейі», «Түрік тіл­дес халықтар кітапханасы», «Тү­рік халықтары өнер галереясы» ашыл­ды. Бейсекеңдей ұлы ғалым­ның ұлағатты шәкірті Мырзатай Жолдасбеков: «Бұл бәріміз үшін киелі орын, киесі қазақ түрко­логиясының бастау басы Бейсембай Кенжебайұлы болса, иесі – оның ұлы Құлбек Ергөбек» дегені есте.

Сөйтіп, Құлбек түркі дүниесі­не қажет алдағы үш құндылықты халық игілігіне ұсынды. Бұл тү­рік жұртына жасалған оның таза пейіл еңбегі. Жоқтан бар жасап, бар­дың бағын ашқаны. Қазір дүние жүзінде тең келері жоқ «Түрік тіл­дес халықтар кітапханасындағы» құндылық бір институт, тіпті бір академия атқарар жұмысқа пара-пар. Ондағы көптомдық энциклопедиялар, сөздіктер, іргелі түрік мемлекеттері былай тұрсын, қол­дану аясы тарылған, тіпті жо­йылу­ға тақау қалған тыва, шор, хакас тілдеріндегі дүниелер қаншама? Ақын-жазушылар тарту еткен кітап­тар кітапханадағы бір әлем десе болады. Жиырма төрт түрік тілін­дегі қырық тоғыз мың кітап жи­нақталған. Естуімізше, Құлбек жасақтаған рухани орталықтарға түрік дүниесінің оқымыстылары келіп, қыруар сирек кітаптарда­ғы мәліметтерді зерттеп, ғылыми жұмыстарын жалғастыруда. «Құр­метті қонақтар» кітабына олар­дың жазған алғы сөзін оқысаңыз Құл­бек еңбегінің бағасын біле түсеміз. Әлем таныған Шыңғыс Айтматов «...сен бір ғана туған ұл­­тыңның әдебиетімен шектеліп қал­май, тұтастай Орталық Азия ха­лықтары әдебиетінің көркем кес­тесін терең түсініп, әділ баға­лайтын үлкен жүректі, нәзік тал­ғамды білімпаз сарапшысына айналып, жемісті еңбек етіп келесің. Біз сенің осы біліктілігіңді құрмет етеміз. Біз соған қуанамыз, бек сүй­сінеміз. Сен солай болғансың, солай болып қала бересің деп ойлаймыз», деген зор бағалауы таланттың талантты қапысыз тануы деуіміз керек.

Жинақтап айтар болсақ, оның шығармашылық ерекшеліктері мы­надай:

Бірінші, ол архив ақтарып, құн­ды материалдарын әдемі қиюлас­ты­рып пайдаланады. Жазғанда­рын оқып отырып, бұрынғы кеңес одағында ол бармаған ел, ол аш­паған елдің архиві жоқ па деп қа­ласың. Қазақы дәстүрдің қай­нар көзіндей Сәбит Мұқанов ізі­мен ізденісте жүріп, талай елдің архи­він ашқан. Архивтен бір Сәбит Мұқа­новқа ғана емес, күллі қазақ әде­биеті, ұлттық мәде­ниетімізге қа­тысты небір асыл деректер тауып, ол­жамен оралып отырған. Бірер мысал келтірумен шектелейік.

Бір ғана ОМӘӨА (Орталық Әдебиет және өнер архиві. Мәскеу) архивінен, біз мұнда «Жамбыл ақын ба, жоқ па?» деп шулап жат­қанда, Құлбек әйгілі киноре­жиссер Сергей Эйзенштейн, аға­йынды Васильевтер дейсіз бе, әдебиетші В.Шкловский, ақын В.Луговской дейсіз бе, соғыс жылдарында эва­куациямен Алматыға келіп, аяқ­талғанша қоныс еткен не бір қасқа мен жайсаңдардың «жеке архивін» ашып, ақындық өнердің ғажайып тұлғасы – Жәкең жайында небір материалдар, небір қайталанбас Жәкеңмен, Сәбең­мен, Мұқаңмен бірге түскен олардың суреттерін алып келгені бар. Оны­мен де шектелмей, ертеректе олар­дың көзі тірісінде көзбе-көз жо­лығып, ауызба-ауыз әңгімелесіп, тағы да Жәкең, Мұқаң, Сәбең жайында естелік­терін жазып алған. Бұл да ұлылар ­жайлы ғажап құндылық емес пе?

Екі мәрте Еңбек Ері, бидегі әлемдік құбылыс Г.Уланова, Н.Сац, В.Шкловский, Ю.Завадский сияқты ылғи бір «сен тұр, мен атайын» өнер саңлақтарының сирек суреттерін, киноленталарын қазақ әдебиеті­нің алыптары музейіне тапсырып, айтқызып алған естелік әңгімеле­рін өз еңбектеріне әдемі пайдалану­мен келеді. Ол құрастырған Жамбыл жайлы «Даңғыл», Қажымұ­қан жайлы «Балуан баба», Сафуан Шай­мерденов екеуі құрастыр­ған «Кәдімгі Сәбит Мұқанов», «Қа­зақ әдебиеті тарихының пірі» (М.Жолдасбеков) атанған Бейсекең хақында «Бейсембай Кенжебайұлы», жары Баян құр­дас екеуі құрас­тыр­ған Өзбекәлі Жәнібеков туралы «Ұлтымыздың ұйытқысы» естелік кітап­тары­ның іші толы жәдігер ­деуге болады.

Студент кезінде (70-жылдар) өзі туған ауылдың көнекөз қария­лары аузынан күш атасы Қа­жы­мұқан жайында естелік жа­зып ала­ды, оны архивтік материал­дар­мен толықтырып (С.Мұ­қа­новқа жаз­ған хаты), бел­гілі бір ком­пози­цияға құрып, «Қажы­мұқан­ның хаты» атап, «Егемен Қазақстан» газеті бетінде, 20-30 жылдан кейін жария­лағанда басшымыз Шер­хан Мұртаза «Бізге жазылар материалдар осылай болып келуі керек...» деп қуана бағалағанына куә болғанымыз бар.

Мұхтар Әуезовтің архивтен жа­рияланбаған хатын да Құлбек ­тауып, Ахмет Байтұрсынұлы жа­йын­­да жазған «Қырық мысал» хи­кая­сы» аталатын эссе-мақаласын­да («Түркістан» газеті) әжелері­міз­дің «құрақ көрпесіндей» қиюын ­кел­тіріп пайдаланғанына тәнтіміз.

Бұл ретте М.Лермонтов жайын­да қайдағы бір қиырлардан бір то­сын материал тауып алып, оны қым­бат жәдігер ретінде формасын та­уып, материал жазып жұртты таң­ғалдырып жүретін орыс әдебиет­шісі Ираклий Андроников секілді біздің досымыз да аянып қалып жүрген жоқ. Орыс мәдениетіне жарасқан «әдеби ізденіс» неге қа­зақ мәдениетіне жараспасын? Оның бірсыпыра еңбектері осын­дай «ізденістен» тұрады, тың де­рек­термен жазылған дүниелері қы­зық­ты оқылады. Құнтты Құлбек­тің архивтік тың деректер, көне­көз­дің естеліктері қатыстырылып жазылатын әдебиеттанушылық, сыншылық еңбегі көркем дерек­ті әңгімедей баурап, еріксіз оқуға оты­расың. Оған ғалым сыншының «Сарасөз» аталатын архив мате­риалдарынан тұратын кітабы дәлел.

Қазақ әдебиетінің жалпы­түрік­тік ортақ тарихы үшін күресіп, шәкірттерімен бірге қазақ жазба әдебиетінің тарихын «Түрік қаға­наты» дәуіріне дейін бақандай XV ғасырға тереңдеткен күрескер «хас батыр» (Б.Момышұлы) – профес­сор Бейсембай Кенжебаев қарта­йып, қараусыз қалған шағында, жары Баян екеуі бала мен келін болып қолына кіріп, бар ісі кісі міндетіне қараған әзіз адамды бағып-қақса, ол – досымыз үшін әдеби қаламгерлік ырыс болған секілді. Бірінш­іден, Бейсекең аузынан қаншама есте­лік әңгімелер жазып алған. Қазір оны бір әлем деуге болады. «Түрік қаға­натынан бүгінге дейінін...» зер­­делеп, туындыларын қайта бас­тырумен бірге, көзі тірі кезінде қағазға түсірген «архив-дәптер» мәліметтерін қоса пайдаланып қызықты мақала, арнайы кітап жазып шықты. Қартты күту бейнет боларын түсінеміз. Ал біздің досымыз сол бейнетті әдеби ырыздық­қа айналдырып, ұлт руханиятына үлес қосты. Ырыс емей, немене, бұл?

Екіншіден, Бейсекең айналасы толы шежіре қарттар болып­ты. Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха анамыз, тұңғыш әдебиет сын­шысы, «Еңбекші қазақ» газе­тінің редакторы Ғаббас Тоғ­жанов­тың жесірі Мәриям апай дей­сіз бе, Н.Оңдасынов, Д.Қо­наев, Ж.Тәшенов дейсіз бе, Бейсе­кеңмен Ташкентте жетім балалар үйінде бірге тәрбиеленген Ж.Арыс­танов, Ө.Тұрманжанов, Б.Шы­нарбаев, Ш.Өтепов дейсіз бе, оған әр қиырдан көңілін сұрап келетін әріптестері Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Қ.Мұқаметханұлы, Ы.Мамановты қосыңыз, Бейсекең арқасында жолықпаған, кездесіп әңгімелеспеген кісісі кемде-кем. Бұған күнде кешқұрым «Домо­де­дова» аталған М.Төлебаев көше­сінде бұрынғы Үкімет төрағасы М.Бейсебаев, бұрынғы Жоғарғы кеңес Президиумының төрағалары Д.Керімбаев, С.Ниязбеков, бұрынғы министрлер Ә.Сембаев, Ә.Шәріпов, Ә.Қанапин сынды қарт зейнеткерлер шоғырына еріп, бірге сейілдей жүріп, әңгімелерін тыңдап, қазір қалам тербеп жүргенін де айта кету парыз деп білеміз.

Құлбек қырғыз Ш.Айт­матов, авар Р.Ғамзатов, өзбек А.Яқубов, башқұрт М.Кәрім, балқар Қ.Құ­лиев, титан әдебиетші В.Шкловский, орыстың реформатор-режиссері Г.Товстоногов, пушкин­тануда­ғы ерекше құбылыс Н.Раев­ский, Орталық Азиядан алғашқы ­қа­тар­­да И.Сталин атындағы сый­лық­ты алған Түгелбай Сыдық­беков, «би тәңірісі» атанған Г.Ула­нова, чешен М.Эсенбаев, өзіміздің ­би майталманы Шара т.б. сан-сала саңлақтарымен жүздескен, іздеп барып әңгімелескен, сұхбаттасып мақала жазған ауқымы кең азамат, тынысы кең қаламгер. Бұл саладағы еңбегін тұшыну үшін оның «Дарасөз» аталатын кітабын оқыған ұтылмайды.

Осыдан оншақты жыл бұрын Түркістанда ағартушылық қыз­метке жегіліп жүрген оның Аста­наға оператор ертіп, телекамера ала келіп Әбіш, Мырзатай, Тө­лен, Қойшығара ағалармен бес-алты сағаттан сұрау беріп, жетелей әңгімеге тартып, адамдық, қаламгерлік сырын телетаспаға жазып алғанын да көрдік. Одан Алматы асып Т.Кәкішев, С.Қира­баев, Д.Исабеков т.б. жазушы, әде­биетшілерді экран алдында ­са­ғаттап сөйлетті дейсің. Бұл не? Он­дағы мақсат руханият әлемін­дегі ұлттық тұлғаларымызды к­еле­шек­ке тірі бейнесінен «алтын қор» ­жа­сап, сақтап қою еді. Осыдан ­ке­йін ­досымызды «Құнтты Құлбек» ата­масқа амалымыз бар ма?

Қазақ әдеби сыны – әр алуан­ тақырыпты Құранды кітаптан тұра­­­тыны белгілі. Ал Құл­бек тұтас бір сын кітабын бір жанр­­­дың тарихына, табиғатына ар­­найды. «Өлеңсөз» – қазақ поэ­зиясын, «Қарасөз» – қазақ прозасын, «Сарасөз» әдебиеттану, сын таби­ғатын қамтиды, басқа том-том еңбектер де осылайша әр жанрды тарата баяндайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Түрік тілдес халықтар кітапха­насында» 24 түрік тілінде жарық көрген 49 мың кітап жинақталып­ты. Оның ішінде бүгінде өз тілінде кітап басылмайтын, 10 мың шамасында ғана қалған, жойылып бара жатқан шор тілінде ке­зінде жарық­қа шығып үлгерген шерлі кітап­тар­дың жөні бөлек. Ортағасыр­лық араб тіліндегі басылымдар, Санкт-Петербургте «Түркістан инс­титуты» баспаханасында ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасыр басын­да басылған, сол институтқа сырт­тан жинақталған энцикло­пе­дия­лар, энциклопедиялық сөздік­тер (ХІХ ғ.) тұнып тұрған қымбат мұра, құнды жәдігерлер емес пе? Бұл орайда «Түрік тілдес халық­­тар кітапханасы» кітапхана ғана емес, музей деп те білеміз. Досымыз­­ға кітапхананы «Түрік тілдес ха­лық­тар кітапхана-музейі» етіп қайта құруды ұсынар едік.

Кітапханадағы «Пушкин үйі» үлгісінде жинақталған еңбектер бір төбе. Жеке кітапханалардан бас құрайды. Кімдердің жеке кітапханасы? Ұйғыр Ғ.Садуақасов (ака­демик), өзбек жазушысы Н.Фа­зылов, қырғыз Ш.Айтматов, татар Х.Миңнегулов, башқұрт М.Идель­баев, хакас В.Бутанаев, саха Н.Васильев (академиктер), Б.Кенжебаев, Ө.Жәнібеков, Р.Сейтметов, Т.Кәкішев... көп-ақ.

Шерхан Мұртаза кезінде Құл­бек туралы «Сіз адал жүрек, ақ ниет, елге деген шынайы жана­шырлықпен қай мәселеге де... көр­некті әдебиет сыншысы, ғалым, жазушы, педагог ретінде Алаш­тың көшбастар серкелері қатарын­­да теңдессіз орныңызды тапты­ңыз», деген-ді. Осы күндері санаулы сар­дар дәрежесіне жеткен Құл­бек Ергөбек туралы сөзімізді осымен түйінделік.

 

Сүлеймен МӘМЕТ