Ұстаз • 29 Наурыз, 2024

Мұғалім жетіспейді

139 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Жайлы мектеп» жобасы аясында рес­пуб­лика мектептерін жаңа фор­ма­ция­­да­ғы педагогтермен қам­та­ма­сыз ету, түлектерді жұ­мыс­қа орналастыру, педагогикалық кадр­лардың білік­ті­лі­­­гін арттыру және қайта даяр­лау мә­се­­лелері – Абай атындағы Қазақ ұлт­тық универ­си­те­тінің алдын­­да тұр­ған ма­ңызды міндет.

Мұғалім жетіспейді

Осы мақсатта университеттің 4-курс студенттері елордадағы мектептерде тәжірибеден өтеді. Ондағы мақсат – «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа мектептерді педагогикалық мамандармен қам­та­масыз ету. Астанаға келген студенттермен Ғылым және жо­ғары білім министрі Саясат Нұрбек және Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілеп кездесу өткізіп, мұғалімдік міндеттің маңызына тоқталды. Сапалы білім қалыптастырудағы жетекші педагогикалық оқу орнының бас­ты міндеті – ұстаздық мамандықты та­­ң­даған студенттердің жа­уап­­­кершілігіне басты назар ауда­ру. Осы орайда Астана қала­сы­ның ­Білім басқармасымен ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Нәтижесінде, Абай университетінің 181 студенті 32 оқу орнында, оның ішінде 11 лицейде, 13 гимназияда, 1 орта мектепте, 3 арнаулы оқу орнында, 4 балабақшада тәжірибеден өтеді. Тәжірибе кезеңі биылғы  жылдың 4 наурызынан бастап мамыр айының 3-іне дейін жалғасады.  Университеттің осы бағыттағы келісімдеріне сәйкес алдағы уақытта Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­верситетімен педагогикалық кадрларды даярлаудың жаңа жобалары әзірленеді.

Республика мектептерін білікті мамандармен қам­та­масыз етуге бағытталған келісім таяуда Алматы об­лы­сының Білім басқармасымен жасалды. Абай уни­вер­ситетінің бас­қарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, уни­верситеттің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова, академиялық мәселелер мен қоғаммен байланыс саласына жауапты депар­таменттердің басшылары келелі мәселелерді талқылады. Осы кездесуде ректор Болат Тілеп мұғалім «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы және Астана қалаларындағы жаңа мектептерді педагогикалық кадр­лармен қамтамасыз етуге, ауылдық және қалалық орта білім беру ұйымдарындағы алшақтықты жоюға, мектеп директорлары мен орынбасарларын, мұғалімдерді қайта даярлау және біліктілігін арттыруға бағытталған университеттің жоспарлары мен бастамалары туралы баяндады.

Ынтымақтастық келісімі нәти­жесіне сәйкес «Жайлы мектеп» жобасы аясында Алматы облысының жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін 26 жаңа мектебін білікті мамандармен қамтамасыз етіліп, облыстың 433 мектебінде физика, математика және химия мұғалімдерінің білім сапасын жақсарту, мұғалімдердің инновациялық бағдарламалар мен цифрлық технологиялармен жұмыс деңгейін арттыру, тәжірибе алмасу іске асады.

Жетісу облысы Білім басқар­масының басшысы Марат Сүлейменовпен кездесуде орыс тілі, математика және информатика мұғалімдері тапшылығы айтылды. Сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандармен қамтамасыз ету, мұнымен қоса білім сапасын жақсарту үшін мектеп басшылығы мен педагог кадрлардың біліктілігін арттыру, қайта даяр­лау мәселелері де жалғасын табуға тиіс. Осы кездесу барысында меморандумға қол қойылып, білім беру сала­сының өзекті мәселелері, оның ішінде университет пен мектеп арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған іс-шара­лар талқыланды.

 

АЛМАТЫ