Ғылым • 29 Наурыз, 2024

Ғалымдар тапқан сүзгі

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Отандық ғалымдар әмбебап сүзгі жасап шығарды. Оның әмбе­баптығы суды тұз­дан та­зартатынында ғана емес, со­нымен қатар мұнай мен ра­диоактивті қалдық­тар тәрізді әртүрлі майлы сұйық­тықтан да тазар­туға мүмкіндік беретінінде болып тұр.

Ғалымдар тапқан сүзгі

Әмбебап сүзгілерді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің (ЕҰУ) Инженерлік бейіндегі зертхана ғалымдары жасап шығарды. Олар әуелде суды тазартатын және зиянды заттарды анықтайтын мембраналарды модификациялау әдістерін әзірледі, сүзгі соның негізінде жасалды. Қазір ЕҰУ ғалымдары суды тұздардан, пестицидтерден, мұнай өнімдерінен, глюкозадан және ауыр металл иондарынан тазарту үшін елімізде шығарылатын трек мембраналарын модификациялау әдістерін зерттеп жатыр. Сүзгілердің бірегейлігі ЕҰУ инженерлік зертханасында әзірленген трек мембраналарды пайдалануымен ерекшеленеді. Ғалымдар жұқа полимерлі пленкалардан жасалған ауыр ион үдеткішін қолданады. Ғылыми әзір­ле­мелердің арқасында сүзгілер суды тек тұздан ғана емес, сонымен қатар мұнай мен радиоактивті қалдықтар тәрізді әртүрлі майлы сұйықтықтан да тазартуға мүмкіндік береді.

ЕҰУ Инженерлік бейіндегі зертхананың аға ғылыми қызметкері, жобаның жауапты орындаушысы Илья Корольков өздері әзірлеген сүзгілердің артықшылығы жөнінде: «Біздің сүзгілердің артықшылығы неде? Бұлар – әмбебап. Оны қарапайым сүзгілеуде ғана емес, сонымен қатар радиоактивті сұйық қалдықтардың мембраналық дистилляциясында да қолдануға болады. Трек мембраналары бірқатар ерекше қасиеттерге ие, бірақ мембраналық дистилляция мен сенсорлық үрдістерде тиімді пайдалану үшін олардың үстіңгі жағын өзгерту қажет. Осы мақсатта біз оны қарапайым және арзан әдіспен өзгерту жолдарын зерттедік. Бұл – әртүрлі мономердің фотоиницияланған егу полимерленуі. Суды тұзсыздандыру үшін мембраналық дистилляцияда, сондай-ақ қорғасын, кадмий және глюкоза иондарын анықтауға арналған электрхимиялық датчиктер ретінде қолданылатын су-май эмульсия­ларын бөлуге қабілетті жақсартылған сипаттамалары бар мембраналар алынды», деп түсіндірді.

Негізі сүзгі – трек мембраналарының ең қарапайым қолданысы. Ғалымдар бұған дейін суды тазартуға және оны ішуге қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін сүзгі құрастырған. Бірақ бұл суды микроағзалар мен бактериялардан ғана тазартты, ал тұздардан, вирустардан, хлордан, темірден тазартпайтын.

ЕҰУ ғалымы Арман Есжанов мембраналық дистилляциямен айналысады. Ол трек мембрана­сының өнімділігін және тазалау дәрежесін арттыруға мүмкіндік беретін гидрофобты мембраналарды шығару әдістерін әзірледі.

«Бірнеше сағат ішінде біз бастапқы плен­каның диаметріне байланысты бірнеше литрге дейін таза су ала аламыз. Тазарту дәрежесі 98–99 пайызды көрсетті. Енді біз бұл нәтижелерді алдымен ғылыми журналдарда жариялап, кейін қолданысқа енгізуді жоспарлап отырмыз. Біз тұздардан бөлек пестицидтерден тазарттық, сонымен қатар сұйық радиоактивті қалдықтардан тазарту дәрежесі бойынша жоғары көрсеткіштер алдық. Бұл жерде изотоптардан тазарту дәрежесі 95–98 пайызды құрады. Біз әзірлеген сүзгінің қолдану аясы өте кең», дейді Арман Есжанов.

Қазіргі уақытта ЕҰУ зертханасы бақылана­тын гидрофильді және гидрофобты қасиеттерді қалыптастыру және химиялық белсенділікті арттыру үшін трек мембраналарының бетін модификациялау әдістерін жасауға күш салып жатыр. Наноталшықтары бар гибридті трек мембранасы супергидрофобты қасиеттерді көрсетеді және оны мембраналық дистилляция арқылы суды тұздардан тазарту үшін пайдалануға болады.