Қаржы • 16 Сәуір, 2024

Онжылдықты жоғалттық па, жоғалтпадық па?

121 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жақында (ДБ) 2012-2022 жылдарды Қа­зақ­стан экономикасы үшін «жо­ғалған онжылдық» деп атады. Дәл осы жылдары елде үде­ме­лі индустриялық-инно­вация­лық даму және бас­қа да көп­теген бюджеттік бағдар­лама жүзеге асырылды. ДБ са­рапшылары бұл бағдар­лама­ларға триллиондаған теңге жұм­сал­ғанын айтып, «пайдасыз шы­ғынға кім кінәлі?» деген сұрақты төтесінен қойып отыр. Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов Дүниежүзілік банк көзқарасымен келіспейтінін айтты. Тәуелсіз сарапшылардың пікірі екіге жарылды.

Онжылдықты жоғалттық па, жоғалтпадық па?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

ДБ не айтты?

Дүниежүзілік банк сарапшылары атап өткендей, Қазақстан бірқатар нарықтық реформаны табысты жүргізді, ол 2008 жылға дейін өз жемісін берді де. Бірақ кейін экономика өсімі бәсеңдеп, 2012-2022 жылдары әртүрлі компания­лар өнімділігі өсуінің баяу­лауы жылына 4,5%-дан 0,9%-ға дейін тіркелді. Ал тәуелсіз сарапшылар кей­бір оли­гархиялық топтардың эконо­микамызға тырнағын қаттырақ батыратыны нақ сол 2012 жылдардан басталатынын айтады.

Халықаралық сарапшылар 2012-2022 жылдар аралығында қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар жағдайды нашарлатып жіберді деп есептейді.

«Kusto Group» басшысы Еркін Тәтішев CFO Summit-те соңғы 10 жыл (2021-2022 жылдар) экономиканы дамытқысы келе­тін бизнес-элита үшін де босқа кет­ке­нін айтты. Оның сөзінше, ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) деңгейі үш есе өскен кезде әлеуметтік теңсіздік те үш есе өсіп, 40 мил­лион халқының жартысы қалада, жар­­ты­сы далада тұратын Аргентинаның жолын Қазақстан қайталауы әбден мүмкін.

«Қазір халық саны 10 мыңнан асатын ауылдардың қалаға айналу мүмкіндігі мемлекеттік деңгейде қарастырылып жатыр. Біз жаңа қалалардың пайда болуымен шектеліп қалмай, аймақтардың бір-бірімен бәсекелесіп отырып дамуы­на басымдық беруіміз керек. Ша­ғын елді мекендерді дамыту үшін олар­дың аймақтық ерекшеліктері көрсе­тілген жеке саясат, бәлкім, бөлек салық­тық ұсыныс болуы керек шығар. Біз соңғы шешімді аймақтардың бәсе­ке­ге қабілеттілігіне қарай отырып қабыл­дауымыз керек», дейді Е. Тәтішев.

Айтуынша, экономиканы дамыту үшін бәсекеге қабілетсіз ойыншыларды алып тастау керек. Ішкі нарықта ойын ережесі әділ болса нарық әлсіз ойыншылардан тазарып, мықтыларын жарыққа шығарады.

Сарапшы айтып өткен келесі мәселе – адам капиталы. Оның айтуынша, бюджетіміздің асқазаны бос болса да, адам капиталына инвестиция салуды кейінге қалдыруға болмайды. Осы ба­ғыттағы ақтаңдақтар бизнес пен би­ліктің әріптестігі, бизнестің әлеу­мет­тік әріптестігі сынды салмақты бас­та­­малардың бастапқы маңызын ұмыт­­­тырып жіберді дейді. Мысалы, кәсіп­­­кер осы бастама бойынша бір жобаны қолға алу үшін оған 3 жыл бойы құжат дайындауға тура келетінін де қаперге салып өтті. Оның айтуынша, қазақ бизнесінің 40 пайызы Алматы мен Астана, Ақтау тәрізді ірі қалаларда шоғырланған.

«Бұрынғы Үкімет негізінен дағда­рысқа қарсы күн тәртібімен айналыс­ты, күрделі мәселелерін шешуден гөрі, сын-қатерлерге көбірек жауап берді. Биз­нес те, қоғам да жаңа Үкімет құ­ры­лымдық реформалар жүргізіп, ел эко­но­­микасының игілігіне жұмыс істейді деп күтіп отыр. Орталық бюджетке тәуелді аймақтардың екінші тынысын ашу үшін мемлекеттік бағдарламалар емес, қарапайым шешімдер жеткілікті. Бизнес өкілдерінің табиғаты спортшылармен ұқсас. Қазақ бизнесмендері кез-келген ортада айналысатын кәсіп көзін тауып алады. Егер атмосфера дұрыс болса, бизнестің екінші тынысы ашылады. Дүниежүзілік банк өз баяндамасында айтып өткен «жоғалған онжылдық» – менің де өмірімнің жоғалған онжылдығы. Бұл бірдеңе жасағысы келетін белсенді адамдардың жоғалған онжылдығы. Біз жіберіп алған мүмкіндіктің орнын толтыру үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашуымыз керек. Өз жерімізде тұрып жатырмыз, тиісінше экономиканың барлық сегментінде белсенді болғаннан басқа амал қалмады», дейді Е.Тәтішев.

Оның пікірінше ел экономикасының өркендеуіндегі екінші маңызды қадам – ондағы мемлекеттің үлесін азайту. Мемлекетке қарағанда жеке қаражатына тәуекел еткен инвестордың мотивациясы әлдеқайда жоғары. Сондықтан жаңа өндірісті қаржыландырудың бар­лық бағдарламасы бірінші кезекте мемле­кеттік қолдауға емес, жеке бизнеске арқа сүйеу керек деген ой айтады.

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, экономикамыз дертті: то­лыққанды сауығуы үшін оның себеп-салдарын білуіміз керек.

«Осыдан оншақты жыл бұрын біздің ел солтүстіктегі көршіміз тәрізді голланд ауруын бастан кешті. Мұнай мен газ экспортының өсуімен рубль мен тең­ге қымбаттады, бұл шикізаттық емес экс­портқа теріс әсер етті. Шынын айтсам, экономикамыздың дерттен сауыға бас­тағанын білдіретін белгілерді көріп тұр­ған жоқпын. Егер экономикадағы құры­лымдық өзгерістерді бүгін баста­масақ, 2032 жылы билік басында болған тұлға­лар қазіргі әнді «басқаша айтады», ол кезде «2012-2032 жылдардағы жо­ғал­­­ған жиыр­мажылдыққа» себеп болған факторларды талдауға тура келеді. Эко­но­микамыздың өлшемін доллармен салмақ­тауды тоқтату керек. Біз тәуелсіз елміз, ішкі жалпы өнім ұлттық валютамызбен есептелуі қажет. Табысымыз теңгемен, бағамыз теңгемен өлшенсін. Дүниежүзілік банктің Қазақстанның жоғалған онжылдығы туралы есебі елге өзгерістер мен реформалардың қажет­тілігі туралы белгі береді. Ел өмірінің әртүр­лі саласындағы жүйелі өзгерістер мен жетіл­дірулер арқылы ғана шын мәніндегі тұрақ­ты дамуды күтуге болады», дейді А.Құсайынов.

 

Ұлттық экономика министрлігі не дейді?

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов ақпан айының соңында Сенатта өткен брифингте ДБ мәлімдемесіне «шамадан тыс бағаланған» деп баға берді.

«2020-2022 жылдардағы пандемия­лық дағдарыс кезінде сыр берген эконо­микамыз 2023 жылдан бастап қайта ес жиды. Өткен 2023 жылы 5,1 пайыз­дық экономикалық өсу деңгейіне қол жеткіздік. Биылғы өсімді 6 пайыздық деңгей­де күтіп отырмыз», деді вице-министр.

Біз министрліктің атына қосымша са­уалдар жолдап, төмендегідей жауап алдық. ҰЭМ баспасөз қызметінің бізге берген жауабында айтып өткендей, көрсетілген кезеңді «жоғалған онжылдық» деп атауға болмайды.

«Он жыл ішінде ІЖӨ көлемі 2012 жылғы 31 трлн теңгеден (208 млрд доллар) 2022 жылы 103,7 трлн теңгеге дейін өсті (225,3 млрд доллар болды). Нақты мәнде экономика 10 жылда (2012-2022 жылдары) 40,7%-ға өсті. ІЖӨ құрылымында өнеркәсіптің өсуі 24,5%-ды құрады, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі (45,4%) тау-кен өндірісіне (13,5%) қарағанда жылдам өсті. Құрылыс саласы нақты мәнде 102,9%-ға өсті. 10 жыл ішінде ІЖӨ құрылымында сапалы өзгерістер болды. ІЖӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2012 жылғы 11%-дан 2022 жылы 13,4%-ға дейін артты. Сыртқы сауда айналымы 2022 жылы рекордтық 135,5 млрд долларға жетті. Аталған кезеңде 252,2 млрд доллары тікелей шетелдік инвестиция тартылды, оның ішінде 150,8 млрд доллары шикізаттық емес секторға (тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу жоқ) бағытталды. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2012 жылғы 5,5 трлн теңгеден 2022 жылы 15,3 трлн теңгеге дейін өсті. Нақты мәнде 10 жылдағы өсім 80,5%-ды құрады. Ұлттық қордың активтері 2022 жылдың соңында 55,7 млрд долларды құрап, 2011 жыл­дың аяғынан бас­тап 12,1 млрд доллар­ға (43,6 млрд доллар) өсті», делінеді жауапта.

ҰЭМ хабарлауынша, халықтың нақты ақшалай табысы 10 жылда 38,1%-ға, нақты жалақы 39,5%-ға өсті. 10 жыл ішінде жұ­мыс­пен қамтылғандар саны (2012 жылдан 2022 жылға дейін) 464 мыңнан аса адамға артып, 2022 жылы 8,9 млн адамды құрады. Жұмыссыздық деңгейі 2012 жылғы 5,3%-дан 2022 жылы 4,9%-ға дейін төмендеді.

«Шағын және орта кәсіпкерлік белсенді дамыды. Экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 17,1%-дан 35,1%-ға дейін өсті. 2022 жылдың қорытындысы бойынша секторда жұмыспен қамтылғандар саны 4,1 млн адамға жетті (2012 жылы – 2,4 млн)», деп мәлімдейді министрлік.

Ұлттық экономика министрлігі алаң­дауға негіз жоқ, барлық жағдай бақылауда десе, бизнес өкілдері мен экономистер 30 жылда жасай алмаған істі 5 жылда жүзе­ге асыру қиын екенін айтып, дабыл қаға­ды. Олардың пайымынша, саяси жігер мен қосымша инвестиция қажет: Билік пен бизнес арасындағы әріптестік туралы бұрыннан айтылып келе жатқан ұсы­ныс бәсекелестік жағдайында қайта жал­ғасын тапса игі. Сонда ғана 2032 жылы «жоғалған жиырмажылдықты» жоқта­майтын боламыз.