Сенат • 03 Қаңтар, 2024

Әли Бектаев: Президент ел көкейіндегі сауалдарға жауап берді

153 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі санында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғалым, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлына берген сұхбаты жарық көрді. Халық қалаулылары кең көлемді сұхбат туралы пікірлерімен бөлісіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Әли Бектаев: Президент ел көкейіндегі сауалдарға жауап берді

Сенатор Әли Бектаев Президент бүгінгі сұхбатында халық көкейіндегі сауалдарға шынайы жауап бергенін алға тартты.

«Салиқалылық пен сабырлылық мықты саясаткердің негізгі қағидасы, қала берсе өмірлік принципі болса керек. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі нөмірінде жарияланған сұхбаты жүректің түбінде жатқан салиқалы сырдың бетін ашқан, халқымыздың көкейінде жүрген талай түйіткілді сұрақтарға шынайы жауап берген ашық әңгіме болды. Қасіретті қаңтар оқиғасына қатысты да бұрын-соңды айтылмаған жаңа түйіндемелерді ашып айтқандығын байқаймыз. 
Қаңтар қасіретіне де екі жыл толып отыр. Уақыт зымырап өтіп жатыр, бірақ сол кездегі халықтың жүрегіне түскен сызат әлі сыздап тұр, жазылар емес. Әрине ол бір-екі жылда жазылатын да нәрсе емес. Біз сол қаңтарда егемендігіміз ғана емес, елдігімізден айырылып қала жаздадық. Шетті айтпағанда өзіміздің арамызда да түрлі саягөйлер әртүрлі пікір таратып, халықтың санасын сарсаңға салды. Дәл осы кездегі қосарланған биліктің екіұштылығы да күмән қиялында отырған халықтың сенімсіздігін тереңдете түсті. Бұрынғы биліктің құдіретінен айрылып қалғысы келмеуі және жаңа биліктің жасап жатқан жаңа реформаларын қабылдамау пиғылы алаңсыз отырған халықты ақыры дүрбелеңге салды. Осындай сындарлы уақытта Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың табандылығы мен қайратты мінезі, батыл шешімдері, айтқан орнықты сөздері, салиқалы саясаты, жасаған қадамдары, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білуі, абдырап отырған елдің есін жиғызды, күмәнін сейілтті, үмітін оятты. Болмысынан ұлттық сана-сезімі биік, ел мүддесіне қатер төнген кездерде құрыштай ұйыса алатын, ақ-қараны ажырата білетін халқымыз Президентіміздің айналасына бірігіп, көк туымыздың астына жиналып, қайсарлығын танытты. Елдік пен егемендікті таңдады.
К.Қ. Тоқаев сол қаңтар қасіретінен кейінгі екі жылдың көлемінде, елдің болашаққа деген сенімін нығайта түсу үшін, экономикамыз тұралап тұрып қалмауы үшін, әлем алдында жүзіміз жарқын, мәртебеміз биік, елдігіміз берік екендігін дәлелдеу үшін, орнықты мәртебелі орнымызды нық алуымыз үшін тынбай еңбек етіп келеді. Әлемнің жартысын шарлап, әйгілі инвесторлармен кездесіп, мемлекетіміздің ішкі де сыртқы жағдайының тұрақты екендігін дәлелдеу үшін күш-жігерін аямай келе жатыр. Өзінің халқының алдында, басым дауыспен заңды сайланған Президент ретінде қашан да шынайлығынан танған емес. Бүгінгі сұхбат та соның дәлелі. Ел көкейінде жүрген сұрақтарға жауап бере отырып, Президентіміз біздің Мемлекетіміздің болашағына қатысты сенімді және нақты қадамдардың жасалғанын, олардың саяси, экономикалық, заңнамалық негіздерінің толық қалыптасқанын және ел экономикасының серпінді дамуына барлық алғышарттардың бар екендігін ашық және ашып айтты. Ол үшін еліміздің тұтастығы, оған негіз болатын халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің аса маңыздылығын баса айтты.
Ұлтымыз бен ұрпағымыздың болашағы үшін, әрбір Қазақстандықтың жан-жаққа тартқыламай, жұдырықтай бірігіп, жұмыла еңбек етуі маңызды екендігін тағы да атап өтті.
Шынында да, Тәуелсіздік – басымыздағы бақ. Оны аялай білу – бәріміздің міндетіміз», деп жазды Әли Бектаев әлеуметтік желідегі парақшасында.