Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Айшолпанның дәріханасы

156 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Айшолпан Тапашева өткен жылы «Ауыл аманаты» жобасымен 3 миллион 500 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Ойыл ауданының орта­лығынан ветеринарлық дәріхана ашты. Қазір ол қой мен ешкі, ірі қара және жылқының кең таралған ауруларын емдейтін дәрі-дәрмек сатады.

Айшолпанның дәріханасы

Жұрт дәріханаға көбіне мал құлағындағы құртты түсіретін дәрі, қотырға қарсы жағатын жақпа майлар және көтерем малды оңалта­тын дәрумендер сұрап келеді екен. Айшолпан келушілерге көп таралған мал ауруларының алдын алу жолдарын түсіндіріп, тегін кеңес береді. Өйткені жас кәсіпкердің негізгі мамандығы – мал дәрігері. Тынымсыз еңбегінің арқасында өткен жылы Айшолпан Баубекқызы Ойыл ауданының «Үздік жас кәсіпкері» атағына ие болды.

Он бес мыңнан астам тұрғыны бар, облыс орталығынан 350 шақырым қашықта орналасқан Ойыл ауданында осы кезге дейін ветеринарлық дәріхана болмаған. Аудан тұрғындары төрт түліктің дәрісін қаладан сатып әкелетін.

Айшолпан екі жыл бұ­рын­ жоғары оқу орнын вете­ри­нар мамандығы бойынша бітірген. Жануарларға арнал­ған дәріхана ашу туралы ой 4-курста кәсіпкерлік негіздері сабағында шаруа­шылық жүргізу жоспарын жасап отырғанда келген. «Пандемия кезінде елімізде онлайн сауда, жеткізу қызметі ерекше қарқын алды. Жұрт үйдегі ит-құсына, қорадағы малына қажетті дәрі іздеп кеткенде, неге онлайн дәріхана ашпасқа деген ой келді. Біздің түсінігімізде, дәріхана бұл жұрт өз ая­ғымен барып, сауда жасайтын медициналық мекеме. Неге екені белгісіз, дәріхана желісінде онлайн сауда, онлайн кеңес беру қызметі онша дамымаған. Осыдан үш жыл бұрын Ойыл ауданының жігітіне тұрмысқа шығып, ата-енемізбен бірге тұратын болып шештік. Баламен үйде отырғанда, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауданда бірде-бір ветеринарлық дәріхана жоқтығын, алыстағы шаруа қожалығында жұмыс істейтіндердің мал дәрігері жазып берген қарапайым дәрілерді таппай сандалып жүргенін көрдім. Дәріхана ашу жоспарымды жолдасыма айтып, ата-енеммен ақылдасқанда олар мені бірден қолдады. Үйдің шаруасына, балаға алаңдамай шаруаңды жасай бер деген соң жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге құжат дайында­дым. Содан аудандық кәсіп­керлік бөлімінен кеңес алып, «Атамекен» ҰКП өңірлік филиалынан арнайы курс оқып, бизнес-жобамды әзір­леп жүргенде, аудан әкім­шілігі қызметкерлері «Ауыл аманаты» жобасына қатысуға кеңес берді. Бұл жобаға құжат дайындау қиын болған жоқ. Кәсіп бас­тағысы келген адам алдына нақты жоспар құрып, бизнес-жобасында бәрін ойластыра білсе, ешқандай кедергі кездеспейді. Көп ке­шікпей есепшотыма бес жыл өтеу мерзімімен 3 миллион 500 мың теңге түсті. Мен дәрі сақтауға арналған арнайы тоңазытқыш, қажетті шкафтар мен сөрелер, бас­қа да ветеринарлық құрал-жабдықтар сатып­ алып, қажетті дәрі-дәр­мек­ түрлеріне онлайн тап­сырыс бердім. Аудан ор­та­лығындағы бір қабатты ғи­мараттан желдеткіші бар шағын бөлмені жалға ал­дым. «Ауыл аманаты» жо­ба­сы арқылы алынған же­ңіл­детілген несиенің екі ар­тықшылығы бар: біріншіден, кәсіпкер алғаш­қы жылы несие төлеуден босатылады. Бір жыл бойы ешкім мені мазалаған жоқ. Биыл жаздан бастап ай сайын несие төлеуге кірісемін. Екінші артықшылығы, несие төлеу мерзімін ыңғайлы етіп бекітуге болады. Мәсе­лен, несиені ай сайын емес, бірден жарты жылға төлеп тастауға болады», дейді жас кәсіпкер.

Ол қажетті дәрі-дәрмек­тер­ді негізінен Ресейден алдыртады. Мұнда төрт тү­ліктің дәрісінен өзге, тор­дағы тотықұс, аквариум балықтары мен ит-құсқа арналған түрлі дәрумендер мен жақпа майлар толып тұр. Бұл жерде бәйге атының күтіміне арналған қоректік дәрумендер, жақпа майлар, тағалар, сапалы ат әбзелдері бар. Өйткені Ойыл ауданында да жер-жердегідей жүйрік баптайтын атбегілер көбейіп, олар бәйге атына қажетті минералды қоспалар мен дәрумендерді осы жерге сұрап келе берген соң тапсырыспен жеткізіп беруді бастапты.

«Ойылда өнім өндіретін үлкен кәсіпорын жоқ. Тұрғындары бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын ауданымызда төрт тү­ліктің саны өсіп, ат бәйгесі, көкпар ойыны дамып келеді. Бәйгеге қосатын тұлпарды бап­тауға да көп нәрсе қажет. Ең бастысы етін жеп, сүтін ішіп отырған әр үйдің қой-ешкісі мен сиырының індеттен аман болуы үшін ветеринарлық дәріхана керек. Мен келушілерге мал ауруын емдеуге арналған дә­рі­лерді қалай пайдалану жөнінде тегін кеңес бере­мін. Мал дәрігері, веттехник жазып берген мәзірді алып, қаладан дайындап әке­ліп беремін. Қазір көр­ші аудандардан, Атырау облысының Қызылқоға ауда­ны тұрғындарынан тапсырыс жиі түсетін болды. Оған қоса әлеуметтік же­лілерде парақша аштық. TikTok, Instagram-дағы парақ­шамызға әр өңірден тапсырыстар түседі. Аудан әкімдері ветеринарлық бекеттер мен лаборато­рия, гистологиялық орта­лық­тармен бірлесе жұмыс істе­уінің арқасында ел ішінде мал індетінің түрі азайды», дейді дәріхана иесі.

Айшолпанның жолдасы Төтенше жағдайлар қыз­метінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Жас от­басының екі кішкентай қызы өсіп келеді. Жұмыспен жол жүріп кеткенде, бала­ларға ата-әжесі бас-көз болады екен. Жұмысына тындырымды жан көршілес аудандарда дәріхана бөлім­ше­лерін ашқысы келеді. Бұл – болашақтағы жос­пары. Бүгінгі арманы – жеке ғимаратқа қол жеткізу. Сүйік­ті мамандығын кәсіп кө­зіне айналдырған жас ана ауыл жастарын белсен­дірек болуға, табыс табуға құлшыныспен кірісуге шақырады.

 

Ақтөбе облысы,

Ойыл ауданы