Табиғат • 29 Наурыз, 2024

Орманды сақтаудың амалы

33 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурстар министр­лігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Дүниежүзілік қормен бірлесіп еліміздегі ландшафттарды тұрақты қалпына келтіру жобасын әзірлеп жатыр.

Орманды сақтаудың амалы

Өсімдіктердің биоалуан­түр­­лілігін сақтау мақсатында 152 елде тұқым қоры құрылған. Қазіргі уақытта әлемде мың­нан аса ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының, табиғи флора­ның, жеміс өсімдіктерінің және т.б. тұ­қым қоры бар. Еліміз кейін­гі он­жыл­дықта ормандардың азаюы­ және орманның табиғи алуан түр­лілігінің жойылу проблема­сына тап келіп отыр. Алайда қа­зақ жерінде орманды қалпына кел­тіру және экожүйені сақтау­да маңызды ағаш, тал түрлері тұ­қымдарының ресурстары мол екенін айтады мамандар. Осыған орай Дүниежүзілік тұқым қоры Қазақ­станда ландшафттарды тұ­рақты қалпына келтіру жобасын қолға алды. Оның аясында орман өсімдіктері тұқымдардың генетикалық қоры құрылып отыр.

«Орман өсімдіктері тұқым­дарының генетикалық қоры – өсім­діктердің генетикалық мате­риалдарының сақтау қоймасы. Осы арқылы ормандардың әр­түр­лілігін және генетикалық тұ­тас­тығын сақтауға болады. Бұл – еліміздің әр өңірінен жиналған түрлі орман тұқымдарын сақ­тай­тын ерекше платформаның бірі. Қор генетикалық ақпарат қорының қызметін атқарып, өрт­тен, аурулардан, кесуден және түрлі төтенше жағдайлардан кейін орманды қалпына келтіруге мүм­кіндік береді», дейді қор сақтаушы мамандар.

Олардың айтуынша, елімізде тұқымдардың генетикалық қо­рында сақталатын ағаш түрлерінің бастапқы тізбесі түрлерді қорғау, ландшафтта таралуы, зиянкес­тер мен ауруларға төтеп беретін талаптарға сай сұрыпталып жасалды. Тізімге Қызыл кітапқа енген бірегей және сирек кез­десетін ағаш өсімдіктерінің 46 түрі, белсенді абаттандыру іс-шаралары үшін әлеуеті бар перс­пективалы түрлер, орман құруда маңызды рөл атқаратын орман құрушы түрлер кірді.

«Тұқымдар қорында өсім­діктерді сақтау және олардың түр­лерін көбейту жұмыстары елі­міздің ландшафттарының ұзақ­мерзімді тұрақты дамуына қажетті қадамдардың бірі болмақ. Ол ормандарды қалпына келтіруге, биоалуантүрлілікті көбейтуге және жердің деградациясы мен климаттың өзгеруімен күресуге мүмкіндік береді», дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев.

Дүниежүзілік қормен бір­лескен жоба аясында орман тұ­қым­дарының генетикалық қоры материалдық-техникалық базасын құруға қолдау көрсетіліп­ті. Мәселен, орман тұқымдарын сақ­тау мен кептіруге, оларды қа­былдауға қажетті құрылғылар, аспаптар және автотранспорт сатып алынған. Бұған қоса зертхана қажетті техникамен және жиһазбен жабдықталып, орман тұқымдарын тексеру үшін шы­ғын материалдары мен оларды сақ­тауға арналған арнайы жаб­дықтармен қамтамасыз етілгенін байқаймыз.

Жоба жетекшісі Ерлан Мұра­товтың айтуынша, зертханада мик­роклондау әдісі тәрізді ғы­лыми жұмыстар сәтті іске асып отыр. Бұл өсімдіктерді көбейтудің қысқа әрі жеделдетілген жолы екен.

Зертхана жұмысы барысында клондық отырғызу материа­лын алу әдісі әзірленіп, ағаш-бұта­лар­дың әртүрлі түрлерін «invitro» жағдайында сақтайтын ме­рис­темалық тұқымдар қоры да құ­рылыпты. Олардың ішінде Іле-Алатау тарамының сиверс алма ағаштары, карел қайыңы, манчжур қайыңы, қағаз қайың және т.б. бар. Мұндай тұқымдар қордың құнды қазынасы екені даусыз.

Кәсіпорынның орман биотехнология зертханасында жа­бық тамыр жүйесі арқылы то­раңғы өсірудің жаңа технология­сы әзірленіп, сынақтан сәтті өтіпті. Бұл еліміздегі тораңғы ор­­мандарының генетикалық әр­түр­лілігін сақтауға мүмкіндік береді. 2018 жылы еліміз Бонн бағдарламасы аясында 2030 жыл­ға қарай 1,5 млн гектар орман ал­қаптарын қалпына келтіруге міндеттеме алғаны белгілі. Жоба республиканың орман қорын ұл­ғайтып, жердің тозуын азайтады деп жоспарланған еді.

Мамандар тұқымдардың гене­тикалық қорының құрылғаны өте жағымды жаңалық болғанымен, елдегі климаттық жағдай, топы­рақ құрамының тозуы ормандарды қалпына келтіруге әлі де болса қауқарлы емес екенін мойындайды. Қордың бір артықшылығы – әр өңірдің генетикалық ерекшелі­гін сақтау арқылы экожүйелер үшін тұқымдардың қажетті сор­тын таңдауға болады. Бұл ландшафттарды қалпына келтіру жоба­сының тиімділігін арттыруға сеп­тігін тигізеді-міс.

Орман тұқымдарының гене­тикалық қоры табиғатты сақтауға және болашақта тұрақты өмір сүру ортасын құруға бағыттал­ған экологиялық жауапты іс-ша­ра­лардың тәуелсіз құралына айналып қана қоймай, жоба жасыл экономика мен еліміздің тұрақты дамуына маңызды қадам болмақ.