Саясат • 22 Қаңтар, 2024

Римдегі риясыз кездесу

103 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен аптада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Италияға ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы Апеннин түбегінде аталған елдің басшысы Серджо Матта­рел­ла, премьер-министр Джорджа Мелони, Рим Папасы Францискпен және жергілікті бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Бірқатар маңызды келісім жасалды.

Римдегі риясыз кездесу

Жалпы, бұл сапар Қазақстан үшін де, Италия үшін де маңызды. Өйткені Апеннин түбегі – ірі сауда әріптесіміздің бірі. Тауар айналымы бойынша Қытай мен Ресейден кейінгі орында Италия жай­ғасқан. Қазіргі таңда өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты.

Қ.Тоқаевтың айтуынша, алдағы уақытта елдеріміз арасындағы тауар айналымын 20 миллиард долларға жеткізу жоспарда бар. Бұған мүмкіндік мол. Мысалы, екі ел арасындағы экономикалық байланыс былтырғы қаңтар-қазанда 13,1 млрд долларды құрады. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 0,7 пайызға жоғары ($13,0 млрд).

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстан әдетте Апеннин түбегіне тауар экспорттайды. Мысалы, 2023 жылғы қаңтар-қазан­да 12,1 млрд долларға тең өнімді Ита­лияға жөнелттік. Әсіресе, мына тауар­лар­дың экспорт көлемі артқан. Бидай – 67,3 миллионнан 158,2 млн долларға дейін, тас көмір – 0-ден 5,2 млн долларға дейін, титан мен одан жасалған бұйымдар – 0,7 мил­лионнан 3,9 млн долларға дейін, бас­­қа өсімдік майларын алу кезінде алын­ған қалдықтар – 0,2 миллионнан 2,8 млн дол­­ларға дейін, желімделген фанера 0,3 мил­­лионнан 2,2 млн долларға дейін көбейген.

Дегенмен тауар айналымында шикі мұнайдың үлесі өте жоғары. Салыс­тыр­малы түрде қарасақ, экспорттың 97,4 па­йызы қара алтынға тиесілі. Бұдан ке­йінгі орында бидай (158,2 млн доллар; 1,3 пайыз), ферроқорытпалар, (91,3 млн; 0,76 пайыз), өңделмеген алюминий тұр (27,7 млн; 0,23 пайыз).

Осы орайда Мемлекет басшы­сының Италияға ресми сапары кезінде осы мәселеге де назар ауда­рылғанын айта кеткен жөн. Қасым-Жомарт Тоқаев энергети­ка саласындағы эко­номикалық ын­тымақтастықты одан әрі ілгері­летуге ден қойып отыр.

«Қазақстан мұнайының 80 па­йыздан астамы Еуропаға экспортталады. Бұл Еуропа Одағына қажет мұнайдың шамамен 10 пайызын қамтамасыз етеді. Қазақстанның ұзақ жылдан бергі және сенімді энергетикалық серіктесі Италияға алғыс айтқым келеді. Біз италиялық «ENI» компаниясының Қазақстан экономикасына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан мұнай мен газды барлау саласында мол мүмкіндік ұсынып отыр. Біз маңызды кен орындарын ашу мақсатында әлемдік озық тәжірибені енгізіп жатырмыз. Сондай-ақ Ита­лия компанияларын мұнай-газ саласында сервистік қыз­мет көрсету ісіне атсалысуға ша­қырамыз», деді Қ.Тоқаев.

Италиядан Қазақстанға импорт 2023 жылғы қаңтар-қазанда 32,4 пайызға өсіп, млрд долларды құрады. Бұған қара металдардан жасалған жіксіз құбырлар, түтіктер және профильдер (15,8 миллионнан 64,0 млн долларға дейін), тракторлар және ертоқым тартқыштар (1,1 миллионнан 43,0 млн долларға дейін), өзге де тамақ өнімдері (7,1 млн-нан 36,2 млн долларға дейін), топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдық (7,1 миллионнан 20,1 млн долларға дейін) көлемінің артуы ықпал етіп отыр. Сонымен қатар машиналар және арнайы мақсаттағы механикалық құрылғылар (6,3 миллионнан 17,4 млн долларға дейін), бағалы металдардан жасалған зер­герлік бұйымдар және олардың бө­ліктері (7,8 миллионнан 17,6 млн долларға дейін), шоколад және құрамында какао бар басқа да дайын тамақ өнімдері (3,4 миллионнан 12,8 млн долларға дейін) секілді тауар­лардың импорты көбейген.

Ал жалпы Апеннин түбегінен бөлшек саудада сату үшін буып-түйілген дәрілік заттар (74 млн доллар), қара металдардан жасалған жіксіз құбырлар, түтіктер және профильдер (64 млн доллар), құ­бырларға арналған арматура (56,8 млн доллар) импорттаймыз. Бұдан бөлек, тракторлар мен ер-тоқым тартқыштар (43 млн доллар), өзге де тамақ өнімдері (36,2 млн доллар), вакциналар, қан сарысулары, қан (28,3 млн доллар), топырақты сұрыптауға және ұсақтауға арналған жабдық (20,1 млн доллар), бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдар және олардың бөліктері (17,6 млн доллар) басымдыққа ие.

Сондай-ақ Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Тоғызыншы территорияда 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап 2023 жылғы қыркүйекке дейін Италиядан Қазақстанға тіке­лей инвестициялардың жалпы ағы­нының көлемі 7,4 млрд долларды құрады. Соның ішінде 2023 жылдың 9 айында инвестициялардың жалпы ағыны 107,4 млн долларға жетті. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,3 пайызға артық.

Италиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың таза ағыны 2013 жылдан бастап 1,3 млрд долларға дейін жетті. Ал 2023 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 73,2 млн долларды құрады. Қазақстанда италиялық инвесторлар энергетика, геологиялық барлау және табиғи ресурстарды өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс және ауыл шаруа­шылығы салаларындағы жобаларды іске асырып келеді.

Елімізде инвестициялық жобаларды іске асыратын ірі италиялық компаниялардың ішінде «Bonatti» (мұнай-газ саласы), «Cimolai» (металл құрылымдары), «Eni» (мұнай-газ саласы және ЖЭК), «Neos» (әуе тасымалдары), «Petrol Valves Group» (клапандар өндірісі), «Renco» (құрылыс), сондай-ақ «Savi Italo» және «Tre-Bio» (АӨК) ерекше атап өткен жөн.

Инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына сәйкес қазіргі уа­қытта елде италиялық инвес­тор­лар­дың қатысуымен кемінде төрт инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Олар: Ақтөбе облысында «Eni» компаниясының «Бадамша-2» жел электр стансасы (құны 36 млрд теңге); Түркістан облысында «Eni» компаниясының «Шәуілдір» күн электр стансасы (құны 12 млрд теңге); Ақтөбе облысында «Сormatex» компаниясының қой жүнінен өндіру зауыты (құны 5 млрд теңге); Ақтөбе облысында жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт (құны 5 млрд теңге).

Тағы бір маңызды бағыт – «жасыл энергетика» көздеріне көшу. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратифи­кациялаған мемлекет ретін­де 2060 жылға қарай көміртегі бей­тараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алды. Мемлекет басшысы сапары кезінде осы мәселеге де екпін берді.

«Италияда электр энергиясының үштен бірі «жасыл энергетика» көздері есебінен өндірілетіні белгілі. Осы тәжірибені ескерсек, италиялық компаниялар да аталған жобаларды іске асыруға ниет білдірген кә­сіпорындардың қатарына қосыла алады. Біз бұл маңызды саладағы әріп­тес­тікті, мейлі ол өндіріс, технология трансферті немесе тәжірибе алмасу болсын, дамытуға аса мүд­деліміз», деді Қ.Тоқаев.

Жоғарыда Ақтөбе және Түр­кістан облыстарында жалпы қуаты 150 МВт болатын жел және күн электр стансалары салынатынын айттық. Енді италиялық компания Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын, қуаты 250 МВт болатын гибридті электр стансасын салу және алдағы уақытта биодизельге өңдеу үшін өсімдік майын өндіруді жоспарға енгізген. Осындай жобалар елдегі баламалы энергетика көздерін арттырады, сондай-ақ Париж міндеттемесін уәделі мерзімде орындауға мүмкіндік береді.

Сапар кезінде Қ.Тоқаев «NEOS» әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді қабылдады. Бұл кездесу де екіжақты байланысты ны­ғайтуға ықпал ететіні сөзсіз. Өйт­кені тоғызыншы терри­тория мен Апеннин түбегін жалғайтын тікелей әуе қатынастары сауда-эко­номикалық, мәдени-гума­нитар­лық байланыстар мен туризмнің дамуына тың серпін береді. Қазіргі таңда «Алматы – Милан» әуе рейсіне сұраныс жоғары. Бұл рейс ашылғалы бері 70 мыңға жуық жолаушы тасымалданған. Ендігі жерде «Алматы – Милан» бағытындағы рейс санын көбейту, Астана және Рим, сондай-ақ Астана және Милан арасында әуе қатынастарын ашу жос­парланып отыр.

Сапар барысында тағы бір ма­ңызды мәселе талқыланды. Атап айт­қанда, ауыл шаруашылығы өнім­дерін экспорттау және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету сөз болды. Мемлекет басшысы «Bonifiche Ferraresi» компаниясының Бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Қазақстан – Италияға бидай жеткізуші мемле­кет­тердің бірі. Осы орайда компания басшысы дәнді дақылдарды өсіру және өнімді одан әрі терең өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ мамандар даярлауға және технология трансфертіне қатысты жоспарларымен бөлісті.

Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен және БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Ат­қарушы директоры Синди Мак­кейнмен кездесті. Жиын бары­сында жаһандық азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етудің және агро­өнеркәсіп кешенінің орнықты да­муын ілгерілетудің маңызы айтылды.

Жалпы, еліміз жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және БҰҰ, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы секілді басқа да халықаралық ұйымдар аясында гуманитарлық көмек көрсету бойынша іргелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, былтыр Қазақстан алты мемлекетке 9,2 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Газа секторындағы күрделі ахуалды ескере отырып, Палестина халқына қайырымдылық шарасы ретінде 1 миллион доллар бөлді және 2 рет гуманитарлық көмек жеткізді. Табиғи апаттан зардап шеккен Ауғанстан, Түркия, Пәкістан және басқа да елдерге қаржылай көмек көрсетті.

Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев өз сөзінде Цюй Дунъюйға FAO-ның Орталық Азиядағы өңірлік бөлімшесін ашуды ұсынды. Ал Синди Маккейнмен кездесуде Ал­ма­тыда Орталық Азия мен Ауған­стан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі аймақтық орталығын ашу жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді.

Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев сапар барысында Рим папасы Францискпен кездесіп, бейбітшілік жөнінде әңгіме-дүкен құрды. Қазақстан шынайы достыққа, келісім мен өзара құрметке негізделген Қасиетті Тақпен ара­дағы бұрыннан келе жатқан серік­тес­тік байланыстарды жоғары баға­лай­тынын атап өтті.

Қорыта айтқанда, Мемлекет бас­шысының Италияға ресми сапары табысты өтті деуге толық негіз бар. Жос­парға сәйкес Еуропадағы ірі серіктеспен арадағы экономикалық байланыс одан әрі нығая бермек.