Халық • 19 Желтоқсан, 2023

Бірлік әділеттілікке тәуелді

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұрын да жеке-дара ел болғанбыз. Әріден тартқанда ғұн, түркі жұрты жайындағы деректер осыны айғақтайды. Берісінде Жәнібек пен Керей хандардың ұйытқы болуымен өз алдына Қазақ хандығын құрғанбыз.

Бірлік әділеттілікке тәуелді

Бабаларымыз Ұлы дала төсінде «ешкімге соқтықпай», «жерінің шетін жау баспасын деп, найзасына үкі тағып» (Қазыбек би), бейбіт өмір кешкен. Ұлан-ғайыр дала төсінде «басынан сөз асырмай», көшпелі өмірдің қызығын да көрген. Кейін ғой империялардың көз­құртына айналған қазыналы дала жұрты бодандық бұғауына түсіп қалғаны. Әуелі тең дәре­жеде қарым-қатынас орнату тура­лы келісім болғанымен, Ресей империясы біртіндеп өзінің отарлық пиғылын іске асыруға кірісті.

Ресей империясы қазыналы аумақтың ұңғыл-шұңғылын қопарып, жергілікті халықты шөбі шүйгін, орманды, сулы-нулы алқаптардан ығыстырып, казактар мен қарашекпенділерді қаптатты. Жерден айырылу – елдіктен айы­ры­лудың басы екенін түсінген ерлер атқа қонды. Әділетсіздікке қашанғы төзеді? Исатай мен Махамбет, Сырым Датұлы, Кенесары, Аман­гелді батыр, Бекболат Әшекеев бас­таған көтерілістер – осының дәлелі. Жазушы Мұхтар Мағауин айтатын азаттық үшін арпа­лысқан 300 жылға созылған күрес дегеніңіз осы.

Тарихында халқымыздың көр­меген құқайы, тартпаған азабы жоқ «Ақтабан шұбы­рынды, Алқакөл сұлама», Ресей империя­сы­ тұсындағы қанды айқастар – ғасырлар бойы қазақ жұртының басынан қауіп арыл­ма­ғандығының нышаны. «Бар халықты тең­дік­ке жеткіземіз» деген кеңес өкіметі де қазақ жұртын алапат қырғын­ға ұшыратып, ашар­шылық, қуғын-сүргіннің кесірінен 6 мил­лион жанның тең жартысынан айырыл­дық. Жойылып кете жаздады, атажұртында 40 пайыз­ға жетер-жетпес халге жеткен халық әйтеуір әупірімдеп аман қалды. Осылайша, жат жұртқа жамандығы жоқ Қазақ елі еңсесін қай­та тіктеді. КСРО-ның іргесі ыдырап, одақ­тас­ респуб­ликалар қатарында егемендігін жария­­лады.

Шүкір, бүгінде төрткүл дүние­­нің тоғы­зын­шы территориясын иемденіп отырған елді бүкіл әлем таниды. Шартараппен барыс-келіс орны­­ғып, сауда-саттық дамып келеді. Әйтсе де, шикі­зат қоры мол мемлекетке қызығатындар да, жерінің кеңдігіне қызғана қарайтындар да бар. Сол себепті бүгінде «Өз-өзіңе берік бол, көр­шіңді ұры тұтпа» деген ұстанымға бекінуге мәж­бүрміз.

Сателлит ел ешқашан сыбағаға жарымайтыны мәлім. Бұрынғы кездегідей империя-бодан жұрт формуласы болмағанымен, «қамқорлық жасау» арқылы «айтқанына көндіріп, айдауына жүргізуге» ұмтылатын мемлекеттер бар екені тағы белгілі. Көпвекторлы саясатқа көбірек иек артқанымызбен, қазір әлем күштілердің ыңғайына ауысып бара жатқандай. Сол себепті ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханның «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деген сөзіне ден қоюымызға тура келеді. Өйт­кені ұлтқа бостандықтан, азаттықтан асқан құн­дылық жоқ.

Ынтымақ демекші, қоғамда ынтымақ жа­йында, ел бірлігі туралы көп айтылады. Бірлік болғанға не жетсін. Әйтсе де, бірлік атаулы әділеттілікке тәуелді. Әділетсіздік жайлаған жерде бірліктің болуы неғайбіл. Әділетті билік – бірліктің бас­ты барометрі. Олай болса, әділетті қоғам орнату жай ұран емес, нақты нәтиже арқылы жүзеге асуға тиіс. Әділеттілікті арқау еткен билікке қоғамның да ықыласы ауады. Ұлтының қолдауына сүйенген, сенімінен шыққан биліктің бағындырар асуы да асқақ болмақ.

«Қазір мен әлсізбін деп еш­нәрседен таюға жарамайды. Әлсіздің әлді болуы, әлдінің әлсіз болуы осы заманда қиын емес. Жігер керек, қайрат керек. Күрестің аты – күрес, жыламаған балаға емшек бермейді» деген еді кезінде Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасұлы. Тұп-тура осыдан бір ғасыр бұрын.

Күресу керек, елдің ертеңі үшін. Елдік тұғырын нығайту үшін.