Құқық • 29 Наурыз, 2024

Сот әкімшілігі: ашықтық айнасы

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыт алға озған сайын заманның сұранысы мен талаптары өзгеретіні анық. Заманның ағымына сай, еліміздің сот жүйесіне жаңашылдықтар енгізу қажеттілігі туындады. Өткен жылы Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот әкімшілігі болып қайта құрылды. Ал сот әкімшісінің аумақ­тық органдары департамент болып өзгерді. Қа­зір республиканың барлық облысында сот әкім­ші­лігінің аумақтық бөлімшелері жұмыс істейді.

Сот әкімшілігі: ашықтық айнасы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Тиісінше, Сот әкім­ші­лігінің Қызылорда об­лысы бойынша де­партаменті, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңсе­ле­рі сот әкімшісі болып қайта құ­рылды. Департамент ережесі бе­кітіліп, қызметтің негізгі бағы­ты соттардағы ұйымдастырушы­лық, қаржылық және материалдық-техникалық қызметтерді атқару болып белгіленді. Сот жүйесін­де сот төрелігін жүзеге асырумен қатар, соттардың қызметін ұйымдастыру да маңызды рөлге ие. Осы орайда департаменттің құзыреті кеңейіп, жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Қазіргі таңда сот үдерісін дайындау және ұйымдастыру, судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметін қамтамасыз ету, сот тәжірибесін талдау, сотқа түскен істер бойынша статистикалық есепті қалыптастыру, сот мұра­ғатының іс қағаздарын жүр­гізу және ақпараттандыру – қыз­метіміздің негізгі бағыты. Мақ­сатымыз – азаматтардың сот жүйе­сіне деген сенімін арттыру, сот жүйесінің ашықтығы мен қол­жетімділігін қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда сотқа жүгінген аза­маттарға электронды ақпа­рат­тық технологияларды қолдану­ға кеңінен мүмкіндік берілген. Тұр­ғындар сотқа өтініштері мен арыз-шағымдарын «Сот ка­бинеті», «Е-өтініш» қызмет көр­сету жүйелері арқылы жібере ала­ды. Бұл сервистердің негізгі ерек­шелігі – әрбір азамат немесе оның өкілі өзіне ыңғайлы уақытта, үйінен шықпай-ақ сотқа талап-тілектерін жолдай береді.

«Сот кабинеті» электронды сервисі өте ыңғайлы, ол ар­қы­лы талап қою, шағымдар және өті­­ніш­­хаттар беруге, мем­ле­кет­тік баж төлемін онлайн жү­зе­ге асыруға болады. Сонымен бір­ге электронды сот құжаттарын қа­рауға, сақтауға, жүктеуге және та­лап қою туралы ақпараттарды, іс­тің қаралу динамикасын, бей­не­материалдарды көруге, апел­ляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қа­рау және тағы басқа талап-өті­ніштермен жүгінуге болады. Бүгінде Қызылорда сотта­рында электронды сервисті қол­дану тәжірибесі дұрыс жолға қо­йылып, көпшілік арасында кең қолданысқа ие болып, аза­маттардың уақытын үнемдеп, сот қызметіне қолжетімділікті арттырып отыр.

Коронавирус індетінің таралуы өмір сүру салтымызға өзгеріс енгізді. Сол уақытта сот отырыстарына қашықтан қатысу тәжірибе­сі қалыптасты. Содан бері сот отырыстарына онлайн түрде қа­тысу мәселесі әлі күнге дейін өзектілігін жоймай, азаматтарға оңтайлы жағдай қалыптастыру мақсатында сот отырыстарына қа­шықтықтан қатысу мүмкіндігі бе­рілген. Қазіргі таңда азамат­тар сот отырысына келіп қаты­са­ды, сотқа келу мүмкіндігі бол­маған жағдайда, мобильді қо­сым­шалардың және басқа да элек­тронды технологиялардың көме­гі­мен онлайн түрде қатыса алады.

Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақ­­са­тында сот отырыстары өт­кі­зілетін залдардың барлығы за­ман талабына сай техникалар­­мен жабдықталған. Сот үдерістері түгелдей аудио-бейне жазба құ­­­рылғыларын қолдану ар­қы­лы өткізіледі. Бұл сот үдеріс­терінің ашық әрі әділ өтуіне және бұрмалаушылыққа жол берілмеуіне ықпал етеді. Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті.

Бүгінде істердің көпшілігі сот­қа электронды форматта түседі. Негізінен әлемдегі дамыған елдер­дің көбінде істер сотқа қағаз жү­зінде емес, электронды түрде жол­данады. Азаматтық істер бо­йынша сот бұйрығын шығару ту­ралы арыздар, жеңілдетілген іс жүргізу бойынша арыздарды қа­рау электрондық нысанға кө­шірілген. Қазіргі таңда қыл­мыстық істер бойынша «Төрелік» ақпараттық жүйесі­мен үйлестірілген «Электрондық қылмыстық іс» жүйесі жұмыс істейді. Бұл қылмыстық істер бойынша сот өндірісінің барлық кезеңдерін, яғни қылмыстық құ­қық бұзушылықты тіркеуден бас­тап, сот үкімінің шығарылуы­на дейін цифрландыруға мүмкін­дік беріп отыр. Сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер де электронды форматта түсіп жатыр.

Істердің басым бөлігі электронды түрде түсуіне байланыс­ты электронды сот залдары жа­сақ­талған. Сот жүйесіндегі элек­трондық нысанның ерекшелігі – ақпараттық жүйе істерді цифр­лық нысанда сақтайды және жоға­ры деңгейлі қауіпсіздікке ие. Бар­лық үдерістік құжаттар электрон­дық карточкада сақталады, сот актілері соттың базасына дер кезінде салынады. Бұл жаңашылдық сот жү­йесі мен тұрғындар арасындағы қа­рым-қатынастың ашықтығын қам­тамасыз етуге жағдай жасап отыр.

Қызылорда соттарында судьялар мен мамандардың кедергі­сіз қызмет атқаруына барлық мүм­­кіндік қарастырылған. Зама­науи үлгідегі компьютерлер іске қосылып, сот ғимараттары қа­жет­ті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен қамтамасыз етілген. Келушілер үшін күту залы, жұмыс жасау секторы, ақпарат орталығы, адвокаттар мен медиаторлар орны, соттардың кіріс кеңсесі жұмыс істейді. Күту залында бейнероликтер көрсетіліп тұрады. Сол ар­қылы татуласу келісімдерінің ма­ңыз­дылығы, мемлекеттік баж алымдары, облыстық және аудандық соттардың басшы­лы­ғының жеке қабылдау күндері туралы мәліметтермен, талап қою үлгі­лерімен және сот жұмысын ұйым­дастыруға қатысты ақпарат­тармен танысу мүмкіндігі бар.

Бүгінде халықтың құқықтық сауатын арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда облыстық соттың ресми сайты жұмыс істеп тұр. Сайтта халыққа қажетті мәліметтер, заң нормалары, соттардың байланыс телефондары мен электронды пош­таталары, облыс соттарының қараған істері бойынша сот залынан берілетін ақпараттар орналастырылған. Сонымен қатар құқықтық насихат жұмысын жүргізу, кері байланыс орнату мақсатында «Қызылорда соттары» атауымен Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілері мен Youtube арналары жүргізіліп оты­рады. Онда халықты сот жүйе­сінің жұмысымен таныстыру, заң­дарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бағытындағы ақпараттар жария­ланып, аудандық және оған теңестірілген соттарда өткізілген іс-шаралар мен сот жүйесінің сан тармағын қамтитын замануи фор­маттағы бейнероликтер орналас­тырылады.

Өткен күнді қастерлеу ел бір­лігін нығайтады, ұрпақтар сабақ­тастығын жалғастырады. Қа­зіргі күні қолданысқа енген қазақ­тың дау шешу өнерінің тамыры тереңде жатыр. Қазақ билерінің төрелік айту дәстүрін жалғастырушы – бүгінгі сот би­лігі азаматтарды татуластыру жұмыстарына ерекше көңіл бөліп отыр. Осы орайда, тарихымыз ұмы­тылмасын деген ниетпен об­лыс­тық соттың ғимаратына би­лер­ден бастап, бүгінгі сот жүйе­сіне дейінгі тарихты қамтитын, тәрбиенің орталығы болатын мұражай ашылды.

Сот әкімшілігі департаменті әр­қашан да қоғамдық жұмыс­тан қол үзген емес. Сот қызмет­кер­лері арасында зияткерлік және шы­ғармашылық сайыс­тар үне­мі өткізіліп тұрады. Депа­рта­мент қызметте ұйымдастыру­шы­лығымен ерекшеленіп, ұлттық тәр­бие мен құндылықтарға негіз­делген қоғамдық іс-шараларды жүйелі өткізіп, алдыңғы лекте келе жатқан құрылымдардың бірі деп сеніммен айта аламыз. Ендігі жерде бұл жетістіктермен шектеліп қалмай, алдымызда тұрған межелерімізді өз дәре­жесінде жүзеге асыруды мақсат етіп отырмыз. Оларды орындауға тәжірибемізді, күш-жігер мен білімімізді арнаймыз. Ең басты мұрат – азаматтардың сенімі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы.

 

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН,

Сот әкімшілігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы