Экология • 29 Наурыз, 2024

Күкіртті сутегі шектен тыс көбейген

617 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атыраудың ауасы тағы да бүлінді. Жағымсыз иіс қолқаны қабып, тынысты тарылтып тұр. Экологтер атмосфералық ауада күкіртті сутегінің мөлшері шекті шоғырланудан бірнеше есеге асқанын айтып отыр. Бір жұтым ауаның жұпар болмағанына қынжылған тұрғындар «Ұйқыдан оянбай қаламыз ба?» деп алаңдайды.

Күкіртті сутегі шектен тыс көбейген

Фото: bairaq.kz

Осыған байланысты жиын өткізген облыс әкімі Серік Шәп­кенов ауаның ластану себебін 10 күннің ішінде анықтауды тапсырды. Әкімнің айтуынша, жауапты органдар 4 сағаттан соң ауа сапасын зерттеуге кіріскен. Жағымсыз иісті анықтау үшін қажетті шараларды қолға алмаған жауапты органдардың жұмысын сынады.

Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамедовтің айтуына қарағанда, «Қазгидромет» РМК-ның өңірлік филиалы ұсынған мәліметте 36 жоғары ластану және 2 экстремальды жоғары ластану дерегі тіркелген.

«Жағымсыз иіс Атырау қала­сының сол жағындағы «Сасықсай» булану алаңынан шығуы мүмкін деп пайымдап отырмыз. Мұнда атмосфералық ауаны жоғары лас­таушы ингредиент рұқсат етіл­ген шекті концентрациядан 10 есе асқан. Бұған қоса 24 нау­рызда таңғы сағат 09.40-та «При­вокзальный» атмосфералық ауа сапасын бақылау стансасында күкіртті сутегінің рұқсат етілген шекті концентрациядан 97 есеге асқаны тіркелді. Бұл – экстремальды жоғары ластану», деп мәлімдеді Ә.Бекмұхамедов.

Ал «Қазгидромет» РМК облыс­тық филиалының басшысы Са­лауат Төленовтің айтуынша, атмосфералық ауаның жоғары және экстремальды жоғары лас­тануы туралы барлық мәлімет Атырау облысы бойынша экология департаментіне және жергілікті уәкілетті органдарға уақытылы беріліп отырған. Алайда Атырау мұнай өңдеу зауыты мен NCOC N.V компанияларының ауаның ластануын тіркейтін стансалары наурыздың 24-інен 25-іне қараған түнде ластану бойынша дерек бермеген.

«Таңғы сағат 03.00-ден 07.00 ара­лығындағы жағдай тура­лы мәлімет берілген жоқ. Біз Аты­рау мұнай өңдеу зауыты ма­ңын­дағы тұрғын үйлер орналасқан ауданындағы атмосфералық ауаның сапасына өлшеулер жүр­гіздік. Жел солтүстік-шығыстан соқты. «АМӨЗ» ЖШС-ның оң жа­­ғын­дағы қоныстану аймағында күкіртті сутектің мөлшері рұқсат етілген шекті концентрация­дан 21-25 есеге дейін асты. Бұл – ауаның жоғары ластану дерегі. Ал зауыттың сол жағындағы қоныс­тану аймағында бұл дерек 17,5 есеге асып, жоғары ластану жағдайы тіркеліп отыр», дейді С.Төленов.

Мұнайлы шаһар тұрғындары әлеуметтік желіде күкіртті сутек­тің исі NCOC N.V компаниясы­ның Қарабатан елді мекеніндегі зауыты орналасқан жақтан шық­қаны туралы шағым айтты. Алай­да консорциумның еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі директоры Уәлихан Жанаисовтың айтуынша, бұған компанияның еш қатысы жоқ.

«Біз арнайы санитарлық қор­ғау аймағына талдау жүргіздік. Түнгі сағат 01.00-ден таңғы 09.00-ге дейін ауа сапасын тексердік. 24-25 наурызда жүргізілген тексеру нәтижесінде желдің басым бағы­ты солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа, яғни ком­панияның кен орнына қарай соққан. Желдің жылдамдығы секундына 2 метр болған. Ауа сапасын бақылай­тын барлық стан­саның дерегін алып, жағдайды бақылауда ұстап отырмыз», дейді У.Жанаисов.

Облыс әкімі С.Шәпкеновтің пікірінше, жағымсыз иістің шығу себебін анықтау, тиісті шара қолдану үшін комиссия құрылады. Бірақ атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тұрғындарға жедел әрі уақытылы ақпарат берілуі қажет.

«Тұрғындар тарапынан ауа­ның ластанғаны туралы әлеумет­тік желіде арыз-шағымдар көп айтылады. Ауада жағымсыз иіс­тің шыққаны мемлекеттік орган­дардың жұмысын тиісті дең­гейде атқармайтынын көрсетті. Мамандар бұл жағдайға байланысты дереу шара қабылдаудың орнына төрт сағатта әрең жиналды. Бізге тұрғындардың таза ауа­мен демалып, дені сау болғаны қажет. Ауадағы жағымсыз иіс «Сасықсай» булану алаңынан тарады дейміз. Бірақ оның суын тазаладық. Тіпті сол жерге фламинго ұшып келді деген ақпарат тарады. Ал «Квадрат» алаңында да тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Ондағы иіс қаланы толық басуы мүмкін емес», дейді С.Шәпкенов.

Әкімнің айтуынша, ауаның лас­тану дерегін зерделейтін ко­мис­сияға тиісті мамандар тобы тартылады. Ал «Қазгидромет» РМК филиалы атмосфералық ауа сапасын бақылайтын стансалар­дан мәлімет жинап, талдау жасау­ға тиіс. Сол жұмыстардың негізін­де ауаны ластаған кінәлілерге тиіс­ті шара қолданылуы мүмкін.

Бірақ бұл мәселе бірнеше жылдан бері шешімін табар емес. Тіпті жыл өткен сайын ушығып барады. Енді арнайы комиссияның зер­делеуінен кейін Атыраудың ат­мос­фералық ауасы тазара ма, әлде... Мұның бәріне төреші – уақыт.

 

Атырау облысы