Пікір • 08 Қазан, 2023

Ұлттық идея

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінгідей заманда бабалар жолын рухани құндылықтың алтын арқауынан шығарып алмай, халықтық қалыбымызды сақтап, еліктемей, солықтамай ақылды оздырып, әлемдік үрдіспен ұштастырсақ, ұтылмасымыз хақ. Ұлттық идея да осыдан қанат қақса, кәне!

Иә, біз ұлттық идеяны сөз жүзінде айттық. Іске келгенде: ұрандатқан қағаз да бар, нәтижесі кем жоба-жоспарларға, ана бағыт, мына бағытқа, қаржысын талапайға түсірген бағдарламаларға ұрындық. Тәуелсіздік буы бойды кернеп, бөрікті аспанға атып жіберіп, соны қызықтап, жас мемлекет бірте-бірте түзеледі дедік. Бірақ жас мемлекетті Абай айтпақшы, несін жасырайық, «ішсем, жесемге» бейімдеп жібердік.

Оны сезген Шераға Камал досы екеуі «Елім саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!», «Алтын сандықтың кілті кімде?», «Алтын бар жерде – әзәзіл бар», «Жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық» деп зар шекті. Тыңдамадық. Тарихқа бойлап, терең ойлап, бұрын да қазақ от жаққан, Отан құрған демей, кең керегені жалған гүмпілмен тарылттық. «Қазақстан-2030» деп, оны орындадық деп, 2050-ге құлаш сермедік. Бұл енді оған дейін кім бар, кім жоқ көре жатамыздың көрінісі болып шықты.

Сөйтіп жүргенде, өз қамын ұлт қамынан жоғары қойғандар шыға келді. Оларға сыбайлас, жемқор деген «термин» тағып, 1998 жылы тұсау салатын құжат қабылдадық. Біраз жұрт үдірейді. Алатаудың баурайындағы сарайларын тастай қашты. Ол құжаттың арқауы бос екенін ұққандар қайта кірісті. Түрлі жолмен кетпеннің ұңғысын қойып, мұнай құбырымен қылғытты. Соның залалын қазір халық тартудай тартып-ақ жатыр. Сәбит Дөнентаевтың «Заман кімдікі?» өлеңіндегі «Бұл заман байқағанға күштінікі, Азулы, тырнақты мен тістінікі» деген жолдарды айтумен жүр.

Әділетті Қазақстан құрамыз деп талпынып жатырмыз. Мемлекетіміздің мәуелі бәйтеректей өзіндік ұлттық идеясы болса, соның түбіне топтасақ деген бір қиял маза берер емес. Анау да, мынау да ұлттық идея емес пе дейтіндер табыла қалса, ұлт рухын оятатын, ол естілгенде орнынан ұшып тұратындай болса дейміз. Мемлекеттің негізгі іргетасы қазақ жұрты екені айдан анық. Қазақ жерін білектің күші, найзаның ұшымен қорғаған да қазақ. Бұл – жалған сөз емес, ақиқат сөз. Ендеше, сол ақиқат сөздің арқауында болаттай берік, тұма бұлақтай тұнық ұлттық идея жатса, одан парасатты қоғам салтанат құрып, ұйыған ұлттық мемлекет орнықса, қан мен жанда бар халықтық қалып терең тамыр тартса, көнбістіктен құтылсақ, ұтылмас едік. Оны қыңыр баспайтын, ескі қараулығына бақпайтын, ой түбі таза адам бұрмасыз түсінеді.

Иә, жүзі бөлек бір адам көріне қалса, тізімге қоса салып, көпұлттымыз дегенді ұрандаттық. Шынына келсек, олардың санау­лысы болмаса, дерлік мемлекеті, тек тамыры бар диаспоралар еді. Қазақ түсініссе жатына да жамандық жасамаған. Төріне шығарып күткен.

Дәл қазір бәрінің басын біріктіріп, бөлмей, қолтықтастырып отырған қазақтың кемдігінен емес, кеңдігінен, байтағына тартқан пейілінен, кіршіксіз ниетінен,түзу пиғылынан. Біз бүгіле бермей, осыны бұра татқандарға іркіліп қалмай, бүгежектемей, зиялылықпен жетесіне жеткізіп отырсақ, жер иесі, ел иесі екенімізді танытар едік.

Қазақтың Отаны – Қазақ мемлекеті! Бұған ардан безген алаяқ болмаса, еш пенде «әй» дей алмайды. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы: «Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз... Отанымызды көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына адалдық деген – осы!», деді.

Ұлттық идеяның негізі осы сөздерде жатыр. Ұлттық идеясыз ұлт болмысы қалыптаспайды. Жылдарға арналған жылнама сөздердің көсегені көгертпейтініне, уақытша тірлік екеніне көз жетті. Енді ұлттық идея тірек болмаса, шашырандылық шаршата бермек. АҚШ-ты айбынды етіп отырған – америкалықтар.

Бүкіл елдегі диаспораларды кемелдігімен біріктіріп отырған Қазақ еліне темірқазық ұлттық идеяның қажеттігі айдай анық болып тұр. Бөлінсең бөрі, жарылсаң жау алады, ендеше, мына ұлттық идеяға жұмыл, сонда ғана арман-аңсарыңнан адаспайсың деп үн көтеретін сәт туған секілді. Бүкіл ұлт, оқыған, тоқығандар, шын зиялылар жалғандықтан, көлгірсуден арылып, шын сөзге бас қойып, бас біріктіретін кез келгені шындық. Бұдан кешігу опындырып жүрмесін дейік. Бұл – үркіту емес, ой бөлісу, кешікпеу қамы.