Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Еліктіргіш энергетикалық сусындар

36 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде жастардың энер­ге­ти­ка­лық сусындарға тәуелділік мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мек­теп жасындағы балалардың HBSC (health­ Behaviour in School – aged Children) денсаулығына қа­тыс­ты ұлттық зерттеудің былтырғы деректеріне үңіл­сек, сергіткіш сусындарды жасөспірімдердің 20,5 па­йы­зы апта сайын ішетіні расталған. Сол себеп­ті жү­­­­рек пен жүйкеге зиян мұндай өнімдерді енді 21 жас­­қа дейінгі азаматтарға сатуға тыйым салын­бақ­шы.

Еліктіргіш энергетикалық сусындар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Бүгінде әлемнің бірқатар елінде энергетикалық сусындарды сатуға қатысты шек­теулер енгізілген. Мәселен, мұн­дай сусындар Түркия, Польша, Әзер­бай­жанда кәмелет жасына тол­ма­ған­дарға сатылмайды. Испанияда бұл та­қырып жан-жақты қаралып жатыр. Олар энергетикті алкоголь және теме­кі­мен қатар қойып отыр. Елімізде таяу­­да өткен Сенаттың жалпы оты­ры­­­сында депутаттар жастардың «до­пин­гіне» айналған өнімдерді сөз етті. Яғни халық қалаулылары уақыт­ша күш беріп, есесіне жүйке жүйесін қоз­­­­ды­ратын энергетиктердің саудасын заң аясында қатаң бақылауда ұс­тау­ қажет екенін тағы бір мәрте еске сал­ды.

«Ұлт қауіпсіздігінің негізгі стра­тегиясының бірі – ұлт ден­сау­лығы. Өскелең ұрпақтың денсаулығы – ұлт болашағы. Сенатта қаралған заңда осыған дейін талқылау барысында депутаттар балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныстар болды. Себебі энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруларына алып келеді. Жүкті әйелдерге де кері әсер етеді. Адамда қорқыныш, үрей пайда болады. Психологиялық және физикалық тәуелділікке ұрындырады. Біз ұсынған түзетулер белгілі бір дәрежеде бизнесті шектейтінін түсі­не­міз. Алайда балаларымыздың ден­сау­лығы кез келген триллиондаған қаржыдан қымбат екенін естеріңізге салғым келеді. Неге Үкімет Парламент депу­таттарының бастамасын қол­дап, бүгінге дейін осы мәселенің қоры­тындысын бермеді? Осы мәселе бо­йынша нақты ұсынымдарды білгіміз келеді. Бұл мәселе қандай мерзімде, қандай заң жобасы аясында өзінің заңнамалық шешімін табады?», деп сұрады сенатор Ғалисқар Сарыбаев.

Денсаулық сақтау министрлігі балалар мен жасөспірімдерге энер­гетикалық сусындарды сатуды шектеуді көздейтін арнайы құжат әзірледі. Құжат «Ашық НПА» порталына орналас­тырылды. Онда энер­гетикалық сусындарды тұтыну ауқымы жыл сайын артып келе жат­қаны туралы деректер келтірілген. «Euromonitor International» дерегі бо­йынша 2022 жылы елімізде бөлшек сау­да арналары арқылы сергіткіш өнімдерді сату көлемі бағаның айтар­лықтай өсуіне қарамастан 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артқан. Ең қорқыныштысы тек бір Алматы қаласының халқы 12 айда 9 млн литр энергетик тұтынады екен. Сондықтан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтан­ғазиев бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс басталғанын айтты.

«Қазір 21 жасқа дейін жас­өс­пі­рім­дер мен балаларға энер­ге­ти­ка­лық су­сындарды сатуға тыйым салу бо­йын­­ша АРВ (реттеушілік әсер­ді талдау) дайындалған. Ол Үкіметаралық ко­­мис­­сияда ма­құл­данған. Қазір Үкі­мет­ қоры­тын­ды­сының жобасы да­йын. Барлық орта­лық мем­ле­кет­тік орган­дармен келі­сіл­­­ген. Ішкі істер ми­нис­тр­­­­лігімен келісу ғана қал­ды. Сонымен қа­тар басқа нормалар­ бо­­йынша вендинг­тік аппа­раттарда осы өнім­­­­­ді сату немесе жар­­­­­­на­­­­ма­ларға тыйым салу мақ­­сатында АРВ мә­се­­­­ле­сінде жұмыс жал­­­­ға­сып жатыр. Мә­жі­­­­ліс­тегі «Лудо­но­ма­ния ту­ралы» заңна­ма­ға осы нормаларды ен­гі­зе­міз», деді вице-министр.

Жаңа заңның нұс­­қасына сәйкес мұн­дай сусындарды авто­­маттарға қой­май­­ды, жарнамасына да бұдан былай жол жоқ. Ал үлкендер үшін са­тылса, саудасы мектептен және басқа оқу орындарынан 200 метр алшақта жүруге тиіс. Денсаулық сақтау, спорт ғимараттарына да бұл энергетиктерді жақындатпайды.

«Өндірушіге қарамастан, барлық энергетик құрамы жағынан ұқсас. Олар үш негізгі компоненттің есебі­нен жұмыс істейді: көп мөл­шерде қант, жоғары дозалы кофеин және таурин. Олардың құра­мында тұрақ­тан­дырғыштар мен консерванттар бар. Осының бәрін ескере отырып, бұл сусын­дарды денсаулыққа қауіпті деу­­ге ­болады», дейді Астана ұлттық ғы­лыми онко­­­ло­гия орта­лы­ғы­ның нефролог­ дәрігері Шолпан Садықова.

«Дені сау ұлт» ұлт­тық жобасында қант қосылған сусындарға акциз ендіру бел­гі­ленген. Сондай-ақ Ден­сау­лық сақтау сала­сын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасы да­ қам­тылған. Енді құ­ра­­мын­да қанты көп су­сын­дарға қосымша салық құнын көтеру мәселесіне қатысты шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүм­­кін. Өйткені энер­­гети­калық жә­не газ­­­дал­ған сусын­­дар­дың кесірінен елі­мізде қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры секілді аурулар көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетімен ауыратын науқастар­дың саны кейінгі 5 жылда 31%-ға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, мамандар 2030 жылға қарай сырқаттанғандар 1 млн-нан асады деп болжап отыр.

«Кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа жанама әсерлерді де тудыруы мүмкін. Ол белгілі бір мөлшерден кейін ағзаға зиян келтіреді. Ересектер үшін тәулігіне 400 мг (2–3 кесе) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 100 мг (1–2 кесе) құрайды. Бұл – норма емес, ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза. Ал 1 бөтелке энергетикалық сусынның құрамында 8–9 кесе кофе бар. Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдағанда асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуы, құсу, диа­рея және іштің ауырсынуына әкелуі мүмкін. Сусындағы қант стимулятор рөлін атқарады. Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, 2 типтегі қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан көптеген ел оның жарнамасы мен сатылуын, әсіресе оларды кәмелетке толмағандар арасында тұтынуды реттеуді қадағалайды», делінген Денсаулық сақтау министрлігінің БАҚ-қа ұсынған деректерінде.

Айта кетейік, құрамында қанты көп сусындарға қосымша құн әлемнің 70-тен астам елінің салық жүйесіне енген. Оның ішінде экономикасы біздікіне ұқсас Ресей, Қырғызстан сияқты мемлекеттер де бар. Өзбекстан да келесі айдан бастап тәтті сусыннан салық алуға кіріспекші. Қанты көп тәтті сусын мен энергетик ішкенді азайтқаннан халықтың денсаулығы жақсарып кетпейтіні түсінікті. Десек те, сарап­шы­лар халықаралық тәжірибеде акцизді салық енгізгеннен тәтті су­сын­­дарды тұтыну төмендегенін және ағзаға пайдалы сусындардың өсімі бай­қалатынын атап көрсетіп отыр.