Басылым • 09 Ақпан, 2024

Басқа басылымдардан: Жаңа Үкіметтің басым бағыттары

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-ми­нистр таға­йын­дал­ғаннан кейін бір күн өткен соң Қазақ­стан Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді.

Басқа басылымдардан: Жаңа Үкіметтің басым бағыттары

Қ.Тоқаев өткен жылы ел экономикасы 5,1 пайызға өскенін атап өтті. Бірақ қазір жайбарақат отыруға болмайтынын, алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді. «Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру қажет. Негізгі мақсат баршаңызға белгілі. Біз 2029 жылға қарай экономикамыздың көлемін 450 миллиард долларға жеткізуіміз керек. Яғни нақты меже бар. Енді тек жұмыс істеу қажет», деді Президент.

Сонымен қатар ол бюджет және салық саясаты­ның тиімділігін барынша арттыру қажет екеніне тоқталды. Қ.Тоқаевтың айтуынша, бюджетті бөлу тәртібі экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталмаған. Қаражат күнделікті мәселелерді шешуге жұмсалады, стратегиялық мақсаттар соның көлеңкесінде қалады.

Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек. Қазақстан Президенті негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Қ.Тоқаев елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестицияның тағы бір қайнар көзі болуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, түскен қаражатты елдегі маңызы зор жобаларды жүзеге асыруға пайдалану қажет.

Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану. «Ауыл шаруашылығының дамуын тежеп тұрған кедергілерді бәріміз білеміз. Басты түйткіл – жылдар бойы қажетті қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Инвестицияның тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік және еңбектің өнімді болмауына әкеп соқтырады. Сондықтан ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн», деді Тоқаев.

Дүйсенбіде Үкімет отставкаға кетті. Сарапшылар бұған дейін өзгерістерді күткен. Өйткені отставка­ға кеткенге дейін Тоқаев Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудегі әрекетіне наразылық білдірген еді. Кейінгі екі жылда Тоқаев елді демократияландыруға және экономикалық монополияларды жоюға бағытталған ауқымды реформаларды жүзеге асырды.

 

сми

Экономикалық өзгеріс жүзеге аса ма?

Қазақстан Президенті министрлер кабинетін ауыстырғаннан кейін жаңа экономикалық реформаның бағдарларын атап көрсетті. Премьер-министр, Қаржы министрі және Ұлттық экономика министрін алмастырған Тоқаев мемлекетті нарыққа бейімделген елді айналдыратынын анық аңғартты.

Тоқаев реформасының күн тәртібіндегі басты мәселе – мемлекеттің экономикадағы рөлін төмендету. Жер­гілікті өндірісті қолдауға және нарықтық ортаны қалыптастыруға баса назар аудара отырып, Пре­зидент бірқатар маңызды реформаны қолға алды. Мәсе­лен, мемлекеттік субсидияларды алып тастау, инфра­құрылымды дамыту және тиімдірек салық кодексін енгізу жоспарланған. Осылайша, 2029 жылға қарай экономиканы 450 миллиард долларға дейін ұлғайтып, ішкі жалпы өнімнің жылдық өсімін 6 пайызға жеткізбек.

Президенттің ұстанымы бұл сандармен шектел­мейді. Шетелден инвестиция тартатын, жергілікті халықтың әлеуетін арттыратын, өмір сүру деңгейін жақсартатын және азаматтарды осы үдеріске тартатын Қазақстан қалыптастыруды көздейді. Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау, өнеркәсіпті дамытуды ынталандыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану арқылы осы өршіл мақсатқа қол жеткізу көзделген.

Дегенмен Қазақстандағы экономикалық реформа­ны жүзеге асыруға кедергі келтіретін мәселе көп. Мұ­най кен орындарын кеңейтудің кешігуі, Ресей­дің Ук­раинадағы соғысының әсері дамуға тұсау болып отыр. Елдің шикі мұнай экспорты үшін ре­сейлік бағыттарға тәуелділігі аймақтық тұрақсыз­дық жағдайында қауіп-қатер деңгейін арттырады. Суб­сидиял­арды алып тастаудан туындаған наразылықтарға қарамастан, Тоқаев мемлекеттің қатысуын азайтатын және өсуді ынталандыратын экономикалық саясатқа назар аударып отыр.

Осы бастама аясында Қазақстанның ұлттық әуе компаниясы «Эйр Астана» Лондон қор биржасына шыққалы отыр. Бұл қадам Президенттің шетел ин­вес­­тициясын тартуға және елдің әлемдік экономика­лық беделін арттыруға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар жаңартылатын энергия сияқты секторларға да ден қойып отыр. Бұл отандық және шетелдік инвесторларға жаңа мүмкіндік ұсынады.

Президент Тоқаевтың Жаңа Қазақстан реформасын жүзеге асыруы мүмкін бе? Бұл қадамның ел азаматтары мен оның әлемдік аренадағы беделіне қандай әсер ететінін уақыт көрсетеді.