Тағзым • 12 Сәуір, 2024

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл: Естеліктер сыр шертеді

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаныш Сәтбаев туралы естеліктер көп, барлық естеліктердің тоғысқан ортақ өзегі – әлемдік дәрежедегі ғалым әрі биік адамгершілік иесі болғандығын айтады, қайталанбайтын ғажайып тұлға болғандығынан сыр шертеді. 12 сәуір қазақ халқының ғылымына өлшеусіз үлес қосқан Қаныш Сәтбаевтың туған күні, 125 жылдық мерейтойы. Осы орайда шәкірті, Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібековтің және айтулы ғалымның немере жиені Әлішер Қоғабаевтың естеліктерінен ықшамдап, тақырыпшалар қойып, ұсындық.

Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл: Естеліктер сыр шертеді

Фото: satbayev.universitykk

Досмұхамед Кішібеков естеліктерінде әйгілі ғалымның үш қырына тоқталады:

Бірінші қыры: әрине, үлкен ғалым

«Білімімен және көрегендігімен бүкіл кеңес одағын мойындатқанын айта кету керек. Жезқазған өндіріс орнын ашу үшін үкімет қаулысы қажет болған екен. Қаныш Сәтбаев осы мәселені қолға алып, Одақтың ауыр өнеркәсіп наркомы Орджоникидзеден қабылдауды сұраған. 1936 жылы 31 желтоқсанда сағат 18:00-де қабылдауға кірген Сәтбаев түнгі бірге дейін тілдесіп, ғалымның білімділігі мен көрегендігіне разы болған Орджоникидзеден қаулы шығартып алған екен», дейді шәкірті. 

«Екінші қыры: ғылымды ұйымдастырушы адам

«Бүкіл одақ бойынша мықты ғалымдарды және қазақтың маңдайға ұстар азаматтарын жинап, ғылым академиясын ашқаннан кейін, сол ғалымдардың орнын басатын буын дайындады. Ол кісінің алдына аспирантураға түсерде бардым. Ол кезде елімізде зертхана және өзге де қажетті дүниелер жоқ еді. Сондықтан бізді Мәскеуге жіберді, мен сол 25 адамнан құралған алғашқы лекте болдым. Ол кісінің мықты тұстарының бірі – адам тани білетін, сондықтан шәкірттерінен белгілі ғалымдар шықты», дейді Досмұхамед Кішібеков.

Үшінші қыры: өте беделді болса да, кішіпейіл еді

«Мәскеуге барғанымызда Малая бронная көшесінде үлкен жатақхана болды аспиранттар үшін. Үлгермей қалған екенмін, орын болмады. Қаныш Имантайұлы бізді КСРО Ғылым академиясын басқарған Сергей Иванович Вавиловқа тапсырған. Содан Вавилов мені Мәскеудегі ғылым академиясының қонақүйіне орналастырамын деді. Мен бармаймын, ондай ақшам жоғын айттым. Болмай сонда орналастырды, бір тиын да төлеткен жоқ. Аспирантура бітіргенше тегін тұрдым. Бір қызығы Вавилов 21 жылы қайтыс болды, ал мен ол қонақүйде 53 жылы оқуым аяқталғанша тұрдым. Бұл Вавиловтың сөзін құрметтеу, Қаныш Сәтбаевтың беделі деп есептеймін», дейді Д.Кішібеков.

Манас Жантекеев

( Фото: © Манас Жантекеев)

Әлішер Қоғабаевтың естеліктерінен:

Алған білімдерім үшін Әбікей Зейінұлына өмір бойы қарыздармын!

Қаныш Сәтбаевтың үш бауырының (біреуі туған, екеуі ағайындас) бірі – Әбікей Зейінұлы Сәтбаев – халық ағарту ісінің көрнекті қайраткері, «Алашорда» ұлт-азаттық қозғалысының белсенді мүшесі. Ол Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және басқа да көрнекті қайраткерлерімен үзеңгілес болды. Қаныштан 18 жас үлкендігі бар Әбікейдің қызметі кіші інісіне көп әсер етті. Анкеталардың бірінде Қаныш Имантайұлы былай деп жазған: «Алған білімдерім үшін үлкен ағайыным, зиялы қауым өкілі Әбікей Зейінұлы Сәтбаевқа өмір бойы қарыздармын деп білем».

Әлішер Қоғабаев

( Фото: satbayev.universitykk. Қаныш Сәтбаев өз отбасымен бірге)

Сол оқиғадан кейін Томск қаласына оқуға кетті

20-жылдардың ортасында Қаныш Имантайұлы Баянауыл қаласындағы 10-учаскенің халықтық қазылар алқасы болып істеп жүргенде оған Есімбай атты бір бай адамды соттауға тура келеді. Оған шығарылған сот үкімін – 10 жылға бас бостандығынан айыру қажеттігін хабарлаған кезде бай кенеттен қатты күліп жібереді. Жас Қаныш одан:

– Ақсақал, не үшін күлдіңіз? – деп сұрайды. Сонда Есімбай:

– Қанышжан, маған 10 жыл бергеніңе мың алғыс, сөйтіп сен менің өмірімді тағы да 10 жылға ұзартып отырсың. Қазір менің жасым 70-те, мен сенің әкең Имантаймен жастымын. Әкеңе менен сәлем айт, – деген екен.

Осы жағдайдан кейін Қаныш көп ойланып, ақыры үлкен ағасы Әбікейдің айтқан ақылымен Томск қаласына оқуға кетеді.

Қазақстанның металлогениялық ғылымының негізін қалады

Өмірінің соңына дейін ғылымды өте жоғары бағалаған Қаныш Имантайұлы Қазақ тау-кен металлургия институтының қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты, көп жылдардан кейін ол Сәтбаев университеті атанып отыр. Көптеген ғұлама ғалымдармен бірлесе отырып, Қазақстанның алғашқы техникалық жоғары оқу орнының жұмысына қолдау көрсетіп, оның одан әрі дамуына септігін тигізіп отырды. Аталған институттың ғалымдарымен үнемі тығыз байланыста болып, Қазақстанның металлогениялық ғылымының негізін қалады. Оның басқаруымен Орталық Қазақстанның болжамды металлогениялық картасы жасалды.

Бұл қазақ даласынан келген мыс

1947 жылы Қаныш Сәтбаев бірнеше ғалымдармен бірге Англияға барады. Сондағы үлкен бір мұражайдан ол таза мыстың ат басындай сынығын көреді. Бұл мыс мұражайға африкалық кен орнынан табылған кен ретінде қойылған екен. Қаныш Имантайұлы оның Жезқазған мыс кенінен табылғанын бірден түсінеді, алайда мұражай қызметкерлерімен салғыласпайды. Олардан лупа сұрап алып, мыстың сынығын әбден қарайды. Ондағы ұсақ-ұсақ құмдардың ізін көріп: «Бұл қазақ даласынан келген мыс», дейді. Ертеңіне мұражай қызметкерлері өз қателіктері үшін ғалымнан кешірім сұрайды.

Үш Алтын жұлдыз менікі емес, Қаныш Сәтбаевтікі.

Жазушы Медеу Сәрсекеев Сәтбаев туралы зерттеу жүргізіп, материалдар жинаған кезінде ауыр машина жасау министрі, КСРО-ның үш дүркін батыры Ефим Павлович Славскиймен кездескенін былай деп еске алады.

Бірде Ефим Павлович өз кеудесіндегі үш Алтын жұлдызды нұсқап:

– Мұның біреуі менікі емес, ол Қаныш Имантаевич Сәтбаевтікі. Бұл Маңғышлақ түбегінде кен орындарын ашқанымыз үшін берілген. Сол жаққа баруымыз керек деп, Қаныш Имантаевич айтқанынан қайтпай, тұрып алған еді. Нәтижесінде біз ол жерден уранның көптеген кенін тауып алдық. Сол үшін де КСРО үкіметі бізге осы сыйлықты берген еді, – дейді.

 

Қаныш Сәтбаевтың геологиядан басқа, мәдениет пен тарих саласы бойынша жазып қалдырған еңбектері бар. Ол Жезқазған мен Ұлытау өңірінен этнографиялық мұраларды жинап, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» еңбегін жазған. Шоқан Уәлиханов қағазға түсіріп алған «Едіге жырының мәтінін араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайта дайындаған. Қазақ орта мектебінің бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған алғашқы «Алгебра» оқулығын жазып шығады. 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына халқымыздың музыкалық мұрасының інжу-маржаны есептелетін 25 әнді өзі орындап, оларға орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізген екен.