Пікір • 22 Ақпан, 2024

Білім туралы бірер сөз

50 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бұрын елімізде елудей ғана жоғары оқу орны болған. Қазір жүзден асады. Шетінен университет. Институт түлектері шетінен мықты еді бір кездері. Нарық бәрін өзі реттейді, бәсеке артып, қажетсізі қалады деді. Қайдан, қожайындары басы ауырып, балтыры сыздап, тер төкпей дайын ғимараттарды – бәрін молынан қарпығандар еді. Олардың дені маман дайындап жатырмыз деп желпілдегенмен, пиғылы әлемде солай деп халықтың қалтасын қағу болатын. Қатырма қағаз үлестіретін. Жұмыс табу жағына бас қатырмайтын. Балам оқыса бастық болады деген ниеттің жетегіндегі ата-ана тұралап қалғанша оқытты. Бір емес бірнеше диплом әперді, жұмыс жоқ. Сөйтіп, дипломды жұмыссыздар көбейді. «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдерде маман дайындау қолға алынды. Ақиқатын айталық, ұлттық рухы мықтылар үшін, бұл керемет іс, бағдары айқын бағыт еді. Алғашқы түлектер мықты болды. Амал не, жүйесіздік олардың да біразын тоқыратып тынды.

Білім туралы бірер сөз

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ол қалай болды дегенге келсек, әлемдік білім кеңістігіне кіреміз, әлемде осылай деп өткенді мансұқтап, ана елде анандай, мына елде мынандай, көріп келдік, онсыз даму жоқ, ілгері басу қиын, жаңаны жасамасақ көштен қаламыз деп әлденеше реформалар түзілді, қыруар қаржы да бөлінді. Еліктеу мен солықтау етек алды. Бірақ «осыған дайынбыз ба, әзірлігіміз қандай, маман жеткілікті ме, өз үлгіміз қайда қалады?» дей қоймадық. Екі ортада халық дағдарды, бастағанын аяғына шығарады деген басшы басқа жаққа ауысып, ісі орта жолда қалып жатты. Жаңа басшы жаңа сүрлеуге түсті. Оқушы білім алуға тиіс оқулық жазу кейбіреулердің қалтасын қампайту көзіне айналды, «оқулық оңбай, білім оңбайды» деп шырылдадық, есту былай тұрсын, бизнес жасуға талпынғандар табылды. Ең сұмдығы, «балама оқулық» деген шығып, әр мектепте әртүрлі кі­тап оқытылып, ҰБТ-да тарихи дерек­тер бойынша оқушылар зардап шекті. Кейін ол жойылды. Әйтсе де қан­ша ұл мен қыз шала сауат қалды десеңіз­ші. Бүгінгі жастар арасындағы жат қы­лықты білім беру мен тәрбие ісіндегі сол оралымсыздықтардан, дарақы дақ­пырттардан «Қазіргі пайдасына бәрі жетік, Адам аз алдын қарап болжай­тұ­ғын­нан» (А.Байтұрсынұлы) іздеген жөн секілді. Тіпті елдің бәрі сауатты болу міндетті емес, АҚШ-та жиырма пайыз сауатсыз бар екен, өркендеген ел қалада тұрады деп ауылды күйретіп, жерді босаттық емес пе? Сол үрейлі үрдістен енді құтыла алмай отырмыз.

Отандық білім беруді Еуропа стандарттарына жақындатпасақ, артта қалып қоямыз деп төрт ел ғана бас біріктірген Болон үдерісіне қосылдық. Маман да­йын­дау, ғалым шығарудың үштік моде­лі: бакалавар – магистр – PһD алға озды. Бұған да дайындықсыз ат басын тіредік. Кезінде академик Өмірзақ Сұлтанғазин: «Асығыстықтың аяғы қалай болар екен, еуростандарт бойынша маман дайындау идеясы дұрыс шығар, оған студент, оқытушы бел шешіп сай отыр ма, ғылым жайы не болмақ, PһD докторла­ры алып кете ала ма?» дегені есте. Ғалым сонымен бірге «Кезінде керек тас­тың ауыр­лығы жоқ деп атақ үшін қорға­ған­дар ертең біз де ғалымбыз деп шыға кел­месіне кім кепіл? Біз ширек ғасырда әрең ғылым докторы атансақ, олар бес жыл­да «абыройға» кенеледі», деп еді. Ака­де­миктің күмәні расқа айналғалы қашан.

Мамандардың мардымсыз болуының бір кінәратын «өзі үшін» деп талап етпеу­ден, жағдайы барлардың «еркелігінен», қарапайым отбасынан шыққандар тұр­мысының төмендігінен іздеу керек тә­різді. Соңғы топтың өкілдерімен тіл­дескеніміз бар. Даяшы болып жүр­ген­дер күніне 5-6 мың теңге табады екен. Әкімші апайы көңілі түссе, қалған-құтқанды беретін көрінеді. Шіренгендерден ша­ғым түссе, шаруаңның біткені. Тағы бір студент бірінші курстан әртүрлі жұмыс істеп, жан бағып, оқуын жалғап келеді екен. Жатқан пәтеріне түннің бір уағында оралатын көрінеді. Оқуын бітіріп, жұмысқа тұрса, Отанына қызмет ететінін айтады. «Студент үшін бірінші кезекте білім тұруға тиіс дейтін едім бұрын. Қазір жұмысты қатар атқарамын. Басқа жол қайсы? Пәтерақы төлеп, тамақ ішуің керек. Алаң көңіл білімге кері әсерін тигізбей қоймайды екен. Бәріне көнуге тура келеді», деген қыз шарасыздық танытады.

Мамандығыңа жетік болғанға не жетсін? Дегенмен адам тағдыры сеніп тапсырылатын болашақ дәрігерлер мен мұғалімдердің жөні бөлек. Оларды да қинап жүрген түйткілдер аз болмай шықты. Бұл екі мамандық теория мен тәжі­рибеге тікелей тәуелді. Жүрдім-бар­дым біліксіздікке әкеледі. Баяғыда жаны күйген бір пенде пұшыраңдаған пұшық­тың қылығына шыдамай кетіп: «Пұшық болғанға не жетсін?» депті дегендей, бұларда ойдағы орындалып, тиянақты білім алсақ, қане?» дейді жанарлары жарқылдап. Шіркін, дейміз пәтерде тұрамыз дегендерге қарап, бұраң-бұлтарыспен, көк тиын төлеген болып студенттердің жатақханаларын, кейбір оқу ғимараттарын иемденіп кеткендерден қайтарып алып, біраз мәселені шешуге болмас па екен? Басқа басқа, жабайы жекешелендірудің желігімен өскін ұрпаққа тиесіліні қағып кетіп, әрлеп, сырлаған боп, жамбасқа басу ар алдына келгенде адалдыққа жата ма екен? Осы кезге дейін қызығын көрдік, ұрпағыма мұра етпей-ақ ұлт ісіне қайтарайын дейтін бір адам табылса, ұлт ісі оңалар еді. Түйткіл шешілер еді, түйін жазылар еді, өзімшілдіктің аты өшіп, «Біз қазақ халқы деп тудық, сол халық деп дүние­ден өтеміз де. Басқа ой-пікір болған емес, болмайды да» (Ә.Ермеков) болар еді. Қиял сөз көрінгенмен, ұлтқа қажет дегенде, «Ондай болмақ қайда деп, айтпа» демеді ме данышпан Абай. Қалай десек­ те, білім ісі мен тәрбие ісіне сергек сер­піліс, ұлттық бетбұрыс керек болып тұрғаны айдай ақиқат. Ертең кеш қалуымыз кәдік.

Иә, білім-білігі мықты, елі үшін, хал­қы үшін қалтқысыз қызмет етіп, дү­­ние­нің құлы болмай, ұлттың ұл-қы­зы болып, кісілігін жоғалтпай, кіші­лігі­мен қарапайым жүрген арлы жап-жас азаматтар бар. Әсіресе шетелдерде оқып келген медицина мамандары молы­нан. Олардың бағы туар күн туса, жар­қы­рап шығары анық. «Дипломмен – ауылға!» да жақсы бастама болатын. Тірлігі бар елді мекендер болмаса, тоз-тозы шыққан ауылға жас маманның тұрақтай қоюы екіталай. Оның үстіне шіренген ауыл шенеунігі өзінше бір құдірет. Осындай кеселдер сөз жүзінде ауыл дами бастады дегенмен, іс жүзінде оңала қойған жоқ. Біраз ауылдың абыройын қандас бауырлар жауып, тұралап қалған тірлікке қан жүгіртіп отыр. Жер­гі­лікті жастар қалаға әлі де ағылып жатыр, көп ауылда селдіреген қарттар қал­ған. Қауқары азайғандар даладан үмі­тін үзіп, қала жаққа көз салады. Егер анау жылдардағы берекесіз жекеше­лендірудің түп тамырындағы «тәртіп­сіздікті» талдап, түк өнбейді дегеннің өзінде билігі бардың қанжығасында кеткен жерді қайтарып, өтті, кетті демей (қайтарып жатқандар бар емес пе?), қалада шұбырып жүрген ауылдықтардың қолына иесі сен деген құжатын ұстатса, ынталандыруды жүйелі қолға алса, қазақ­ты қазақтың жері ғана асырайтынына көздері жетіп, тозған ауыл озған ауыл боларына иманымыз кәміл. Бұлай деуі­мізге себеп, арба сүйреп, пәтер жал­­дап, күңгірт үмітпен күн кешіп жүрген біраз жаспен ой бөліскенде, «Ауылға баруға ниет­ті­міз, тек жанды қолдауға зәруміз», дей­ді. Алыпсатарлықтан жалыққандарын жет­­кізеді. «Өзің өндірмесең, өзегің тала береді екен. Мамандық алдық, жұмыс жоқ. Бая­ғыда тың көтеру деген болыпты ғой, сондай бір бастамамен «Ауылыңа ие бол!» деген үн естілсе, бой тіктеп алған­ша алыпсатарлардан қорғап, көмек көрсетсе, алғанымызды еселеп қайтарар едік, қатарға қосылып кетер едік», дейді. Ондай бағыт барын айтсақ, білетіндерін, оның да қыры-сыры, сергелдеңі аз емесін тілге тиек етеді.

Жалпы, басқа тірлік ірілікті көрсету үшін керек десек, ас ішіп аяқ босатуға келгенде, жер бетіндегінің бәрі тамақсыз қарыс қадам баса алмайды. Бұл тұрғы­дан келгенде қазақтың жері – қазына. Қап­тап жүрген «жанашырларымыз» сол үшін күле қарап, дос болып жүр. Дос керек, өркениетке талпыну, зиянсызынан үйрену қажет, бірақ ұлтты сақтайтын ұлт мүддесі, ұлт менталитеті аспандағы жеті қарақшыдай қас қақпай, қия баспай желкемізде тұруға тиіс.

 

Сүлеймен МӘМЕТ,

ардагер журналист