Пікір • 28 Наурыз, 2024

Жастар жаңашылдығының негізі

37 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Ұлт­тық құ­­рыл­­­тайда сөй­леген сөзін тыңдағанда ұлы Абай­­дың «Қазаққа кү­зет­ші болайын деп, біз де ел болып, жұрт біл­генді біліп, халық қа­та­ры­на қосылудың қа­мын жейік деп ниеттеніп үйрену керек» деген жанашыр сөзі еріксіз ойға орал­ды. Пре­зидент ойы­ның Абай сөзі­мен үн­десуін оның Құ­рыл­тай­да айтқан ел болу ба­ғы­тына ұсынған алты құндылығы дәлел­дей­ді.

Жастар жаңашылдығының негізі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

­­­Олар – бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кә­сіби біліктілік, жасампаздық және жаңа­шылдық. Бұл құндылықтарды Пре­зидент сырттан алып, өзгелердің жолын көрсетіп отырған жоқ. Олар төл тари­хымыз, мәдениетіміз бен бола­шаққа ұмтылысымызға негізделген.

Бүгінгі қоғам – «мыңмен жалғыз алысқан» Абайдың заманы емес. Хал­қымыз – бұғаудан босанған, еркін­дігі бар, тәуелсіз ел. Қарыштап дамы­ған технология, интернет бір сәтте әлемді алақаныңызға әкеліп отыр. Үшінші құрылтайда Президент: «Біздің алдымызда үш айрық жол тұр: құлдырау, тоқырау немесе өрлеу. Біз әрдайым өрлеуді таңдаймыз. Әри­не, өрге шығу оңай емес. Талай қиындық туындауы мүмкін. Соған қарамастан тек алға ұмтылуымыз керек» деп, ел болашағына апарар жолды анық көрсетіп берді. Ендігі жол – адал жолға түсіп, мемлекетіміздің көсегесін көгерту.

Президент ұсынған құндылықтар жүйесі қоғамдағы барша жұртқа – ел басқарғандар, еңбеккерлер, ұс­таз, шәкірт пен ата-аналарға да бағыт-бағдар бола алады. Ең бастысы, адал ниет, отаншылдық жүрек, таза намыс. Әр адам өз орнында, өз қызметінде Адал азамат болса, яғни Абай айтқан­дай «нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректің» иесі болып, әр ісін әді­летке сынатса, еліміз алдағы он жылда-ақ биіктерді бағындырып, еңсесі биік болады. Жастарымыздың үлесі көп әрі қазіргі буын өте талантты, креативті және жасампаздыққа құштар.

Бұл уәжді ойдан шығарып отыр­ған жоқпын. Себебі сенім біл­ді­ріп отырған жастардың ортасындамын. Университет – жастарды ба­лалықтан даналыққа апаратын үлкен жол, ұлы көпір. Студенттік өмір жастарды өз бетінше өмір сүруге үйретеді. Сабақ жүктемелері де артады. Жаңа орта, жаңа тұрмыс... Бірінші оқу жылы студент­терге ауыр болып, үйін сағынып, оқуды тастап кететіндері де бар. Ал кейбіреулері «еркіндік деген осы екен» деп, түбінде опық жегізер жолға түсіп жатады. Оқуға түскен әр бала бізге – университет ұжымына, оқытушы-профессорларға аманат, түптеп келгенде мемлекеттің аманаты. Ал аманатқа қиянат жасамау – парыз. Алдында айтқан «әр адам өз орнында Адал (білімді, мейірімді, тәрбиелі) болса» деген қағидамыз осы жерде қажет.

«Академиялық адалдық» – Назарбаев университетінің титулы. Бұл – бүгінде қоғам мойындаған шын­дық. Осы шындық студенттердің бо­йында адалдық, адамгершілік, өзіне деген сенімділік, ұстазға деген құрметті қалыптастырады. Ше­телдік профессорлардың бір ерек­шелігі – студенттердің ізденіп, өз бетінше жұмыс істеуіне, ғылыми дерек көздерді қолдану мәдениетіне үйрететіндігі. Соның арқасында бүгінгі күні оқытушы ғалым-про­фес­сорлардың ғана емес, НУ сту­дент­терінің де ғылыми еңбектері әлемдік рейтингі жоғары журналдардан жарық көріп жатыр. Оның дәлелі 2023 жылы оқу ордасы зерттеу университеттерінің әлемдік үздік 30 пайызының қатарына енді («Times Higher Education World Universities Ranking» рейтингіне алғаш рет енді).

Университетте кітапхана тәулік бойы жұмыс істейді. Мұнда кі­тап қорының, қолжазбалардың цифр­лық, электрондық түрлері де жет­кілікті.

Университет ашылған күннен бастап студенттердің бойында ұлт­тық сезімді қалыптастырып, құн­ды­лықтарды сіңіруге, еліміздің бай мәдени мұрасын түсіну мен бағалауды те­реңдетуге, әділдік пен адалдық қа­ғи­даттарын баға­лай­тын адал көш­бас­шыларды қалып­тас­ты­руға ар­налған мәдени іс-шара­ларды – ха­лықаралық симпозиум, конференция, түрлі тақырыптағы жоба, жарыс, шығармашылық бай­қау өткізіп келеді. Студенттердің бо­йындағы өнерді ашу, болмаса бар өне­рін дамыту, достық, жолдастық қарым-қатынастың күшеюіне, ел болашағына деген сенімінің артуы­на, ең бастысы туған еліне деген сүйіспеншілігінің артуына көмек­те­седі.

Назарбаев университетіне биыл он төрт жыл. Бұл көп уақыт емес, бірақ оқу ордасының алғашқы түлек­терінің көбі магистрлік, док­тор­лық білімін әлемнің ең үздік уни­верситеттерінде жалғастырып, абыроймен бітіріп, бүгінде еңбек нарығына араласты.

Құрылтайда Президент еңбек­қорлық пен кәсіби біліктілікті ма­ңыз­ды құндылығымыз деп: «Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын... Бала есейген соң қанаттанып, ұядан ұшуға тиіс. Басқа аймақтарда, тіпті шетелде білім алуы қажет. Өзге жұрттың қалай өмір сүріп жатқанын көргені абзал. Сондай-ақ қай жерде өзіне және еліне пайдасы тисе, сол жерге барып еңбек етуі керек», деген ойы арқылы жастар әрекетінің берекеті бар екенін анық түсіндірді. Ендеше, қандай оқу орнының абыройы да, беделі де – оның түлектері. Уақыт безбені бәрін де өлшейді, екшейді. Болашақта ғылымда, еңбек майданында болсын халықаралық білім ордасынан ұшқан түлектер биікті бағындырары анық.

 

Гүлтас ҚҰРМАНБАЙ,

Назарбаев университеті Ұлттық мәдениет орталығының директоры, профессор