Аймақтар • 29 Наурыз, 2024

Су тасқыны: Ұлытау облысында жағдай бақылауға алынды

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Қарсақбай кентіндегі судың деңгейі қалыпты. Десе де өңірдегі ахуалды өз деңгейінде ұстап тұру үшін штаб кезекшілігі үздіксіз жұмыс істеп тұр. Бұл ретте Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы тарапынан ахуалды қатаң бақылауда ұстаудан бөлек, халықты алдын ала хабардар етіп отыру жұмыстары тапсырылды, деп хабарлайды Egemen.kz аталған облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Су тасқыны: Ұлытау облысында жағдай бақылауға алынды

Фото: облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Айта кетсек, Қарсақбай кентінің су тоғаны мен «Шауыпкел» тоғанында да су деңгейі көтерілді. Салдарынан кенттегі екі автомобиль өткелі маңындағы жолды су басты. Жергілікті әкімдік, мемлекеттік мекемелер, ұйымдар мен ерікті тұлғалардың бірлесе атқарған іс-шара нәтижесінде тұрғын үйлерді су басу деректері тіркелген жоқ.

Кенттегі тоғанда ағынды судың алдын алу жұмыстарына Қарсақбай металлургиялық зауытының қызметкерлері де тартылды.

Тағы бір айта кететін жайт, 28 наурызда облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы Жезді кентінде баспанасын су басқан азаматтармен кездесіп, шығынға ұшыраған отбасылар уақытша орындарға көшірілетінін, төтенше жағдай аясында қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Ұлытау облысы әкімдігі

«Зардап шеккен отбасылар түгел қауіпсіз жерге көшірілсін. Мердігер анықталып, сараптама жасалған соң барлық шығын өтеледі», деді өңір басшысы.

Жергілікті атқарушы органнан 15, Төтенше жағдайлар департаментінен 50-ге жуық, Полиция департаментінен 30-дан астам қызметкер, жалпы саны 13 техника мен 3 сорғы жұмыс істеп жатыр.

Ұлытау облысы әкімдігі

Еске салсақ, 28 наурызға қараған түні Ұлытау ауданына қарасты Жезді кентінде 10-ға жуық үйді су басқан. Ізінше сол үйлерден және жақын аумақтағы баспаналардан бас-аяғы 26 отбасы эвакуацияланды. Қазіргі уақытта кенттің жатақханасына орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.