Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Ертіс бойындағы жұрт жүдемесін

37 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл Ертістің жайыл­ма­лары өзен жағалаған жұрт­ты жарылқай ала ма? Жыл басталғалы осы бір көкейдегі сұрақ көп­тің маза­сын қашырып тұр. Ертіс­ке көктемгі су жі­беру шаралары былтыр­ғы­дай баяу өтіп, өзен бо­йын жайлаған халық эко­но­микалық тұрғыдан та­ғы да зардап шеге ме деген күмән жоқ емес. Ма­ман­дардың пікірінше, су жіберу­дің мерзімі қай­та қара­лып, кестесін сәл кешірек белгілеген дұрыс.

Ертіс бойындағы жұрт жүдемесін

Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ

Ресми деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан өңіріндегі су қоймалары мен тау өзендерінде ылғалдың мол қоры байқалады. Бұған дейін су саласының мамандарын Бұқтырма су қоймасында жиналған судың көлемі де қуантып отыр­ғанын, алдағы көктемде Ертіс өзені жа­йылмаларының кемі 70 пайызын су баса­ды деген болжам бары туралы бұған дейін жазғанбыз. Алайда тәжірибелі ма­мандар су босату шаралары дұрыс ұйым­дастырылмаса, былтырғы жағдай тағы қайталануы мүмкін екенін еске салды.

Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, Ертістің көктемде тасуы Шығыс Қазақстан өңіріндегі өзендер мен Бұқтырма, Шүлбі су қоймаларында жиналған ылғалға бай­­ла­­нысты. Су көп мөлшерде әлі үлкен екпін­мен келуі керек. Сонда жайылмаларға су мо­лынан шығып, ұзақ уақыт сақталып қалады.

Су ресурстары комитетінің су ресурс­тарын пайдалану және қорғау жөнін­дегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Шығыс Қазақстан мен Абай облыс­тарындағы ылғал қоры көңіл көн­шітетіндей жағдайда деп мәлімдеді.

– Наурыз айының басынан бері біздің мамандар еліміздің шығысындағы тау өзендері мен су қоймалары маңындағы ылғалға апта сайын мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Негізі Ертіс өзенінің тасуына бүйірлік ағыстар әсер ететіні мәлім. 16 наурыздағы мәлімет бойынша, оң бүйіріндегі бассейндік өзен­дер бойында ылғал қоры жылдағы нор­мадан 76 пайызға көп екені байқалады. Ал сол бүйіріндегі өзен-көлдерде нор­ма­дағыдан ­73 пайызға асып отыр. Бұқтыр­ма су қойма­сы маңайындағы ылғал қоры жылдағы­дан 62 пайызға көбірек. Ертіс­тің оң бүйірін­де аса ірі су қоймасы – Бұқтыр­ма, Үлбі мен Оба, Күршім және басқа да өзендер орналасқан. Көктемде негізгі су көлемі осы оң бүйірден қосылады. Сол жақ бүйірінде Көкпекті, Қызылсай сияқ­ты шағын өзендер тобы бар, бұл аумақтан аса көп көлемде су келмейді. Тағы бір атап өтерлігі, Тарбағатай тауларындағы ыл­ғал қоры да жылдағы­дан мол, нормадан ­32 пайызға асып отырғаны тіркелді. Осы­ның бәрі түптеп келгенде биыл Ертіске жіберілетін су көлемінің былтырғы­дан көп болатынын байқатып отыр, – дейді Е.Қамбаров.

Бұған қоса «Ертіс» бассейндік инс­пек­циясының қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысындағы қыстан қалған қар жамылғысы әлі толықтай сіресіп жатқанын, ал Абай облысында оның 92 пайызы әзірше сақталып тұрғанын анықтаған. Ертіс өзенінде қатқан мұз­дың қалыңдығы Абай облысы аумағында 63 см болса, Павлодармен шекарада 84 см-ге дейін жетеді. Ал Павлодар облысын­да мұздың қалыңдығы – 70-84 см аралығында.

Ал Шығыс Қазақстандағы су қойма­ларынан Ертіс өзеніне судың қашан босатылатынын болжап айту әзірше мүмкін емес. Оның мерзімі сәуір айының басында белгілі болып қалуы керек. Салааралық су босату комиссиясы биыл қанша көлемде су босату шешімін қабылдайды.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов өткен жылы Ертіс жайылмаларының 30 пайызын ғана су басқанын, биыл он­дайға жол бермеу керек екенін жеткізді. Былтыр өзеннің экожүйесін барынша нашарлатып алдық. Бұл кейбір лауазымды тұлғалар мен су саласына жауапты ведомстволардың жауапсыздығы мен селқостығынан деп есептейді ол.

«Өткен жылы Ертіс бассейндік инспекциясы 20 сәуірден бастап Бұқтырма су қоймасынан су босату орташа есеппен секундына 500 текше метрден 381 текше метрге дейін азайғанын хабарлағаны есімізде. Ал норма бойынша кемінде су жіберу көлемі секуындына 3 мың текше метр болуы керек еді. Мұндай жоғары ағын өзен бойында үлкен толқындар тудырып, қатты екпінмен келген су жайылма­лар­ға молынан шығып үлгереді. Егер Эко­логия министрлігі бұл шешіміміз­ді қолдаған­да, Павлодар облысының аумағындағы жайылымдарды су басу көрсеткіші жоғары болған болар еді. Өкінішке қарай, біздің ұсыныстарымыз көп жағдайда ескерілмейді. Екіншіден, су қоймасының суды ертерек жіберуіне Павлодар облысының әкімі жол бермеуі керек еді деп ойлаймын. Ол уақытта тау­дан ағып түсетін Үлбі мен Оба өзендері енді ғана жіпси бастаған еді. Ғылыми негізге сүйенсек, таудан құлап түсетін мол ылғал қоймалардың суымен араласып, ағынның екпінін асыра түсуі керек-тін. Бірақ мамандар осы тұста ағаттық жіберді. Қоймалардағы су жіберіліп болған соң барып тау өзендері түсе бас­тады. Үшіншіден, Павлодар облысы­ның басшылығы көктемнің соңғы айы мен маусым айында қаптап шыға келетін шыбын-шіркейден қауіптеніп, су босату шараларын суық мезгілде жүргізгенді құп көретіні байқалады. Бұл – табиғат заңына кереғар жайт. Тағы қайталай­мын, су босату тау өзендері толық еріп, күн әбден жылынған уақытта жүргізілуге тиіс. Өзен маңайындағы жайылмалар­дың көбі орман-тоғайлы, ондай жерлер­дің топырағы ең соңынан барып бусана­ды. Ал ерте жіберілген су ондай жерлер­ге сіңбей, өзенге тез қайтып кетеді. Бұған 2012-2016 жылдары Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып тұрғаным­да әбден көз жеткізгенмін. Бұл мәселе­мен егжей-тегжейлі шұғылданып, зерттеп шықтым. Сондықтан мамандар мен сияқты тәжірибелі мамандардың сөзіне құлақ асқаны жөн», дейді Н.Әшімбетов.

Депутаттың айтуынша, көктемгі су босату шаралары бойынша жуықта Үкімет­те отырыс өтеді. Оған Мәжіліс өкіл­дері қатысады деп күтіліп отыр. Тәжіри­белі мамандар өз ақыл-кеңестерін беріп, Ертіс бойын жайлап отырған жұрттың ­ыры­сын еселеудің жолын іздестіреді. Ертіс өзенінің кемеріне жетпей, суы аза­йып бара жатқанын ескерсек, алдағы уақытта өңірде тапшылық туындауы ғажап емес. Бұдан 12 жыл бұрын былтырғыдай жағ­дай қайталанып, жайылмалардың не­бәрі ­5 па­йызы ғана суға қаныққаны да есіміз­де. Ал Бұқтырмада судың жеткілікті жиналмауы кейінгі жылдары проблемаға ­айналып барады.

Жуықта бұл түйткілге Мәжіліс депутаты Николай Арсютин де алаңдаушы­­лық танытып, алдағы мемлекеттік су қоры қалай жасақталатыны туралы Үкімет­ке депутаттық сауал жолдаған. Бұл мәсе­леге мемлекет тарапынан зор көңіл бөлінуі ­керек деп есептейміз.

Жайылмалардың суға қанықпауы­нан мал азығын жеткілікті жинап алу мәселесі ушығып келеді. Тағы бір мәселе, судың аз шығуы балықтардың уылдырық шаша алмауына апарып соқтырған. Торай­ғыров университетінің ғалымдары жыл сайын көктемде су жайылғанда өзен балық­тары таяз жерге шығып, уылдырық шашатынын айтады. Жайылмадағы су тез жы­лынатындықтан ондай жерде шабақтар да жылдам дамиды әрі балық қорегі мол. Ал екі-үш аптадан кейін су қайтып, Ертіс өз кемеріне түскенде су мақұлықтары өзенге үйір-үйір болып қайтып оралады. Осы бір табиғи үдерістің бұзылуы да өзендегі балық қорының азайып кетуіне себеп болып отыр.

 

Павлодар облысы