Аймақтар • 28 Наурыз, 2024

Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға толық көмек көрсетіледі - Құмар Ақсақалов

49 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысы әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар орын алған облыстың оңтүстік аудандарындағы атқарылып жатқан шаралардың жай-жапсарымен өзі келіп танысты. Арқалықтағы сапарында қалаға қарасты Северный кентінің Пролетарская көшесіндегі ағын судың алдын алу жұмыстарын көріп, үйлерін су басқан тұрғындардың да ахуалдарына назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz kostanaytany.kz сайтына сілтеме жасап.

Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға толық көмек көрсетіледі - Құмар Ақсақалов

Фото: Бердіболат Көркембаев

26 наурыз сағат 18.45-те Северный кенті, Пролетарская көшесі бойында қар суын тоқтату үшін жолдың жиегіне құм төселіп, су сорғыш мотопомпалар мен жылжымалы станциялар жұмылдырылған. Сонымен қоса жол бойынан арық қазылып, судың бағыты бұрылды. Аталған іске барлығы 50 адам, 13 техника тарту нәтижесінде жол үстінен үйлерге қарай құлаған су екпіні тоқтатылды.

Бердіболат Көркембаев

Құмар Іргебайұлы Арқалық қаласы әкімдігінде көршілес Амангелді, Жангелдин аудандары әкімдерінің қатысуымен бейнежиында мән-жайды нақтылап, оған Арқалық қаласы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы шаралар туралы қала әкімі Әмірхан Асанов ақпарат берді.

Арқалық қаласына қарасты Екідің, Әбдіғаппар хан ауылдарымен байланыстыратын көтерме жолдың суағар құбырлары еріген қар суын өткізіп үлгере алмағандықтан 25 наурыздан бастап аталған ауылдармен қатынас үзілген. Екідің ауылында 258 тұрғын бар, ауылдағы 49 үйдің 23 -не су кіріп, 10 үй бүлінді. Екі қыстаудың тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Әбдіғаппар хан ауылында 276 тұрғын бар, 2 үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге шығарылды. Қайыңды ауылдық округінің Қызылжұлдыз ауылының 185 тұрғынын қауіпсіз жерге шығаруға 3 автөкөлік жіберілді. Қайыңды ауылдық округіне қарасты 4 шаруа қожалығы орналасқан қыстауда 14 адам қауіпті жағдайда отыр. Аталған екі ауылда да жүкті әйелдер мен медициналық есепте тұратын науқастарды қауіпсіз жерге шығару, ауыл тұрғындарын азық – түлікпен, дәрі – дәрмекпен қамту шаралары жүргізілді.

Бердіболат Көркембаев

Арқалық қалалық әкімдігі жанынан 4 мобильді топ құрылып, 8 мотопомпамен тұрғындардан түскен шағымдар бойынша су сорғыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көмекке Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті жасағы 50 адам, 3 техника, 1 тіркемелі мотопомпа, Қарағанды қаласының әскери бөлімшесінен 50 адам, 3 техника, Қостанай қалалық Төтенше жағдайлар департаментінен 2 техника мен 5 адам жіберілген.

Облыс әкімі қауіпті жағдайда қалған тұрғындарды жедел түрде қауіпсіз аймаққа шығаруға тапсырма берді. Бұл үшін Қорғаныс министрлігінен 4 тікұшақ жәрдемге келген.

«Адамдар түнге дейін толық құтқарылуы тиіс. Төтенше жағдайдан зардап шеккен бірде бір тұрғын өз мәселесімен жеке қалмауы қажет», деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бердіболат Көркембаев

Сондай-ақ қала және аудан басшыларына алдағы уақытта көктемгі су тасқынына жіті дайындалуға пәрмен берді.