Аймақтар • 30 Наурыз, 2024

Роман Скляр Батыс Қазақстан облысында: «Үкімет тарапынан барлық көмек көрсетіледі»

44 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны болған аумақтарды көрді.

Роман Скляр Батыс Қазақстан облысында: «Үкімет тарапынан барлық көмек көрсетіледі»

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Батыс Қазақстан облысына іс-сапармен келді.

Роман Скляр облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен бірге су тасқыны болған аумақтарды тікұшақпен аралап, жағдайды өз көзімен көрді.

Қ.Құттымұратұлы

Үкімет басшысының орынбасары көлемі жағынан ауқымды су тасқыны болған Теректі, Сырым, Қаратөбе аудандарының аумағын көрді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев тасқынның алдын алуға, халықты қауіпсіз жерге көшіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Облыстың Теректі, Сырым, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында, сондай-ақ, Орал қаласында тасқынға байланысты табиғи сипатта төтенше жағдай жарияланған. Су басқан аумақтар көп мөлшердегі жауын-шашынның салдарынан ұлғая түскен.

Қазіргі уақытта тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. 874 адам эвакуацияланды.

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны салдарымен Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамы, жергілікті атқарушы органдар, Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің мамандары күресіп жатыр. 306 техника мен 146 мотосорғы осы іске жегілген.

Сондай-ақ Маңғыстау облысының және Төтенше жағдай министрлігі әскери бөлімдерінің күштері тартылды. Қосымша ҰҚК Шекара қызметінің «МИ-8» екі тікұшағы көмекте жүр.

Өңірде арнайы комиссия құрылып, келтірілген залалды есептеу басталды. Роман Скляр барлық бағыт бойынша су тасқынына қарсы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі», деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.

 

Батыс Қазақстан облысы