Пікір • 01 Сәуір, 2024

«Ұлтқа қызмет ету – мінезден»

265 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыршыл ақын Исраил Сапарбай ұлт болмысы мен мінезі туралы аз өлең жазған жоқ. Солардың ішінде «Мінез» атты мына өлең жолдарының ар жағынан жарқ еткен жасын мінездің жаңғырығы естіледі.

«Ешкiмге қор болмайды азат басым,

Жанымды жар аймалап, жаз аптасын!

Тасты ою – таңдай қаққан тамшыға сын,

Қасқаю – қасқыр қандас қазаққа сын!

Басынып басымнан сөз асырмаңдар,

Ежелден егiз ұғым – Лашын, Заңғар.

Жетесi жетi атадан әрi кеткен,

Талыстай тамырымда асыл қан бар!..».

Ақын асқақтатқан сойқан салар жасын мінез бүгінде ел қызметіндегі ер-азамат­тардың бәрінің бірдей бойында болмай тұр.

Кезінде өзіміз куә болған мына бір оқиға кешелі бері еске түсе берді. Мүм­кін су шаруашылығымен байланысты болған­дықтан шығар. Осыдан оншақты жыл бұрын Жамбыл облысының Қордай ауданында Қазақстан мен Қырғызстан тарапының үкіметаралық кездесуі болды. Сол жылғы су тапшылығынан трансшекаралық Шу, Талас өзендерінен нәр алатын жамбылдық Қордай, Шу, Байзақ аудандарындағы 45 мың гектарға жуық суармалы алқапқа құрғақшылық қаупі төніп тұрған.

Қырғызстан тарапы Орталық Азия елдеріне ортақ ережедегі келісімді бұзып, Шу мен Талас өзенімен біздің елге кететін су көлемін нормативтен төмен жіберіп отыр екен. Яғни оларда да су тапшылығы сезіліп, диқандары бас көтерген көрінеді. Амал жоқ, олардың Ортотоғой және Киров суқоймаларынан бізге шығатын арнаны бөгеуіне тура келген. Салдарынан Жам­был облысының мыңдаған гектар суарма­лы алқабы диқандардың көз алдында құрғап бара жатты. Әлгі жиналыста қыр­ғыз тарапы түрлі сылтау айтып, көне­тін түрі жоқ. Сол сәтте еліміздің Су комите­тінің сол кездегі төрағасы Ислам Әбішев сөз алып, қырғызстандық әріптесін тығырыққа тіреп, әбден қызартты. Экс-төрағаның айтуынша, кеңес өкіметі тарап, бұрынғы одақтас елдер өз-өздеріне енді келіп жатқан тұста ортаазиялық елдердің су шаруашылығының басшылары Алматыда үлкен дастарқанда бас қосып, бауырлас елдер ретінде қол алысып, ресми де, бейресми де келісімге келген екен. Яғни И.Әбішев: «Су бөлісу төңірегіндегі мәселелер мемлекеттер арасындағы жанжалға сеп болмауы керек, су комитеттерінің басшылары соны үлкен дауға айналдырмай, өзіміз-ақ реттеп отырайық деп келіскеніміз қайда қалды? Сол кезде екеуіміз де қол алысып едік қой», деп дала заңына тән мінез танытып еді әріптесі сөзге тоқтап, сол жерде телефон арқылы Шу өзенінің құлағын аштыртты. Кейде мұндай даулы мәселеде діттеген мақсатқа жету үшін біздің қазіргі шенеуніктердің де мінез танытуы қажет сияқты. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген еді ғой Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан.

Жалпы, ұлтымыздың мінезі туралы мысал қай ортада, қоғамның қай саласында болсын жетерлік. 86-ның желтоқсанында әділдіктің жалауын алаңға ұстап шыққан жастар тағдырдың тепкісінен мың өліп, мың тірілген ұлтымыздың рухының әлі өшпегенін әйгіледі. Сидней Олимпиадасындағы Мұхтархан мен Бекзаттың жеңісі кездейсоқ емес, намыстан туған өр мінезден екенін бүгінгі ұрпақ жаттап өсуге тиіс. Мұхтарханға бапкерлер әйгілі алып боксшы Рубалкабамен рингке шықпай-ақ қою жөнінде кеңес беріп, көндіре алмапты, ал Бекзаттан отандық Олимпиада комитеті айтарлықтай үміт күтпепті. Намыстан қайралған жігіттердің бірі – Мұхтархан өмірі жеңілмеген кубалықты алып ұрса, Бекзат барлық қарсыласын басым ұпаймен ұтып шықты...

Ал бүгін ше? Бүгін жарты Қазақстанды су басып, қабырғамыз қайысып отыр. Жауаптылардың түрлі сылтауын, ақталуын естіп болдық. Бірақ алдын ала қамданған нақты іс-әрекеттерін көрмедік.

Кешелі бері әлеуметтік желіде Атырау облысының Миялы ауылындағы жағдай қызу талқыланып жатыр. Рас болса, ауылдың баскөтерер азаматтары жергілікті атқарушы биліктің қыр соңынан қалмай алда қиындық туғызуы мүмкін қарғын судың қаупін сейіл­туге ерте қамданған екен. Миялының төбесіндегі құс ұшар биіктен түсірілген бейнетаспадан бұл ауыл құдды бір теңіздің ортасында орналасқан ба дерсің. Ауылды қоршай, анталап тұрған тасқын судың дамбадан сызат таппай тұрғаны ауылдың ынтымақ-бірлігінің, азаматтарының табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрған жасын мінезін әйгілеп тұрғандай екен.

Алда көктемнің жер қыздырып, тірші­лікке жан бітірер жылы күндері келе жатыр. Ал алты ай бойы қыс құрсауында жататын Алтай жақта тоң әлі жібіген жоқ...