Пікір • 03 Сәуір, 2024

Ұлық мерекенің мәні

147 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қайраткер тұлға Амангелді Айта­лының «Алтын Орда» газетінде (19 наурыз, 2009 жылы) жарияланған сұхбатында: «Отаршыл идеология 1 қаңтарды Жаңа жыл ретінде са­намызға терең сіңірді. Қазір көп­шілік халық 22 наурызды күткеннен гөрі 1 қаңтарға аса мән береді. Бұл – санаға сіңген дәстүрдің күштілігі. Енді осы қалыптасып, санаға сіңісті болып кеткен дәстүрді өмірден, психология­мыздан қалай шыға­рып, Наурызды тойлауға көше­міз?», деген еді.

Марокко елінің тарихшысы Абдулла Лаури өзінің ағылшын тілінде жарық көрген еңбегінде: «Отарлаушылар менің ішкі жан дүниемді тонады. Мен басқаша ойлай алмаймын. Өзімді азат, тәуелсізбін деп ойлағанның өзінде біреу жан-жағымнан анталап, қаумалап, еңсемді басып тұрғандай сезімде өмір сүремін», дегені (А.Лаури. Арабтардың қазіргі идео­логиясы. Париж, 1967) сияқты басқыншы идеологияның салдары халық санасында ұзақ уақыт сақталады екен.

Негізінен алғанда, байырғы ұлттық жаңа жылымыз – 22 наурыз. Сөйте тұра оны әлі күнге шейін 1 қаңтардан оздыра алмай отырмыз.

Ақиқатын айтар болсақ, 1 қаңтар 1699 жылы І Петр патшаның жарлығымен Иса пайғамбардың туған күні ретінде белгіленіп, бірте-бірте Ресейдің губернияларына, одан кейін Еділ бойы халықтарына «Жаңа жылдың басы» ретінде тарады. Ал қазақ халқы 1926 жылға дейін аталған мерекені тойлаған жоқ болатын. Кейінірек қалыптасты. Қазір барлық ұлттық-ғұрыптық мерекелеріміз жаңа жылдың көлеңкесінде қалып жатыр. Тіпті басқасын айтпағанда, Тәуелсіздік күнінің өзі де.

Мемлекет басшысының «Төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деген себебі де сол. Наурыз мейрамын тойлаудың мазмұнын ұлттық, заманауи тұрғыдан байыта түсуіміз керек. «Орыстың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді. Біздің жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болғандықтан шын мағынасында «Жаңа жыл» деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденетін кез» («Қазақ» газеті, 1913 жыл, 9 наурыз (март), № 5) деп Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы жазғандай, ең алдымен ұлыстың ұлық мейрамын әуелі жан жадыраған көктем мерекесі ретінде танып, келесі кезекте оның ежелден келе жатқан мазмұндық мәні «татулық мейрамы» екенін ескеріп, бұл күн араздасқандар татуласатын, өкпелескендер кешірісетін күн ретінде бұқараның санасына шегеленуі керек.

Одан кейін еліміздің батыс өңір тұрғын­дары Көрісу күнін тойлайды. Жасы кіші адам­дар жасы үлкен қарияларға арнайы барып сәлем беріп, батасын алатын дәстүр ежелден бар. Бұл дәстүрдің түп-төркіні сонау сақ-ғұн заманында болғаны хақында Қытай деректерінде айтылады. Демек осы дәстүрдің мәнін жаңғыртып, «жасы үлкендерге құрмет көрсететін күн» ретінде неге қалыптастырмасқа.

Расын айтсақ, осыған дейін Наурыз мере­кесі киіз үй тігу немесе көже ішудің аста­рында қалып келгені белгілі. Халық жалы­ға бастады. Қалай да жаңармаса болмайды. Ол үшін ұлық мейрамның ұлттық тұжырымдамасы жасалып, оның идеясы әдебиет, тарих сабақтарына қосымша пән ретінде орта мектеп бағдарламасына енуі қажет. Осылай ұрпақ санасына сіңірген жағдайда ұлық мейрамның мәні арта түседі. Наурыз тойы – шын мәнінде ұлттық-ғұрыптық мейрам. Оны науқаншылдыққа айналдырмай, байыпты түрде тойлайтын болсақ, Наурыз бұқара санасын отар­сыздан­дыратын, халықтың басын біріктіретін бірден-бір мейрам болары анық.