Пікір • 28 Наурыз, 2024

Сабақтастық пен бірізділік

176 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халықтың қолдауының арқа­сында еліміз жаңа кезеңге қа­дам басып, конституциялық ре­фор­маның негізінде әділетті Қ­­азақ­станды құруға кірісті. Сая­си жаңғырудың экономикалық негіз­дері жасалып, реформалар ке­шенді сипатқа ие болып, ол тү­бе­гей­­лі өзгерістерге ұласып келеді..

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» формуласындағы «Әділетті мемлекет» түсінігі басты идея және негізгі элемент ретінде ұлт пен қоғам ұғымын өз бо­йына сіңіріп, еліміздегі жатқан барлық этнос­­­­ты ұйыстырып, қоғамдық тұрақтылықты орнық­ты­ратын мәйекке айналып отыр.

Президент жүргізіп отырған мемлекеттік саясат сабақтастық пен бірізділік қағидатына негіз­делген. Ол еліміздің болашақтағы бей­несінің негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақ­стан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген бір-бірінен бастау алатын және өзара тығыз байланысты үштаған ұғымы арқылы сипаттайды. Ал Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы сөйлеген сөзі жоғарыдағы формуланы әрі қарай терең сараптап, нақтылап, дамыта түсті. Мұнда үштағанның «Адал азамат» ұғымы арнайы қарастырылып, әділетті мемлекет құру үшін оның азаматтары да адал болуы шарт деген қорытынды жасалған. Өйткені арлы адам әділетсіздікке бармайды. Ол солай болғанда ғана қоғам түлеп, жаңарып әділ болады дегенді аңғартады. Ендеше, адал қоғамның билігі де әділетті саясат жүргізуі керек. Адал­дыққа бой ұрған қоғам мүшелерінің қатары өскен сайын әділ қоғамның орнау мүмкіндігі арта түседі.

Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Әділетті билігі бар мықты мемлекетте ғана халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсы болады. Себебі ондай қоғам азаматтарының бойында, Абай айтқандай, «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» сияқты қасиеттің бар екені анық. Қай жерде болсын еңбектің, кәсіптің жаманы болмайды. Тек бәрі заңды болуы керек. Ең бастысы,  адал еңбек ету, адал жолмен табыс табу, адал азамат болу. Яғни ол – адалдық пен әділдікті бәрінен биік қоятын адам. Ондай қоғамда әлеуметтік жәрдемақыға қол жайып отырмайды және масылдыққа жол берілмейді. Мұндай ортада жемқорлыққа жол берілмейді және ел мен оның азаматтарының мүддесіне сай шешім қабылданады. Өйткені заң бар жерде тәртіп болады. Осының барлығының негізінде ізгілік пен адалдық жатса керек. Ендеше, әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдарын ел тірегі деп түсінген абзал.

Олай болса, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Мемлекет басшысы ұсынып отырған «Адал азамат» ұғымы мұның бәрін түгел қамтитыны анық. Бұл түсініктің әділетті Қазақстан идея­сымен үндестігін ескере отырып, оны іргелі құндылық ретінде жас ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы біз үшін өте зор. Сонда ғана бүкіл қоғамның сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтар өмірлік қажеттілікке айналып, қазақ халқы озық ойлы ұлтқа айналады. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болып, адал еңбегімен адал табысқа жететіндей жағдай туған кезде елімізде әділ қоғам орнайды. Осы үштағанды Президент озық әрі табыс­ты елге айналудың басты кілті деп есептейді. Ол ұлы Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиетіне сүйене отырып, қоғамда бар кеселдерді атап көрсетті. Ол ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру бағытында шын мә­нінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар ұлттың жаңа келбетін ай­қын­дайтын негізгі құндылықтарды да айқын­дап берді.

Демек алдағы уақытта Қазақстан аталған стратегиялық бағдарынан ауытқымай, мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құруды жалғастырады. Қоғамда заң мен тәртіпті қатаң сақтау мемлекеттік саясаттың тұғырлы қағидатына айналып, баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғамдық үрдіс қалыптасады. Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралар қолға алынып, кейінгі бес жылда көптеген маңызды бастама жүзеге асырылды. Нәтижесінде, елімізде түбегейлі саяси өзгерістер де болды. Еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылу тұрғысында да көп жұмыс атқа­рылып жатыр. Бұл үдерісті үрдіске айналдыруда адал азаматтардың алатын орны ерекше болмақ.