Білім • 28 Наурыз, 2024

Экологиялық зертхана ашылды

33 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­тін­де «Қашықтан зондтау технологиясы және қол­да­ну» қазақ-қытай бірлескен зертханасы ашылды.

Экологиялық зертхана ашылды

Жаңа орталық Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы, құр­ғақшылық, жердің құ­нар­сыз­дануы сияқты экологиялық мәсе­лелерге мониторинг жүргізеді. Қашықтан бақылау арқылы аймақтағы таби­ғи қауіп-қатерді алдын ала ескер­тіп, экологиялық қауіпсіздік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жо­ғары деңгейдегі халықаралық ре­­сурс­тық және экологиялық плат­­­форма құруға мүмкіндік бе­ре­ді. Ұлттық университеттің гео­гра­фия және табиғатты пайда­ла­ну факультетінде орналасқан зерт­­хана ғылыми зерттеулер орта­лы­ғы ғана емес, Орта­лық Азия­дағы қор­ша­ған ортаны тұрақ­ты да­мы­ту­дың бас­ты хабына айналмақ.

Салтанатты іс-шараға ҚХР Шың­­жаң-Ұйғыр автономиялық ау­да­­­ны ҚКП партия комитеті хат­шы­­сының орынбасары, ШҰАА Халық үкіметінің төр­ағасы Еркин Тунияз, Ғылым және жоғары бі­лім вице-министрі Талғат Ешен­құ­лов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жан­сейіт Түймебаев, Қытай ғылым ака­демиясы Шыңжаң экология және география институтының бас директоры Чжан Юаньмин, Шың­жаң университетінің пре­зи­денті Яо Цян, Шыңжаң-Ұйғыр авто­­но­миялық ауданының Халық үкі­меті хатшылығының басшысы Чжоу Сюйюн, ҚазҰУ ғалымдары мен оқытушылары, студенттер қатысты.

Іс-шарада Шыңжаң-Ұйғыр авто­­номиялық аудандық коми­те­тінің губернаторы Еркин Тунияз жаңадан ашылған зертхана ғылым бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыстың жарқын көрінісі екенін атап өтті. «Бүгінгі Қаз­ҰУ базасында құрылған ор­та­­лық – екі мемлекеттің қарым-қа­тынасының күн санап артып келе жатқанының айқын дәлелі. Қазақстан мен ҚХР арасындағы өзара ынтымақтастық пен стра­те­гия­лық серіктестік әртүрлі саяси тен­денцияларға емес, берік негізге құ­рылған. Қазақстан мен Қытай – жақын көрші, сенімді дос және стра­тегиялық әріптес. Алдағы уақытта достық байланысты одан әрі жандандандыру бойынша жүйе­лі жұмыстар атқарылады деп санай­мын», деді Еркин Тунияз өз сөзінде.

Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбектің құт­тық­тауын жеткізген Талғат Ешен­құлов «Қазақстан мен Қытай ара­сындағы ғылым мен жоғары білім саласында көпжылдық және жемісті ынтымақтастық жолға қойылған. Министрлік соңғы екі жылда жетекші жоғары оқу орындарымен, соның ішінде Қытай университеттерімен стратегиялық әріптестікті құру бойынша бел­сен­ді жұмыс жүргізіп келеді. 6000-нан астам халықаралық келі­сімшарттың 249-ы Қытай ЖОО-ларымен жасалған. Осы келісімдер аясында қосдипломды білім беру, біріккен орталық құру, ака­демиялық ұтқырлықты дамыту сын­­ды жобалар қолға алынды. Со­ны­ң басым көпшілігі осы Әл-Фа­ра­­б­и атындағы ҚазҰУ базасын­да ­жүзеге асырылып жатыр», деп атап өтті.

 «Президент Қасым-Жомарт Тоқаев І Орталық Азия – Қытай сам­митінде сөйлеген сөзінде Бірік­кен Ұлттар Ұйымының дерегінен мы­сал келтірді. Дүниежүзінде 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін. Мемлекет басшысы: «Климаттың өзгеруіне байла­нысты біздің аймақтың басты су­ көзі саналатын мұздықтар да күрт аза­йып барады. Осы жағ­дай Орталық Азияның азық-тү­лік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төн­діреді. Сондықтан бірлесіп шұ­ғыл шаралар қабылдауымыз қа­жет», деп атап өткен болатын. Сондай-ақ су ресурстарын өза­ра келісіп, ұтымды пайдалану, тиімді цифрлық тәсілдерді қол­да­ну, су шаруашылығы саласы­на жаңа технология енгізу бойынша ұсы­ныс­тар жасады. Сондықтан біздің мақ­сатымыз – табиғат ресурста­рын тиім­ді пайдалану мен қорша­­­­­ған ор­таны зерттеу саласындағы ғы­­­лыми-тех­­никалық ынты­мақ­тас­­­тықты ны­ғай­ту», деді ректор Жансейіт Түй­ме­баев.

Іс-шара соңында ҚазҰУ мен Қы­тай Ғылым академия­сы Шың­жаң Экология және география инс­титуты арасында келісім­шар­тына қол қойылды.

Жаңа ғылыми зертханаға университет тарапынан бөлінген 500 шаршы метр аумақ жөндеуден өтіп, Қытай жағы 55 млн теңгеге зертхана жабдықтарын орнатты.

 

АЛМАТЫ