Су тасқыны • 16 Сәуір, 2024

Екінші толқынның екпіні алаңдатады

162 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде су деңгейі әзірге ала-құла. Әсіресе солтүстікте жағдай әлі де күрделі. Кей жерлерде су деңгейі түскенімен, Жайықтың Ресейден келе­тін арнасы алаңдатып отыр. Қыр астында қызыл су барын күн бұрын бағам­даған ел қауіптің алдын алуға жұмыла қам-қарекет қылып жатыр. Алайда мамандарды негізгі елеңдетіп отырғаны су тасқынының екінші толқыны.

Екінші толқынның екпіні алаңдатады

Жедел іс-шаралар жөні

Су тасқыны кезінде ұзын-саны 107 465 адам, оның ішінде 38 627 бала қауіпсіз жерге көшірілсе, 11 786 адам үйіне оралды. Уақытша орналасу бекет­теріне 7 598 адам, 3 288 бала орна­ласты. Кейінгі мәліметтерге сүйенсек, авария­лық-құтқару жұмыстарында 32 484 адам, 3 709 техника, 14 әуе кемесі жұ­мылдырылған. Тасқынның жолын қол­дан келгенше бөгеп, арпалысқанмен Аты­рау, Ақтөбе, Ақмола, Қоста­най, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан об­лыстарында 4 870 жеке тұрғын үй, 1 517 аула, 2 035 саяжай су астында қал­ған. Осы аралықта «Жедел желіге» 1 667 қоңырау түссе, мамандар 123 азаматқа шұғыл психологиялық көмек көрсетті.

Қазір 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істесе, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 төтенше жағдайлар қызметінің маманы жедел қызметке жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі су басқан өлкелердің тұрғындарын аса мұқият болуға, тасқын кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтап, үйден, эвакуация­лау пункттерінен рұқсатсыз кетпеуге шақырып, ескертеді.

Бүгінде су астында қалған өңір­лер­де 66 медициналық пункт жұ­мыс істеп тұр. Онда медицина мамандары мен пси­хологтердің кезекшілігі ұйым­дастырылған. Дәрі-дәр­мек пен медициналық бұйым­дардың қоры жеткілікті. Төтен­ше жағдай режімі жария­лан­ған барлық өңірде 309 жүкті әйелдің денсаулығын дәрігерлер бақылап отыр. Осыған дейін су басқан аймақтарда 253 әйел босанған. Эвакуациялық пункт­терде 5 300-ге жуық бала бар болса, оның ішінде 71 бала стационарлық көмек, 87 бала амбулаториялық ем алады. Осындай пункттер­де медициналық және психо­ло­гиялық көмек көрсету үшін 1 116-дан аса медицина қыз­мет­кері, оның ішінде 278 дәрігер, 838 мейіргер, 79 психо­лог тартылған. Санитарлық-эпи­де­миялық бақылау мақ­са­тында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде ауызсу сапасына тұ­рақ­ты бақылау жүр­гі­зі­ліп ке­­леді.

 

Шығындардың орны толады

Су тасқынынан бү­лінген үйлерді қалпына кел­тіру жұмыстарын үйлестіру үшін жедел топтар құрылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық нысандарын қалпына келтіруге қатысты шаруаларды үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған бірінші жедел топ бірер күн бұрын ғана Ақтөбе облысына барған. Министр ізінше Ақмола және Қостанай облыстарына да сапарлауды жоспарлапты. Ал Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков бастаған 2-жедел топ Павлодар, Абай облысына барған. «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қуандық Қажкенов жетекшілік еткен 3-топ Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарына аттанып, жалпы ахуал­дан хабар алды. Жедел топтың құрамында Ауыл шаруашылығы, Көлік, Денсаулық сақтау, Су ресурс­тары, Төтенше жағдайлар, Экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, Үкімет аппаратының аймақтық инспекторлары да бар. Мысалы, олар Ақтөбе облысына жасаған сапарда су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй салуға деп әкімдік бөлген жер телімдерінің жай-күйін тексерді. Әкімдік таратқан ақпарат бойынша бо­йынша өңірде 436 дайын жер бар. Оның ішінде Ойыл ауданында – 321, Қобда ауданында – 77, Әйтеке би ауданында – 22, Темір ауданында – 10, Ақтөбе қаласында 6 жер бар екен. Қанат Шарлапаев өңірлерде жергілікті кәсіпкерлермен, құрылыс ком­панияларының басшыларымен кездесуді ұмытпай, қалпына кел­тіру жұмыстары бо­йынша жос­парларды талқылаған.

 

Ескертуді елеусіз қалдыруға болмайды

«Қазгидромет» РМК-ның хабарлауынша, атмосфералық фронттардың салдарынан елдің басым бөлігінде жаңбыр жауады. Оңтүстік-шығыс пен оңтүстіктің таулы аймақтарында жаңбыр молынан түссе, солтүстіктегі өлке­лер­де түн жауын-шашынды болады. Бірнеше өңірде тұман, жел күшейіп, еліміздің оңтүстігінде дауыл болады деген болжам бар.

«Төрт облыс бойынша гид­ро­логиялық дабылды ескерту сақталады. 16 сәуірге дейін Алматы облысында қар көшкіні бойынша ескерту жарияланды. Абай облысы мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша да дабылды ескерту бар. Мұнда ағындар пайда болып, өзендерде су деңгейі көтерілуі ықтимал. Қостанай об­лысының солтүстік және сол­түстік-шығысындағы өзендерде 17 сәуірге дейін су деңгейінің көтерілу қаупі бар. Сондай-ақ Жамбыл облысындағы таулы және тау бөктеріндегі аудандарда 16 сәуірге дейін көлбеу ағын қалыптасып, өзендерде су деңгейі көтерілуі мүмкін», деп хабарлады «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.