Қоғам • 09 Ақпан, 2024

Әскери қызметшілер арасында Ұлттық ұлан чемпионаты басталды

101 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

7 ақпан күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының дене-шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері арасында волейболдан Ұлттық ұлан чемпионаты басталды. Жарыс Ұлттық ұланның ХХІІ спартакиадасы аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери қызметшілер арасында Ұлттық ұлан чемпионаты басталды

Чемпионаттың  мақсаты — әскери қызметшілердің дене шынықтыру дайындығы мен спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау.

Жарыстың ашылу салтанатында Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының дене даярлығы және спорт бөлімінің бастығы полковник Сәтжан Әбішов сайысқа барлығы жеті команда жиналғанын мәлімдеді.

А

«Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Еркін Ботақановтың атынан волейбол жарысына қатысушыларға сәттілік тілеймін. Сайыста тек қана мықты команда жеңіске жетсін. Сондай-ақ жарысты өткізуге қолдау білдірген Алматы облыстық туризм және спорт басқармасына және Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігіне алғыс білдіреміз», деді полковник Сәтжан Әбішов.

Ш

Сонымен қатар салтанатты шарада Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Ерболат Сарабековке «Ұлттық ұлан үздігі» кеуде белгісі табысталды.

«Құрметті спортшылар, қадірлі қонақтар, «Алтын адам» табылған Есік қаласына қош келдіңіздер! Жарысқа қатысып жатқан спортшыларымызға сәттілік тілеймін. Тек үздік команда жеңіске жетсін. Сол мықтылар алдағы уақытта халықаралық дәрежедегі додаларда ел қоржынына олжа салсын. Бастысы еліміз аман болсын», деді Ерболат Сарабеков.

А

Алматы облысының ПД Арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы полиция подполковнигі Берік Нұрғалиев те жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

«Спортшы жауынгерлер, Ұлттық ұлан патриоттары, Отан қорғаушылар, Алматы облысының Полиция департаменті басшылығы атынан сіздерге сәттілік тілеймін. Ала допты биікте әуелеткен әрқайсыңыз жеңіске лайық жансыздар. Өздеріңіздей спортты насихаттап жүрген әскери қызметшілер көп болсын», деді полиция подполковнигі  Берік  Алшынбайұлы.

Биылғы жарыстың басты фавориті – былтырғы чемпионаттың жеңімпаздары, яғни, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы. Бұл жолы үздік волейболшыларды «Батыс» ӨңҚ өкілі ретінде 5546 әскери бөлімінің дене дайындығы және спорт бастығы  сержант Бердібек  Әбдікерей бастап әкелді.

П

«Біз биыл да мықты дайындықпен келдік. Жігіттер алдымен өзіміздің өңірлік қолбасшылықтағы өткен жарыста іріктелді. 15 күн оқу-жаттығу жиынын жасап, тактикалық дайындықтарымызды пысықтап алдық. Біз үшін бүгінгі жарыста осал қарсылас жоқ. Барлығына да құрметпен қарап отырмыз. Мақсатымыз – жеңімпаз атану. Бұл үшін бізге барлық жағдай жасалған. Ұйымдастырушылар да жоғары деңгейде дайындалған. Спортшыларды күтіп алудан бастап, орналастыруға дейінгі шаруалар жүйелі жүргізілген. Спорттық кешен – тамаша», деді ол.

Жарыс айналмалы жүйе бойынша өткізіледі. Әр кездесу екі партиядан тұрады. Командалар тең түскен жағдайда 15 ұпайға дейін қосымша партия ойналады. Партиядағы жеңісі үшін командаға – 1 балл, ұтылғаны үшін – 0 балл беріледі. Чемпионат жеңімпазы кездесулердегі жеңіс санының көптігімен анықталады. Көрсеткіш тең болған кезде қос үміткер команда бетпе-бет кездесудің нәтижесі бойынша анықталады.

Аталмыш додаға құқықтық тәртіп әскерінің «Оңтүстік» (Алматы қ.), «Орталық» (Қарағанды қ.), «Батыс» (Орал қ.) және «Шығыс» (Өскемен қ.) өңірлік қолбасшылықтары мен Ұлттық ұлан Академиясының (Петропавл қ.), 5573  (Астана қ.) және 6654 (Қаракемер кенті) әскери бөлімдерінің командалары қатысып жатыр.

Айта кетейік, чемпионат жеңімпазы 9 ақпан күні анықталады. Турнир жеңімпаздарына кубок, медальдар және бағалы сыйлықтар беріледі. Жүлдегерлер мен қатысушылар да марапатталады. Сонымен қатар, «Үздік әмбебап ойыншы», «Үздік бұғаттаушы», «Үздік байланыстырушы», «Үздік либеро», «Турнирдің ең үздік ойыншысы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталады.