Туризм • 28 Наурыз, 2024

Қазақстан азаматтары Өзбекстанда 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады

57 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Сенат «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан азаматтары Өзбекстанда 30 күнге дейін тіркеусіз жүре алады

Фото: Аikyn.kz

2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға Мемлекет басшысының Ташкент қаласына сапары шеңберінде 2022 жылғы 22 желтоқсанда қол қойылған.

Заңның мақсаты екі мемлекет арасындағы достық қатынастарды одан әрі дамыту, олардың азаматтарының сапарларын реттеу, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болуы үшін қолайлы жағдайлар жасау үшін құқықтық негіз құру болып табылады.

«Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері арасында берік бауырластық қарым-қатынас қалыптасқан. Елдеріміз қол қойған мәңгілік достық туралы және одақтастық туралы шарттар соның айқын дәлелі. Бүгін қаралған Хаттама екі ел азаматтарына өзара сапарларын жүзеге асыруда қосымша оңтайлы құқықтық жағдайлар орнатуды көздейді. Жалпы мақұлданған заң тату көршілік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға өз үлесін қосады деп сенеміз», деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Хаттамада, егер Тараптар мемлекеттері (Қазақстан мен Өзбекстан) азаматтарының болу кезеңі Тарап мемлекетінің Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын болса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңайлатылған тәртібі көзделеді. Осылайша, екі мемлекет те өз азаматтарының екінші Тарап мемлекетінің аумағында болуының өзара мерзімін уақытша тіркеусіз күнтізбелік 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.