Бокс • 04 Сәуір, 2024

Олимпиада: Саттарханнан Сабырханға дейін

42 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

20 жасында Сидней Олимпиадасында алтын медаль олжалаған оғланның ұлы арманы осы биігіне үш мәрте көтерілу болатын. Оған Бекзаттың жасы да, әлеуеті де жететін еді.

Олимпиада: Саттарханнан Сабырханға дейін

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ғасыр тоғысындағы жазғы Олимпия ойындарында бокс­шылар 12 салмақ дәрежесінде сынға түсті. Тұрсынғали Еділов баптайтын ұлттық құрама боксшылар жеті салмақта ғана жолдама иеленді. Жеті жам­поздың төртеуі Олимпиаданың финалына шықты. Қазақ спортының тарихында бұған дейін де, одан кейін де Олимпиаданың финалына төрт бірдей боксшымыз жете алған емес. Рас, 2016 жылы Рио жазғы Олимпия ойындарында үш боксшымыз финалға шығып, 1 алтын, 2 күміс медаль бұйырды.

Бекзат 2000 жылы Сидней Олимпиа­дасына аттанғанда ересектер сапына енді өткен шағы еді. Тіпті ел чемпионатында 57 кг салмақта жеңіске жетпесе де, бапкерлік құрам қаршығадай ұлдың қиядан қағып түсер қыран мінезіне сенді. 1998 жылы Аргенитаның Буэнос-Айрес қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпио­наты түңлігін түрді. Финалдық додаға дейін барлық қарсыласын еркін еңсерген 18 жастағы Бекзат украиналық Сервин Сүлейменовке есе жіберіп, күміс медальды місе тұтты. Араға екі жыл салып қазақтың ұлы әлемді теңселтерін төрткүл дүние түйсіне қойған жоқ ол кезде. Өзге тү­гіл өз елімізде де Бекзат Саттархановтың Олимп шыңына шығатынына сенгендер аз еді.

Сиднейде өткен Олимпия ойындарына 57 килода 32 боксшы келген. Алғашқы айналымында румын Овидиу Бобирнатты 11:5 есебімен еңсерді. Екінші айналымда оңтүстікафрикалық Джеффери Матебуланы да ірі есеппен (16:5) ығыс­тырды. Ширек финалдық айқаста Еуропа чемпионы, 65 миллион түрік халқы үміт артқан Рамазан Палианиді 12:11 нәтижесімен жеңіп, рингтегі қарсыласын еңіреткенде етегін жасқа толтырды. Жаз­ғы Олимпия ойындарына алғаш рет қа­тысқан жиырмадағы жампоздың төр­тінші жекпе-жегі марокколық Тахар Тамсаманиге қарсы өтті. Жеңсе – финал! Соңғы раундтың гонг үні естілгенде 22:10 есебі тіркелді. Финалда қарсыласы әлем чемпионатында топ жарып, алтын медаль еншілеген Рикардо Хуаресті де ірі есеппен ұтты: 22:14.

Бекзаттың феномені сол – ол Сидней Олимпиадасында Хуарестен бөлек, әлем чемпионатының екі бірдей жүлдегерінің мысын басты. Овидиу Бобирнат пен Рамазан Палиани де 1999 жылы Хьюстонда қола жүлдегер атанған, сыралғы боксшылар еді.

Ел спортының тарихында бокстан қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханның орнын осы салмақта боксшыларымыз қан­шалықты бүтіндеп, сенімді ақтап келеді дегенге қатысты бірер сөз. Афи­ны Олимпиадасында 57 кг салмақта Галиб Жафаров ширек финалда сүрініп, 5-орынмен аяқтаса, Бейжіңде де Жафа­ровқа сенім артылған, 28 боксшы арасында 17-сатыға тұрақтады. Лондонда Қа­нат Әбутәліпов 9-орынмен шектелді. Рио Олим­пиадасында Қайрат Ералиев іріктеуден аса алған жоқ. Токио жазғы Олим­пия ойындарында Серік Теміржанов та ширек финалға жетпей сүрінді. Биыл Париж Олимпиадасында 57 кг салмақта әлем чемпионы, Махмұд Сабырхан жолдама олжалады. Махмұдтың да жасы – 22-де. Бекзат Саттархан салған соқпақтың сорабымен Олимп шыңына шықса, одан кейін сол биігіне екі, үш мәрте ат шалдырса екен дейміз. Елдің тілегі – осы.