Сұхбат • 09 Қазан, 2023

Ұлт өз болмысымен ғана асқақ

309 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бесқала өңіріндегі қазақ жұрты сандаған ғасыр бойы түркітілдес ағайындармен аралас-құралас өмір сүріп жатыр. Атажұрттан жырақта жүрсе де мәдениеті мен дәстүрін, ана тілінің қадір-қасиетін ұрпағының бойына сіңіріп, ұлттық болмысын сақтап отыр. Бұған өз кезегінде сол елдегі қоғамдық ұйым да өз үлесін қосып келеді. Қарақалпақстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Асқар ҮМБЕТАЕВПЕН әңгіме барысында осыған көз жеткіздік.

Ұлт өз болмысымен ғана асқақ

– Мәдени орталық Қарақал­пақ­стан­дағы ағайындардың рухани, мәде­ни сұранысына сай қандай шаруа атқарып жатыр?

– Қарақалпақстан Рес­пуб­ликасы қазақ ұлттық-мәдени орталығы – ұлт мәдениетін сақтауға, оның дамуына белсенді көмектесетін мәдениет, ғылым және білім салаларымен қоса еӊбек ұжымдары өкілдерін ерікті түрде біріктіретін қоғамдық ұйым. Орталықтыӊ негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін сақтау, өркендету, сондай-ақ халықаралық достықты дамыту және нығайту. Ол мемлекет тарапынан бөлінетін субсидия арқылы, сондай-ақ заӊға сәйкес басқа да көздер есебінен қаржыландырылады.

Қазір Қарақалпақстанда 300 мыӊға жуық қазақ ұлтының өкілі басқа ұлттармен тату өмір сүріп жатыр. Олардыӊ рухани, мәдени сұранысын қанағаттандыру мақ­сатында орталық тарапынан қазақтар қалың шоғырланған аудандарға, қалаларға барып, түрлі мәдени-ағартушылық шаралар ұйым­дастырылады. Мысалы, биыл 13 наурызда «Көрісу күні» Нөкіс қаласындағы Мемлекеттік академиялық музыкалық театрында ерекше тойланды. Оған респуб­лика басшылары, орыс, украин, корей және түрікмен ұлттық-мәдени орталық өкілдерімен бірге, Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық-мәдени орталығы төрағасыныӊ бірінші орынбасары Хасан Омаров қатысты. Мерекеге жиналғандарды Қазақстанныӊ Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шаханов, Қазақстан Жазушылар одағыныӊ мүшесі, ақын Базарбай Иман видеобайланыс арқылы құттықтады.

Мәдени орталықтыӊ бас­та­масымен Тахиатас қаласы, Хожелі, Бозатау аудандарындағы қазақ ұлтыныӊ мәдени өмірі, салт-дәстүрі туралы хабарлар түсіріліп, Қарақалпақстан телерадио­ком­па­ния­сыныӊ «Өзбек­­стан – жалпы үйіміз» атты бағдарламасы аясында көрсетілді.

Осы жылдыӊ 6-7 мамыр күндері Науаи облысында Әй­теке би Байбекұлын еске алуға арналған асқа Қарақалпақстан қазақ ұлттық-мәдени орта­­лы­­­ғының өкілдері де қатысты. Конфе­рен­цияда Нөкіс мемлекеттік педа­го­гикалық институты қазақ тілі кафедрасының меӊгерушісі, филология ғылымдарыныӊ докторы Ырысты Құттымұратова Әйтеке би бабамыздыӊ өмірі мен мұрасы туралы баяндама жасап, алқалы жиынға қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Қазақ ұлттық-мәдени орталығыныӊ ұйымдастыруымен Нөкіс қаласындағы жоғары оқу орындарында, колледж­дерде,­ мектептерде ұлтымыздыӊ атақ­ты ақын-жазушылары мен тұлға­ла­ры­ныӊ мерейтойларына қатысты іс-шаралар өтеді.

– Бесқаладағы ағайындардың ана тілінде білім алатынынан хабардар­мыз. Жалпы, Қара­қал­пақстанда қан­ша­ қазақ мектебі бар? Онда қанша бала­ оқиды? Мұғалімдерді даярлау мәсе­ле­сі қалай шешімін тауып келеді?

– Қазір Қарақалпақстанда қазақ ті­лін­­­де білім беретін 150-ден астам мектеп­те­ жалпы саны 20 мыӊға жуық бала бі­лім­ алады. Олардың ішінде 15 мыӊға жуық оқушы, яғни оқушылардың 75 па­йызы республиканыӊ 6 аймағына тиесілі (жалпы 17 аймақ). Атап өтсек, Қоӊырат ауданында – 4 891, Нөкіс қаласында – 2 674, Беруни ауданында – 2 234, Тақтакөпір ауданында – 1 890, Хожелі ауданында – 1 590, Мойнақ ауданында 1 508 оқушы ана тілінде оқиды. Білім саласы мамандарының айтуынша, соңғы кездері оқушылар саныныӊ азаюына байланысты қазақ сыныптарын ашуда проблема туындап отыр. Ал мұғалімдерді даярлау мәселесіне келсек, биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оӊтүстік Қазақстан педагогикалық университеті, сондай-ақ атажұрттағы басқа да бірнеше жоғары оқу орнынан профессор-оқытушылар келді. Олар Қарақалпақстан Білім министрлігі басшылармен кездесіп, бакалавр, магистр және докторанттар даярлауға қатысты ұсыныстарын білдіріп, аталған мәселеніӊ оңтайлы шешілуі жөнінде келісілді.

– Қарақалпақстанның жо­ға­ры оқу орын­дары тара­пы­нан қай университет пен инсти­тутта қазақ мектептеріне мамандар даярланады?

– Қазақ мектептеріне негізінен Әжі­нияз­ атындағы Нөкіс мем­лекеттік пе­­д­­а­­го­­гикалық институтында физика-мате­­матика, химия, биология, бастауыш білім, мектепке дейінгі білім, педагогика-психология және қазақ тілі және әдебиеті мамандықтары бойынша жылына 300-ден астам маман даярланады. Бұдан басқа Бердақ атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетін қазақ тілі және әдебиеті мамандығы бойынша жыл сайын 30 маман бітіреді.

– Мәдени орталықтың ата­­жұрт­­­­та­ғы­ «Отандастар» қоры­мен­­ байланысы­ қан­дай дең­гей­де?­

– «Отандастар» қорымен байланысымыз жақсы. Себебі біз қордыӊ сайтына, чатына қосылу арқылы көп мүмкіндік бар екеніне көз жеткіздік. Шетелдегі қандастарды қолдау, олардыӊ балаларын жеӊілдікпен оқыту, қандастар балаларының жазғы демалыс-сауықтыру орта­лық­тарында демалуы секілді қыруар істіӊ атқарылып жатқандығынан хабардар болдық. Қордыӊ «Қор­жын» бағдарламасы аясын­да қандастарға көрсетілетін көмекке сәйкес, біздіӊ орталық осы жылы ұлттық аспабымыз – домбырамен, біршама әдеби, тарихи кітаптармен қамтамасыз етілді.

– Қазақ мемлекеті тарапынан­ жыл сайын шетелдегі қазақ жас­та­рының атажұртта жоғары білім алуы­на арнайы квота бөлінеді. Қара­қал­пақ­стан­дағы қазақ жастарының осы квота­да­ғы­ үлесі қандай?

– Бұл жайында биылға дейін тұрақ­ты­ шұғылданатын ұйым не мекеме бол­ма­ғандықтан, жастарымыз бұл мүм­кін­дікті пайдалана алмаған-ды. Осы жыл­дан бұл бағытта жұмыс басталды. Қазақ­станныӊ бірнеше жоғары оқу орныныӊ өкілдері осы мәселеге орай арнайы іссапармен келді. Олар қазақ ұлттық-мәдени орталық мүшелерімен бірге өӊірлердегі мектеп мұғалімдерімен кездесу­лер өткізіп, қандастарға бөлінетін квота жөнінде жан-жақты баян­дады. Нәтижесінде, санаулы болса да биылғы мектеп түлек­те­рі атажұрттағы жоғары оқу орын­да­рыныӊ дайындық курстарына, магистратурасына қабылданды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта өсе түседі деген ойдамыз.

– Ұлттың өз болмысын сақ­тауы тілге, дәстүрге байланыс­ты екені бел­гі­лі. Осы орайда ұлт мәдениетін насихаттау қай деңгейде?

– Әрине, ұлт тілінен, мәдени құнды­лық­тарынан, салт-дәстүр­лерінен ажырайтын болса, оның рухы да, болмысы да әлсірейтіні сөзсіз. Осыны ескере отырып, әрбір мәдени іс-шарамызда ұлттық құндылықты дәріптейтін жәдігерлерімізді көрмеге қоюды дәстүрге айналдырдық. Мысалы, беташар, бесікке салу, тұсау кесу сияқты әдет-ғұрыптарымызды көрсететін көріністер қойылымын, киіз үй жабдықтары, аӊшылық пен құсбегілік құралдар, сондай-ақ киім-кешек секілді ұлттық бұйымдар көрмесін жиі ұйым­дастырамыз.

Қарақалпақстан телеарнасында әр ай сайын көрсетілетін «Өзбекстан – жалпы үйіміз» атты 30 минуттық қазақ тіліндегі хабарлар редакциясымен де тығыз байланыс орнатқанбыз. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, жас өнерпаздарды, қолөнершілерді, айтыскерлерді, сондай-ақ ұлттық бұйымдарды, киіз үй соғушы шеберлерді, үлгілі отбасыларын халыққа насихаттап отырамыз.

– Өзбекстан Мәдениет министрлігі бірер жыл бұрын қан­дас­тарымыз қа­лың шоғыр­ланған аудандарда өнер ұжы­мын құру туралы шешім қабыл­да­ған болатын. Оның ішінде Төрткүл ауда­нында, сондай-ақ Тақта­көпір ауда­нында «Саржайлау» өнер ұжым­дары бар. Осылар туралы кеңі­рек айтып берсеңіз.

– Тақтакөпір ауданында­ «Сар­жайлау» өнер ұжымы бүгінде аудандық мәдениет бөлі­мі­­ құзырында, Төрткүл ауданын­да­ ашылған «Айналайын» этно­графиялық фольклорлық ансамблі де аудандық мәдениет бөлімі жанынан құрылып, өнер көрсетеді. Ал сол аудандағы «Қызғалдақ» өнер ұжымы жеке топ болып, негізінен демеушілердіӊ көмегі арқылы өнерін өрістетіп жүр.

– Мәдениет демекші, Бесқала – ежел­­ден жыраулар мен жыршылар мекені. Осы жы­рау­­­лық дәстүрді сақтап қалуға қатыс­ты­ қандайда бір іс-шаралар жүзе­ге асы­ры­лып жатыр ма?

– Иә, Бесқала жыраулар, жыршылар мекені еке­­ніне дау жоқ. Бұл өӊірден шыққан атақ­ты Наурызбек, Қарасай, Өсербай жырау­лардыӊ жыр-термелерін айтып жүрген жастар көп. Бірақ қазір бұрынғыдай той-мерекелерде халықты құрға жинап, терме, жыр-дастан тыӊдау азайып барады. Жыршылық өнер уақыт талабына бейімдеуді, қолдауды қажет ететіні сөзсіз. Ұйымдастырған іс-шара­ла­рымызда атақты жыраулардыӊ жыр-тер­мелерінен үзінді беруден әріге аса алмай отырғанымыз тағы да шындық. Жыршылардыӊ бір тобы тұрмыстық қажет­тілікпен заманауи жанрларға ауыс­қан болса, кейбірі өз несібесін ата­жұрт­тан іздеп, сонда қоныс аударған. Осы орай­да келесі жылы Науаи облысында халық­аралық деӊгейде өтетін Әйтеке би баба­мыздыӊ 380 жылдық мерейтойында жырау-жыршылардыӊ өнеріне баса назар аударуды ұсынар едік. Себебі алқалы жиын бірнеше күнге созылып, бүкіл түркі дүниесініӊ зиялы қауымы бас қосады деген жоспарланып отыр.

– Мәдени орталық ұйымдас­ты­ра­тын іс-шара көптің қол­дауымен өте­ті­ні белгілі. Осын­дай­да орталыққа қол ұшын созып, демеушілік көрсетіп оты­­ратын мекеме басшылары, кәсіп­­кер­лер бар ма?

– Әрине, «Көрісу күні», Наурыз мерекесі секілді ірі іс-шараларымызға көмегін көрсететін тұрақты демеу­ші­леріміз бар. Мұқтар Пірназаров, Орын­ба­сар Шынтасов, Жұмабай Әлиев, Қайрат Балаханов секілді кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетсе, бұрын аудан әкімі болған Толыбай Ибрагимов, коммуналдық шаруашылық министрі болған Өмірзақ Дәулетов, жобалау инс­ти­тутын басқарған Амангелді Айтбаев, Республикалық қада­ғалау-тек­серу бас­қар­масын ұзақ жыл басқарған Жарылқап Ордабаев сынды ағаларымыз ақыл-кеӊесі, ой-пікірлерімен үлесін қосып жүр. Өз кезегінде, мәдени орталық та олардыӊ ерен еӊбектерін бағалап, мемлекеттік, басқа да қоғамдық ұйымдардыӊ жоғары марапатына ұсынып отырады.

– Мәдени орталықтың алда­ғы­ жос­пар­­лары туралы не айтасыз?

– Былтыр желтоқсанда өткен төраға­лық­қа сайлау кезін­­дегі бағдарламамда Қара­қалпақ­станда айтыс өнерін дамыту, оған жас ақындарды тарту,­ олардың республикалық, халық­аралық айтысқа қатысуына ық­пал ету, орталық жанынан жас ақын-жазушылар, ұлттық киім тігуді үйрететін үйірмелер ашуға басымдық берген болатынмын. Сондай-ақ қазіргі қазақ мектептерініӊ сақталуы, оларды оқулықтармен және мұғалімдермен қамтамасыз ету бойынша мәселе де күн тәртібінде тұр. Республикамыздағы 300 мыӊға жуық қазақтыӊ талап-тілегі – «Алматы-Нөкіс-Алматы» бағытындағы жолаушылар по­йызы қатынасын қалпына келтіру, қосымша «Нөкіс-Ақтөбе-Нөкіс» жолаушылар пойызының ашы­луына ат салысу да алдағы күндегі басты мәселенің бірі. Мәдени орталық жоспарларын осы бағытта жалғастыра бермекші.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен – 

Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»